Бұл бастама арқылы шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды мақсат етіп отыр.
«Ауыл кітапханаларына 100 кітап» атты акция бастадық – Аида Балаева
Фото: gov.kz
442
оқылды

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президенттің бастамасына қолдау білдіре отырып әрі өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» атты акция басталғанын мәлімдеді.

Министр әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын, танымдық-ағартушылық әдебиеттерді бірнеше өңірге тарту етті.

«Құрметті достар! Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда кітап мәселесіне ерекше тоқталып өткені белгілі. Президент өз сөзінде: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деген болатын. Осы орайда, «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» атты акция бастадық. Мен өзім Абай Құнанбайұлының ауылы Қарауылға және Қаныш Сәтбаевтың ауылы Баянауылға және өз туған ауылыма әлем және қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын, танымдық-ағартушылық әдебиеттерді тарту еттім. Бұл акцияны өзге де әріптестерім, министрлер қолдап, қазірдің өзінде бірнеше ауылға кітап жеткізіп үлгерді. Мәселен, Ішкі істер министрі Ержан Сапарбекұлы, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сейпілұлы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болған Бағдат Батырбекұлы жеке атсалысып, еліміздің бірқатар өңіріндегі ауыл кітапханаларына 100 кітаптан табыс етіп жатыр. Басқа да әріптестерміз таяуда акцияға қолдау көрсетуге ниет білдірді. Бұл бастама арқылы шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізіп, өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды мақсат етіп отырмыз. Акцияға өзге де мекемелер мен ұйымдар, жанашыр азаматтар атсалысады деп сенеміз»,  деп жазды Аида Балаева.