Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлік деңгейде инновациялық экожүйені кеңейтудің маңызын атап өтті.
Шымкентте ІТ Hub ашуға мүмкіндік көп
187
оқылды

Astana Hub тәжірибесін кеңінен насихаттап, оны өңірлерде дамыту міндетін қойған болатын. Өңірлік хабтар ұйымдастыру аймақтарда IT саланың дамуына жол ашады.

Осы бағытта Шымкент қаласының көрме орталығында Google Devoloper Groups тақырыбында ІТ конференция өтті. Конференцияға мегаполистегі стартап жобалары бар жоғары оқу орындары, сала бойынша білім алып жатқан студенттер, жалпы ІТ саласына қызығатын көпшілік қатысты. 

Бүгінде Шымкент қаласы бойынша 30-ға жуық ірі IT компаниясы жұмыс істейді. 

– Өңірлік ІТ саласын дамытуға ықпал ету, ақпараттық технологиялар саласында тәжірибе, білім және идеялар алмасу үшін конференцияның маңызы зор. Сонымен қатар ІТ мамандарын, жоба әзірлеушілерді, кәсіпкерлерді және мемлекеттік қызмет­кер­лерді біріктіру мен цифрландыру саласына қызығушылығы бар жастарға бағыт-бағдар беру де – басты мақсатымыз. Келешекте Шымкент қаласында өз ІТ орталы­ғын ашсақ дейміз, – дейді Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов. 

Жиында Тolem taxi өнімінің өкілдері өз өнімдерін таныстырды. Өңірдегі көліктік саланы цифрландыру жүйесі бойынша тәжірибелерімен бөлісті. 

Сонымен бірге басқа да түрлі мобильді қосымша мен автоматты басқару бойынша тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылды.

Назгүл НАЗАРБЕК,

 Шымкент қаласы