Сәтбаев университетінің Әскери іс институтында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Осы атаулы күні университет ардагерлері, офицерлер мен студенттер батырларды еске алып, маңызды мерекені атап өту үшін жиналды.
Жиналғандар Әскери кафедрамен байланысы бар және Сәтбаев университетінің мақтанышына айналған батырларға арналып жасалған «Ел есімі – ел есінде» мемориалдық ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды. Ардагерлерді құттықтап, марапаттау рәсімін Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев өз сөзімен ашты.
«Инженерлер қашанда Қарулы Күштер элитасының маңызды бөлігі болып, олардың тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басты рөл атқарады. Сіздердің терең білімдеріңіз бен ерен еңбектеріңіз елімізде тыныштық пен қауіпсіздікті, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды қамтамасыз етіп отырады», – деді ректор.
Салтанатты іс-шарада Сәтбаев университетінің және Әскери іс институтының студенті Алмасбек Әбдіжәми Атырау қаласындағы су тасқынының салдарын жою шараларына белсене қатысқаны үшін және Отан қорғаушылар күніне орай Ғылыми кеңестің шешімімен Сәтбаев университетінің Алтын медалімен марапатталды.
Ұлы Отан соғысы басталар алдында, яғни 1940 жылы құрылған Әскери іс институты оқытушыларының да жетістіктері ерекше атап өтілді. Мұнда Отанын адал қорғайтын, халқымыздың мақтанышы мен үміті болатын инженерлер 80 жылдан астам уақыт бойы әскери дайындықтан өтіп келеді. Әскери институттың осынау даңқты тарихы институт тарихы мен Ұлы Отан соғысы қару-жарақтарына арналған көрмеде көрсетілді.
Мереке соңында дәстүрлі «Солдат ботқасы» таратылып, әскери оркестрдің қатысуымен мерекелік концерт болды. Ал курсанттар мен әскери қызметкерлер әскери жаттығу әдістерін көрсетті.