Отан сөзінің аясы кең. Елін, халқын соғыс уақытында ғана емес, бейбіт күнде де қорғап, ерлік көрсетіп батыр атануға болады.
Өзгеге өмір сыйлағандар
521
оқылды

Қазір жұмыс бабында жүрген тұрғындар мен азаматтар арасында әртүрлі өмірлік қиындықтардан аман сақтап қалған ержүрек жандар аз емес. Елеусіз жүріп оқыс оқиға кезінде біреуге қол ұшын созу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Осындай тәуекелге бел буған батырлар туралы Отан қорғаушы күніне орай әңгімелеуді жөн көрдік.

Астана қаласында өрттен үш сәбиді аман алып шыққан арқалықтық Нұрсұлтан Исмағұлов туралы телеарналар мен баспалар жарыса жазған болатын. Естеріңізде болса, осыдан үш жыл бұрын өрт шыққан көпқабатты үйге сескенбей көтерілген студент Нұрсұлтанның ерлігі әмбеге аян. Досымен серуендеп жүрген ол айқай шыққан жаққа ойланбастан бет алған. 

«Қателеспесем үйде төрт бала болды. Мен үшеуін сыртқа шығарып үлгердім. Сол кезде өрт сөндіру қызметі келіп үлгерді. Үшінші қабатқа дейін баспалдақ арқылы көтерілдім де, ұйықтап жатқан кісіні ояттым. Өрт төртінші қабатта болып жатыр. Сол сәтте басымды қатерге тігіп жатырмын-ау деген қобалжу, қорқу сезімдері мүлде болмады. Өйткені бар ойым іштегі кішкентай сәбилерді аман алып қалу ғана еді. Егер бойымды қорқыныш сезімі жеңіп кетер болса, балалардың тағдыры басқаша болуы мүмкін еді», – дейді ол. Тұрақты физикалық жаттығулар мен ұдайы спортпен шұғылданғанының арқасында оқиға орнына жедел жеткенін айтты. Кешке қарай тынымсыз қоңыраулар келіп, құттықтау жаудырғандар көбейгенін де жасырмады. 

«Оқиға орнында көп болмай, түтіннің әсерінен басым ауырып қайтып кеттім. Терезені сындырған кезде қолымды жарақаттап алғаным болмаса, денсаулығыма ешқандай зақым келген жоқ. Бірақ сыртқа шыққан соң мені біреу суретке түсіріп алғанын байқадым. Оның журналист екенін кейін білдім. Содан оның түсіргені әлеуметтік желіде тарап кетіпті. Кешке туыстарымның құттықтауын естіген соң ғана суретімнің түрлі парақшада жүргенін көрдім», – деді бүгінгінің батыры Нұрсұлтан. Ол әр адамның жүрегі дауалай бермейтін тәуекелге бас тігіп, ерлік жасар қадамға бару үшін бойда ата-ананың тәрбиесі мен жаныңызда адал достың болуы керек екенін айтты. Айта кетейік, Нұрсұлтан Исмағұловтың бұл ерлігіне университет жағы да ерекше назар аударыпты. «Әр адам мұндай жағдайда көмектесер еді» деген Нұрсұлтанға университет «Еуразия мақтанышы» атағын берген. Одан бөлек, «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін», «Жомарт жүрек» төсбелгілерімен марапатталған. 

Айта кетейік, Нұрсұлтан Исмағұлов қазір Астанадағы Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінде денешынықтыру пәнінде оқытушылық қызметін атқарып жүр. Жүрегінде батылдық пен мейірім оты қатар лаулаған азаматтың ізгі іс-әрекеті өзгелерге үлгі болмақ. 

Түрлі марапатқа ие болмай, халықтың алғысымен көсегесі көгеріп жүрген азаматтар да бар. Жақында тігінен тұрғызылған су құбырына түсіп кеткен баланы аман алып қалған шымкенттік Дастан есімді жас жігіттің әрекетін қазір бүкіл ауыл айтып жүр. Себебі қозғалуға мұрша болмайтын жіңішке құбыр ішінде қалып қойған 2-сынып оқушысын дін-аман шығарып алу – көптің қолынан келмесі анық. Ойын баласы құбырға бірінші аяғын түсірген, артынан өзі де сырғи кетіпті. Достары көмек көрсете алмаған соң, есігі ашық тұрған үйге келіп, Дастаннан жәрдем сұраған. 

«Келсем балалар топырлап тұр. Құбыр ішіндегі баланың жоғары көтерілген қолы ғана көрініп тұр. Не сөйлемейді. Баланың өзі әрең сыйып, қысылып тұр. Абдырап қалғаным рас. Қолыма түскен ағашты алдым да, іштегі баланың қолына ұстатып, қолын сыртынан қыс­тым. «Мынаны қаттырақ ұста» деген ишарам ғой. Ол бекем ұстаған соң, ақырын жоғары қарай тарта бастадым. Шынтағына дейін көтерілген кезде бірден тартып алдым. Шынымды айтсам, шығарып алғаннан кейінгі қуанышымды жеткізе алмаймын», – деді ол. Адам бойынан биік құбыр ішінен жас баланы алып шыққан Дастанның әрекеті көптің құлағына шалынып, алғысқа бөленген. 

«Бұл жасағанымды ерлік деп санамаймын. Құбырда қалып кеткен баланың сыртқа шығуға ұмтылысы зор болған соң, менің әрекетіме көмек болды деп айта аламын», – деді жүрек жұтқан Дастан. 

Бір емес бірнеше рет оқыс оқиға салдарынан көмекке мұқтаж адамға қол ұшын созған Нұрсұлтан Жұмағазиев алғашқы ерліктерін мамандық таңдауына қатысы болмағанын айтады. Ең бірінші рет 16 жасында бірден батыл қадам жасап, су тұңғиығына кете жаздаған оқушы қыз бен ер баланы аман алып қалған. Кейіннен өзі де құтқарушы мамандығын таңдаған екен. Арада біраз уақыт өтпей, жаяу жүргіншілер көпірінен секірмек болған әйел туралы хабарлама келіп түсіпті. 

«Желтоқсан айы еді, ауа райы суық болатын кез ғой. Бізге шақырту келген соң, дереу шығуымыз керек. Бұл – жұмыстың бірінші талабы, екіншіден, өміріне қауіп төніп тұрған адамды құтқару азаматтық борышымыз. Түскен хабарлама бойынша дереу оқиға орнына жетіп, суға батып бара жатқан әйелге қарай жүздік. Біз жеткен бойда қыз суға секіріп кетті. Өзіме берілген пәрмен бойынша, артынан мен де суға секірдім. Сол кезде су полиция қызметкері де қайықпен жетті. Жүкті әйелді қайықтың бортына көтеріп, жағаға алып шықтық. Ол кезде ес-түссіз жатқан болатын. Мұндай жағдайда бізге көрсетілуі керек алғашқы көмек туралы үйртеткен болатын. Сол сәтте дереу жүрекке массаж жасап, жасанды тыныс алу арқылы алғашқы медициналық көмек көрсетуге кі­рістім», – деді бүгінгі күннің батырларының бірі Н.Жұ­мағазиев. Нұрсұлтанның батыл әрекеттерінің арқасында жедел жәрдем келгенге дейін әйелге барлық алғашқы көмек түрлері көрсетіліп үлгерген. Асау толқынмен жағаласып, өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгенің өмірін құтқарып қалу оңай емесі анық. Сондықтан ержүрек азаматтың ісі елеусіз қалмасы да белгілі. Жұмыстағы ептілігінің арқасында жүкті әйлдің өмірін сақтап қалған Нұрсұлтан Президент Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ал қазір Атырау қаласының Полиция департаментінде жұмыс істейді.

Бүгін ел басына күн туғанда жанын шүберекке түйіп, өмірдің қызыл жалынына күйіп, рухын көрсеткен азаматтардың ізбасары көп. Қазір елдің алғысына бөленіп жүрген азаматтарды әңгімелеуіміз де сондықтан. Бүгінгінің батырлары сын сәттерде адамгершіліктің жоғары деңгейін көрсетіп, ерлік танытып жүр. «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады». Бауыржан Момышұлының осы бір орамды ойы бүгінгі ұландардың ерлігін дәлелдеп отырғандай. Жанқиярлық ерліктері үшін азаматтар қандай да болсын марапатқа лайық.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ