Сыр өңіріне бұған дейін де талай рет табанымыз тиген. Бірақ Қорқыт ата кешеніне алғаш рет жол тарттық. Қызылордадан шыққан көлік Қармақшыға жүйткіп барады. Жолсерігіміз жүру ұзақтығы екі сағат деп айтқан-ды. Терезеден сыртқа – сары далаға қарап, ойға шомып келеміз.
Жолай Алма Қыраубаева апайымыз еске түсті. Ол кісі бізге 1-курста «Ежелгі әдебиеттен» дәріс оқыды. «Қорқыт ата кітабын» да алғаш ұстазымыз таныстырған еді. Апайдың құлаққа жағымды үні әлі күнге есімізден кетпейді. Ерекше әсермен дәріс оқитын. Тіпті, ұстаздың Қорқытты түркі халықтарына ортақ жәдігерлердің бірі, адамзаттың асыл мұрасы деп түсіндіргені де есте. Негізінен, батырлық жырлардың жинағы болып табылатын бұл жазбаның Дрезденде және Ватиканда сақталған екі нұсқасы бар екенін де айтқан еді. Қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Қорқыт ата кітабының» үшінші нұсқасы, яғни Дрезден нұсқасының көшірмесі саналатын Берлин нұсқасы бар екенін де айтады.
«Қорқыт ата кітабына» 12 жыр енген. Олар: Дерсе хан ұлы Бұқаш хан жыры, Салор Қазанның үйінің шабылғаны туралы жыр, Қам Бөрінің ұлы Бамсы Бейрек туралы жыр, Қазан бектің ұлы Ораз бектің тұтқын болғаны туралы жыр, Дұқа Қожа ұлы Делі Домрул туралы жыр, Қаңлы Қожа ұлы Қан туралы жыр және тағы басқа батырлар жыры бар.
Әбубәкір Диваев 1848 жылы Қорқыт ата мазарын алғаш суретке түсірсе, Қорқыт мәйіті Сырдария өзенінің бойына қойылғанын алғаш тұжырымдаған адам – ғалым Әлкей Марғұлан.
Қасиет пен арман
«Қорқыт ата кітабына» тағы бірде қайта оралармыз. Біздің бұл жолғы сапарымыздағы басты мақсат – Қорқыт ата кесенесін көру. Ерекше сәулетімен көзге түсетін баба кесенесі рухани дүниенің есігі іспетті көрінеді. Құба жолдың бойында сән түзеген алып ескерткіш көзге бірден ілігеді. Ары-бері өткен жолаушылар да кесенеге бір соқпай кетпесі анық.
Әлемге есімі белгілі Қорқыт ата мемориалды кешені Қармақшы ауданы Жосалы кентінің солтүстік-батысындағы 18 шақырым жердегі Қорқыт стансасына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан. Коммунистік партияның асқақтап тұрған шағында кешенді тұрғызуға атсалысқан жанның бірі – Елеу Көшербаев. Ол кезде аудан әкімі, кеңестік цензураның қатал сынына ұшыраса да, баба кешенін тұрғызуға ықпал жасаған жан. Сол үшін тіпті сөгіс те алған. Партия хатшылары баба мұрасын түгендеуге мүмкіндік бермесін білсе де, қайтпас қайсар жан қарсыласып бақты. Көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов бір естелігінде: «Елеу бауырым Қармақшыға хатшы болған кезінде ешкімнің айтуынсыз, көземелдеп көрсетпей-ақ Сырдың бойындағы тастақ төбенің басында Қорқыт атаға арнап ескерткіш орнатты. Онда үш қобыздың бауырына мыс түтік қойдырып, биік төбенің басын самал соққанда мыс түтіктерден қобыздың үні шығып сарнайтын еді. Қазір ол ескерткіш халықтық жәдігерге айналды» деп жазады.
Расында да, кеңестік кезең жұрт қобыздан да, қобызды тартқан адамдардан да өлердей қорқатын шақ. Қобызды бақсылар ғана тартты деп қабылдады. Ал дін өкілдерін мүлдем айттырмайтын, айтқызбайтын шақта Көшербаевтың мұндай керемет іске баруы көзсіз ерлік еді.
Сол кезде Қорқыт ескерткішін салған – Бек Ыбыраев пен С. Исатаев. Сәулетші Бек Ыбыраев өзінің бір естелігінде: «Қорқытқа ескерткіш қою жұмыстарының бәрі құпия түрде жүргізілді десе болады. Соның өзінде Көшербаевтың үстінен Орталық комитетке арыз келіп түскен. Елеу ағамыз жұмысты тыңғылықты жүргізгені соншалық, тіпті тексерушілердің өзі ештеңе таба алмағандай, бәрі дұрыс деп кеткен. Сонда да болса, сақтық керек, «мына партбилеттен айырылғым келмейді» деген еді маған. Менің жұмыстарыма өзі тікелей көмектесіп отырды. Менің қандай жұмыстармен айналысып жатқанымды ешкімге айтпауым керек болды» деген екен.
Ал шын мәнінде Ленин ескерткішін салу маңызды болған шақта Қорқыт атаға ескерткіш орнату сұмдық оқиға еді. Ол кезде хатшылардың басқан ізі аңдулы болатыны сөзсіз. Мұндай жандар Көшербаевты да елеусіз қалдырмады. Оның үстінен Орталық комитетке домалақ арыз жөнелтеді. Арыз барған соң міндетті түрде тексеру жүргізіледі. Тексерушілер бәрін көріп-біліп кетсе де, Көшербаев ештеңеден ықпастан, ескерткіш орнату жұмысын жүргізе берген.
Ескерткіштің ашылу салтанатын да солай жүргізді. Алматыдан ақын-жазушыларды алдырып, қазақ әдебиетінің күндерін өткізеді. Екі бірдей дін өкілі – Қорқыт ата мен Тұрмағамбет Ізтілеуовке ескерткіш қойып, соны әдеби қауымның алдында таныстырады.
Қазір сол ескерткіш жарты әлемді жалғастырып жатқан құла жолдың бойында, Сырдың жағасында жатыр. Айтса айтқандай-ақ, кешегі шағын тастақ төбе қобыздың үні сарнаған үлкен алаңқайға, көрсең көз тоятын алып мемориалды кешенге айналған. Одан сәл төменірек түссеңіз, дарияның бойы көрінеді. Алыстан Ақсақ қыздың ескерткіші де менмұндалайды.
Аңыз бен ақиқат
Ескерткішті қалпына келтіру үшін 1997 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнда қазір амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасалған. 2000 жылы кешен жанынан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде Қорқыт ата музейі ашылған. Музей қорында Қорқыт ата туралы материалдарды молынан табуға болады. Мұны бізді қарсы алған музей қызметкері Айгүл Боранбекқызы толық тәпсірлеп берді.
Қорқыт ата десе оқырманға ең әуелі аңызы жетеді. Өйткені ол туралы ақиқатқа бергісіз аңыз көп. Қорқытты бүкіл түркі жұрты өзіне ортақ ғұлама санайды. Ол да шындық. Оның өлімге бойұсынбай, ажалдан қашып құтылмақшы болып, дүниежүзін кезіп кеткені туралы да жиі айтылады. Қай жерге барса да, алдынан қазылып жатқан көр шыға береді. Ақыры өлімнен қашып құтылмасын сезген Қорқыт ата Сырдарияның ағын суының үстіне кілемін жайып жіберіп, сол кілемнің үстінде отырып елімен, жерімен қоштасқан зарлы күйлерін тартады. Дария бойында отырған елдер қобыздың зарлы үнін естігенде шыдап тұра алмай, өзеннің екі жағалауына топтасып, жиналған деседі...
Қырық қыз туралы аңызда да кешқұрым қобыз дауысын естіген олар қызыққаннан жүгіре-жүгіре жете алмай, отыз тоғыз қыздың өкпесі өшіп, жолда өледі. Олардың ішінде жүгіре алмайтын бір ақсақ қыз ғана Сырдың жағасына жетіп, Қорқытты көріп өлген екен. Сол ақсақ қыздың моласы – Қорқыт ата қойылған жердің тура оңтүстік батысында арасы бір шақырым жердегі дөңнің басына орнатылған мұнара. Жұрт оны «Ақсақ қыздың белгісі» деп атайды. Кешен басына жеткенде мұнара алыстан аппақ боп мұнартып көрінеді.
Қармақшыға жеткенде жел ұйытқып, алыстан өзгеше зарлы сарын естіліп тұрғандай көрінген. Төбе басына жеткенде қобыз үні тіпті анық естілді. Кешендегі басты ескерткіш стелла – қобызды бейнелейтін төрт элементтен тұрады. Биіктігі – 12,1 метр, ені – 5,3 метр, қордай тасынан дайындалған. Әр стелла әртарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стеллалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Бізді алып жүрген музей қызметкерінен «мұнда қысы-жазы жел тұра ма?» деп сұраған едік. «Қобыз сарынына ұқсас дыбыс шығару үшін желдің өтіне арнайы тұрғызылған» дейді Айгүл Боранбекқызы.
Қобыз үні жаныңды бір ерекше күйге бөлейді екен. Адам кейде күйбең тірліктің шеңберінен шығып, бір уақ әрбір сәттің құнды екенін бағаласын деп тұрғандай. Желмен жарыса сағынышты бір күй ойналып жатыр. Қорқыт ата дәл оң тұсымызда Сырдарияның бойына кілемін жайып жіберіп, қобызын шертіп отырғандай сезіледі. Әйтеуір, бір бөлек сыр, тылсым бар. Үнсіз ғана сезінесің, үнсіз ғана бас изейсің. Жүрек тұсында бір нәрсе шымыр ете түскендей, көңіл түкпірінде бір бөлек сезім арпалысып жатқандай әсер қалдырады.
Кесенеге келген жұрт кешеннен жырақта жатқан Қорқыт ата басына жаяулап тартады екен. Жолай «Ақсақ қыздың белгісіне» соғып, атаға Құран бағыштап қайтады. Біз де алыстағы мұнараға сыр шертіп, үнсіз іштей тілек тіледік...
Аса көрнекті ғалым Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» атты терең мағыналы туындысында Қорқыт күйлерін жеріне жеткізе талдайды. Ғұлама ғалымның «Әлем өркениетіне қазақ халқының қосқан өлшеусіз үлесі сол Қорқыт күйлерінен бастау алған» деген парасатты пайымы Қорқыт бабамыздың тарихта алар орнын анық айғақтап тұрғандай!
Гүлзина БЕКТАС