Рас, егемендік таңынан кейін өшкеніміз қайта жаңғырып, жоғалғанымыздың бір бөлігі табылғандай болды. Міне, сондай құнды дүниелеріміздің бірегейі – Алаш ардақтысы Тұрар Рысқұловқа қатысты тың деректер.
Жамбыл облысының мемлекеттік архивінде бүгінде «Совет өкіметін орнатушылар» қорында Тұрардай тау тұлғаға қатысты біршама құжат жинақталған. Ол жерде түпнұсқа құжаттарымен қатар, Ташкент, Шымкент архивтерінде сақталған тың мұралардың көшірмелері де сақталған. Рысқұловтың өз қолтаңбасы Әулиеата уездік атқару комитеті қорының құжаттарында 1920 жылға дейін жиі кездеседі. Оның ішінде 1919 жылы ашаршылыққа тап болғандарды аман алып қалу мақсатында қоғамдық асханалар құру туралы да тапсырмалық құжаттары бар. Ташкентте түпнұсқасы, ал өңір архивінде көшірмесі сақталған 1926 жылғы Наурыз мерекесін тойлау туралы бұйрық құжат тіпті теңдессіз қазына. Сондай-ақ 1915 жылы Ташкент педагогикалық училищесінде емтихан тапсырғанда жазған диктанты да қазір Тұрар Рысқұлов туралы жинақталған мұралар қорын молайтып отыр.
– Сол құжаттар арқылы біз Тұрардың жастық шағынан-ақ күрескер болған болмысын таныдық. Ең алғаш «Бұқара» қазақ-қырғыз жастарының ревалюциялық одағын құрғанын біліп, жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулетпен бірге архивтік ізденіс жұмыстарын жүргіздік. Бұл тақырып бойынша архивтегі үлкен еңбектің бірі – мұрағат құжаттарына шолу жасалды. Бүгінде ол шолу көпшілікке таптырмас құралға айналып, өлкетану бағытында мектеп ұстаздары интеррактивті оқулықтар дайындауда.
Ал Тұрар Рысқұловтың 50 беттік ғұмырнамасы – тарихшыларға теңдессіз олжа. Бүгінде ол құжат жіті зерттеліп, тарихшы-ғалым Ордалы Қоңыратбаев архив құжаттары негізінде Тұрардың күнделігін құрастырып, жарыққа шығарды.
Тұрардай тау тұлға туралы сөз қозғағанда жазушы Шерхан Мұртазаның есімі қатар айтылады. Өйткені Тұрардың биіктігін алғаш танытқан Шерағаның ізденісі еді. «Қызыл жебе» романында кездесетін Үсіп Сатыбалдин, Нұршанов, Сарымолдаев, Тоқбаев, Жанұзақов сияқты үзеңгілестері туралы деректерді алысқа бармай-ақ Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің құжаттарынан кезіктіруге болады. Ал Сатыбалдин тіпті Тұрармен бірге оқыған тұсын, «Бұқара» революциялық одағын құру сәттерін екі параққа естелік етіп қалдырған. Үсіптің жазуынша, көтеріліске Меркі орыс-түземдіктер мектебінің түлектері белсене қатысқан. Бұл жөнінде тұпнұсқасы Өзбекстан Республикасының орталық мұрағатында, көшірмесі Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағаттарында сақтаулы тұрған Тұрар Рысқұловтың партия қатарын тазалау науқанына байланысты және Сталинге жазып берген қысқаша өмірбаяндық жазбасында нақты әрі анық жазылған, – дейді Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамарова.
Осы құжатта Тұрар мектепті бітіргеннен кейін Меркіде соттың хат тасушысы болып жұмыс істегені айтылған. Одан кейін Пішпек ауылшаруашылық училищесін төрт жыл оқып бітіргені жазылған. Осы тұстағы ең қызықты мұрағат құжаты Тұрар білімін жетілдірмек мақсатта Самара орта ауылшаруашылық училищесіне құжаттарын тапсырады. Тұрар Рысқұлов естелік жазбасында: «Бір сөздің жалғауы дұрыс емес деп емтихан тапсырған 250 адамның арасындағы «жалғыз түземдік» екенімді де еске алмастан құлатып жіберді» деп жазып күйінген. Одан соң қазақтың біртуар азаматы Ташкент мұғалімдер институтына оқуға түскісі келеді. Алайда бұл жерде оның мұсылман баласы екені алға тартылып, оқуға қабылдамай қояды. Жамбыл облысының мұрағат мұрасына осы оқу орнына түсу үшін жазған диктантының көшірмесі жетіп отыр. Тарихи құжатта бір тыныс белгісінен қате жіберіп, «-5» деген баға алғаны көрсетілген.
Аяқтан шалып, оқуға әділетсіз қабылдамаған соң Тұрар Оқу-ағарту министріне арыз жазады. Алайда осы тұста 1916 жылғы дүрбелең басталып кетіп, Тұрар қайтадан Меркіге келіп, көтерілісшілер арасында түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын қолға алады. Бұл кезде Тұрардың жасы небәрі 22-де болған. Алайда тағы бір жазбаларға сүйенсек, Тұрар өз жасын біршама үлкейтіп жаздырғаны туралы айтылады. Демек, Ұлт-азаттық көтеріліс басталған кезде Тұрардың жасы 18-де болуы да бек мүмкін.
Бүгінде Жамбыл архивінде сақталып тұрған Тұрар Рысқұловтың қолжазба диктанты сөз жоқ, құнды мұра. Бала Тұрардың қолтаңбасы сүйсінтіп қана қоймай, сол тұстағы солақай саясат пен қазақ кешкен қиын-қыстау кезеңді аңғартып тұр.
Әрине, мұндай құнды мұралар өткен күннен сыр шертумен қатар, кейінгі ұрпақтың бойына патриоттық рухты ұялататыны анық. Әрі осындай тарихи ашылулар арқылы Тұрар туралы тағы тың деректер жарық көреді деген сенім мол.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы