Қорқыт ата басындағы қоңыр күй

Қорқыт ата кесенесіне барамыз деген ой болмаған еді. Сапар аяқасты басталды. Баба кесенесінің Қызылорда облысы Қармақшы ауданында екенінен хабарымыз бар. Тіпті, ежелгі кесенені қайта тұрғызып, ерекше мемориалға айналдырғанын да жақсы білеміз.

Сыр өңіріне бұған дейін де талай рет та­банымыз тиген. Бірақ Қорқыт ата кешеніне алғаш рет жол тарттық. Қы­зыл­ордадан шыққан көлік Қармақшыға жүйт­кіп барады. Жолсерігіміз  жүру ұзақ­ты­ғы екі сағат деп айтқан-ды. Терезеден сыртқа – сары далаға қарап, ойға шомып  ке­леміз.  

Жолай Алма Қыраубаева апайымыз еске түсті. Ол кісі бізге 1-курста «Ежелгі әде­­­­биеттен» дәріс оқыды.  «Қорқыт ата кі­­­­табын» да алғаш ұстазымыз таныстырған еді. Апайдың құлаққа жағымды үні әлі күн­ге есімізден кетпейді.  Ерекше әсермен дә­ріс оқитын.  Тіпті, ұстаздың  Қорқытты түр­кі халықтарына ортақ жәдігерлердің бі­рі, адамзаттың асыл мұрасы деп түсін­дір­ге­­ні де есте. Негізінен, батырлық жыр­лар­дың жинағы болып табылатын бұл жаз­ба­­­­ның Дрезденде және Ватиканда сақ­талған екі нұсқасы бар екенін де айтқан еді. Қоғам қай­раткері Мырзатай Жолдасбеков «Қор­қыт ата кітабының» үшінші нұсқасы, яғни Дрезден нұсқасының көшірмесі саналатын Берлин нұсқасы бар екенін де айтады. 

«Қорқыт ата кітабына» 12 жыр енген. Олар: Дерсе хан ұлы Бұқаш хан жыры, Са­лор Қазанның үйінің шабылғаны туралы жыр, Қам Бөрінің ұлы Бамсы Бейрек тура­лы жыр, Қазан бектің ұлы Ораз бектің тұт­­­қын болғаны туралы жыр, Дұқа Қожа ұлы Делі Домрул туралы жыр, Қаңлы Қожа ұлы Қан туралы жыр және тағы басқа ба­тыр­лар жыры бар. 

Әбубәкір Диваев 1848 жылы Қорқыт ата мазарын алғаш суретке түсірсе, Қор­қыт мәйіті Сырдария өзенінің бойына қойыл­­ғанын алғаш тұжырымдаған адам – ғалым Әлкей Марғұлан. 

Қасиет пен арман

«Қорқыт ата кітабына»  тағы бірде қай­та оралармыз.  Біздің бұл жолғы сапары­мыз­да­ғы басты мақсат – Қорқыт ата ке­се­не­сін көру. Ерекше сәулетімен көзге тү­се­тін баба ке­сенесі рухани дүниенің есігі іспетті кө­рі­не­ді. Құба жолдың бойында сән түзеген алып ескерткіш көзге бірден ілігеді. Ары-бе­рі өткен жолаушылар да кесенеге бір соқпай кетпесі анық.  

Әлемге есімі белгілі Қорқыт ата ме­мо­риалды кешені Қармақшы ау­даны Жосалы кентінің солтүстік-баты­сын­дағы 18 шақырым жердегі Қорқыт стан­­­сасына жа­қын табиғи төбе үстінде орналасқан. Ком­му­нистік партияның асқақтап тұрған ша­ғын­­да кешенді тұрғызуға атсалысқан жан­­ның бірі – Елеу Көшербаев. Ол кезде ау­дан әкімі, кеңестік цензураның қатал сы­нына ұшыраса да, баба кешенін тұр­ғызу­ға ықпал жасаған жан. Сол үшін тіпті сөгіс те алған. Партия хатшылары баба мұрасын тү­гендеуге мүмкіндік бермесін білсе де, қайт­пас қайсар жан қарсыласып бақты. Көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов бір естелігінде: «Елеу бауырым Қар­мақ­шы­ға хатшы болған кезінде ешкімнің айтуын­сыз, көземелдеп көрсетпей-ақ Сырдың бойын­дағы тастақ төбенің басында Қорқыт атаға арнап ескерткіш орнатты. Онда үш қобыздың бауырына мыс түтік қойдырып, биік төбенің басын самал соққанда мыс тү­тік­терден қобыздың үні шығып сарнай­тын еді. Қазір ол ескерткіш халықтық жә­ді­герге айналды» деп жазады.

Расында да, кеңестік кезең жұрт қобыз­дан да, қобызды тартқан адамдардан да өлер­­дей қорқатын шақ. Қобызды бақсылар ғана тартты деп қабылдады. Ал дін өкілде­рін мүлдем айттырмайтын, айтқызбайтын шақ­та Көшербаевтың мұндай керемет іске баруы көзсіз ерлік еді. 

Сол кезде Қорқыт ескерткішін са­л­ған – Бек Ыбыраев пен С. Исатаев. Сәулетші Бек Ыбыраев өзінің бір есте­лі­гін­де: «Қорқытқа ескерткіш қою жұмыс­та­ры­ның бәрі құпия түрде жүргізілді десе бо­лады. Соның өзінде Көшербаевтың үс­ті­нен Орталық комитетке арыз келіп түс­кен. Елеу ағамыз жұмысты тыңғылықты жүр­гізгені соншалық, тіпті тексерушілердің өзі ештеңе таба алмағандай, бәрі дұрыс деп кет­кен. Сонда да болса, сақтық керек, «мы­на партбилеттен айырылғым келмейді» де­ген еді маған. Менің жұмыстарыма өзі тіке­лей көмектесіп отырды. Менің қандай жұ­мыстармен айналысып жатқанымды еш­кімге айтпауым керек болды» деген екен. 

Ал шын мәнінде Ленин ескерткішін салу маңызды болған шақта Қорқыт атаға ескерткіш орнату сұмдық оқиға еді. Ол кез­де хатшылардың басқан ізі аңдулы бо­ла­тыны сөзсіз. Мұндай жандар Көшер­баев­ты да елеусіз қалдырмады. Оның үсті­нен Орталық комитетке домалақ арыз жө­нелтеді. Арыз барған соң міндетті түрде тек­серу жүргізіледі. Тексерушілер бәрін кө­ріп-біліп кетсе де, Көшербаев ештеңеден ық­пастан, ескерткіш орнату жұмысын жүр­гізе берген. 

Ескерткіштің ашылу салтанатын да со­лай жүргізді. Алматыдан ақын-жазу­шы­лар­ды алдырып, қазақ әдебиетінің күнде­рін өткізеді. Екі бірдей дін өкілі – Қорқыт ата мен Тұрмағамбет Ізтілеуовке ескерткіш қойып, соны әдеби қауымның алдында та­­­­ныстырады. 

Қазір сол ескерткіш жарты әлемді жал­ғас­тырып жатқан құла жолдың бойында, Сыр­дың жағасында жатыр. Айтса айтқан­дай-ақ, кешегі шағын тастақ төбе қобыз­дың үні сарнаған үлкен алаңқайға, көрсең көз тоятын  алып мемориалды кешенге ай­налған. Одан сәл төменірек түссеңіз, дария­ның бойы көрінеді. Алыстан Ақсақ қыздың ескерткіші де менмұндалайды. 

Аңыз бен ақиқат

Ескерткішті қалпына келтіру үшін 1997 жылы жөндеу жұмыстары жүр­­­­гізілді. Мұнда қазір амфитеатр, қылует, қош­қар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ан­самбль жасалған. 2000 жылы кешен жа­нынан Қызылорда облыстық тарихи-өл­ке­тану музейінің филиалы ретінде Қорқыт ата музейі ашылған. Музей қорында Қор­қыт ата туралы материалдарды молы­нан та­буға болады. Мұны бізді қарсы алған му­зей қызметкері Айгүл Боранбекқызы то­лық тәпсірлеп берді. 

Қорқыт ата десе оқырманға ең әуелі аңы­зы жетеді. Өйткені ол туралы ақиқатқа бер­гісіз аңыз көп. Қорқытты бүкіл түркі жұр­ты өзіне ортақ ғұлама санайды. Ол да шын­дық. Оның өлімге бойұсынбай, ажал­дан қашып құтылмақшы болып, дүние­жү­зін кезіп кеткені туралы да жиі айтылады. Қай жерге барса да, алдынан қазылып жат­қан көр шыға береді. Ақыры өлімнен қа­шып құтылмасын сезген Қорқыт ата Сыр­дарияның ағын суының үстіне кілемін жайып жіберіп, сол кілемнің үстінде оты­рып елімен, жерімен қоштасқан зарлы күй­ле­рін тартады. Дария бойында отырған ел­дер қобыздың зарлы үнін естігенде шы­дап тұра алмай, өзеннің екі жағалауына топ­тасып, жиналған деседі...

Қырық қыз туралы аңызда да кешқұрым қо­быз дауысын естіген олар қызыққаннан жү­гіре-жүгіре жете алмай, отыз тоғыз қыз­дың өкпесі өшіп, жолда өледі. Олардың ішін­де жүгіре алмайтын бір ақсақ қыз ғана Сыр­дың жағасына жетіп, Қорқытты көріп өлген екен. Сол ақсақ қыздың моласы – Қор­қыт ата қойылған жердің тура оңтүстік ба­тысында арасы бір шақырым жердегі дөң­нің басына орнатылған мұнара. Жұрт оны «Ақсақ қыздың белгісі» деп атайды. Ке­шен басына жеткенде мұнара алыстан ап­пақ боп мұнартып көрінеді. 

Қармақшыға жеткенде жел ұйытқып, алыстан өзгеше зарлы сарын естіліп тұр­ған­дай көрінген. Төбе басына жеткенде қо­быз үні тіпті анық естілді. Кешендегі бас­­ты ескерткіш стелла – қобызды бей­не­лей­тін төрт элементтен тұрады. Биіктігі – 12,1 метр, ені – 5,3 метр, қордай тасынан дайын­­далған. Әр стелла әртарапқа қаратып тұр­ғы­зылған құлпытастарға ұқсайды. Жо­ғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйі­сетін стеллалар қобыз бейнесін де мең­зейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде 40 металл түтік бар. Олар жел соққан кезде қо­быз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Бізді алып жүрген музей қызметкерінен «мұн­да қысы-жазы жел тұра ма?» деп сұра­ған едік. «Қобыз сарынына ұқсас дыбыс шы­ғару үшін желдің өтіне арнайы тұрғы­зыл­ған» дейді Айгүл Боранбекқызы. 

Қобыз үні жаныңды бір ерекше күйге бө­лейді екен. Адам кейде күйбең тірліктің шең­берінен шығып, бір уақ әрбір сәттің құн­ды екенін бағаласын деп тұрғандай. Жел­мен жарыса сағынышты бір күй ойна­лып жатыр. Қорқыт ата дәл оң тұсымызда Сыр­дарияның бойына кілемін жайып жі­бе­ріп, қобызын шертіп отырғандай се­зі­леді. Әйтеуір, бір бөлек сыр, тылсым бар. Үн­сіз ғана сезінесің, үнсіз ғана бас изейсің. Жүрек тұсында бір нәрсе шымыр ете түс­кендей, көңіл түкпірінде бір бөлек сезім ар­палысып жатқандай әсер қалдырады. 

Кесенеге келген жұрт кешеннен жы­рақ­­та жатқан Қорқыт ата басына жаяулап тартады екен. Жолай «Ақсақ қыз­дың белгісіне» соғып, атаға Құран бағыш­тап қайтады. Біз де  алыстағы мұнараға сыр шер­тіп, үнсіз іштей тілек тіледік... 

Аса көрнекті ғалым Ақселеу Сейдімбек «Қазақтың күй өнері» атты терең мағыналы туы­ндысында Қорқыт күйлерін жеріне жет­кізе талдайды. Ғұлама ғалымның «Әлем өр­кениетіне қазақ халқының қосқан өл­шеусіз үлесі сол Қорқыт күйлерінен бастау алған» деген парасатты пайымы Қорқыт бабамыздың тарихта алар орнын анық айғақтап тұрғандай!

Гүлзина БЕКТАС