Аталған жиынға Астана және Алматы қалаларынан елімізге белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері және жергілікті жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.
Атап айтқанда, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым және білім мәселелері жөніндегі вице-президенті, ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымының докторы, профессор Құралай Күдеринова және «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның «Білім беру орталығы» филиалының сарапшысы Қаламқас Байтенова және зиялы қауым, БАҚ өкілдері, сондай-ақ, білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету. Осы мақсатта еліміздің ірі облыстары мен қалаларында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аймақтық форумы ұйымдастырылады. Сондай шараның бірі – Ақмола облысы мұғалімдері мен білім саласы мамандары арасында өтті. Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған ортақ алаң – қауымдастық құрылды.
Форум қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін, оқыту әдістемесін жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және педагогикалық шеберлігін дамыту мақсатында өткізілді. Форумда қазақ тілі мен әдебиеті бағыты бойынша ғылыми және әдістемелік мәселелер, практикалық құралдарды қолдану, қазақ тіліндегі оқушылардың оқу сауаттылығы мен академиялық жазу мәдениетін дамыту, мұғалімдердің кәсіби дағдыларын жетілдіру, шығармашыл, үздік мұғалімдерді анықтап, оларға қолдау көрсету, ынталандыру, тәжірибесін тарату, қолдау мәселелері талқыланды.
Шараның негізгі бөлімі «Болашақ» сарайында басталып, кейіннен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде шеберлік сағаттарымен ұласты.