Миллиардер болу үшін не істеу керек? Олар осындай мол байлыққа қалай жетті? Бұл сұрақтар тек қызық үшін емес, көпшілікке дұрыс кәсіп таңдауға, мамандық иесі болуға көмектеседі.
Миллиардер болудың 7 тәсілін білесіз бе?
Безос көп уақытын Blue Origin зымыран компаниясын басқаруға жұмсайды. Фото Blue Origin сайтынан алынды
1,845
оқылды

Amazon компаниясының бас директорлығынан кетіп, Blue Origin ғарыштық компаниясында көбірек көңіл бөлетін Джефф Безос туралы businessinsider.com сайтында жиынтық материал жарияланды. Сол материалға сүйенген Aikyn.kz миллиардер күнделікті немен айналысатынын таныстырады.

Миллиардер күнде таңертең оятқыштың көмегінсіз ұйқыдан өзі оянады. Фото banco.az сайтынан алынды

Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безос әлемдегі ең бай адамдар арасында екінші орында тұр.

Forbes мәліметтері бойынша, оның байлығы 203 миллиард доллар. Бұл – Қазақстанның 4 жылдық бюджеті. Мысалы, 2024 жылғы біздің республикалық бюджет 54 млрд доллар.

Әлемнің ең бай адамдарының тізімі нарықтағы өзгерістер мен геосаяси шиеленістерге байланысты өзгеріп тұрады. Бірақ технологиялық компаниялардың иелері алдыңғы 10 орыннан төмен түспейді. Бұл олардың таза миымен, адал еңбегімен тапқан байлығы. Бұл байлықты олардан ешкім тартып ала алмайды, үкімет те, қоғам да, бәсекелестері де.

Ал осындай байлығы бар адамның өмірі қандай, ол нені жақсы көреді, бос уақытын қалай өткізеді? Бұл сұрақтар табысты болуды мақсат еткен, миллионер болуды армандаған мыңдаған қазақ балаларына үлгі болар деп осы талдау мақаланы ұсынамыз.

Бұған дейін Aikyn.kz миллиардерлер Билл Гейтстің кітапты көп оқитынын, Марк Цукербергтің қарапайымдылығын, Илон Масктің өршіл мақсаттарымен таныстырды. Бүгін тағы бір миллиардердің өмірінен қызықты фактілерді айтамыз.     

Безос таңертең газет оқығанды ұнатады, кофе ішкенді жақсы көреді. Таңертең телефонды қолына алмайды, оның орнына күнделік жазады. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Phillip Faraone

Интернет-бөлшек сауда алыбы Amazon-ның негізін қалаған Безос The Washington Post баспа үйі мен Blue Origin аэроғарыш компаниясына иелік етеді. Безос өзінің Blue Origin зымыран компаниясына назар аудару үшін 2021 жылы Amazon бас директоры қызметінен кетті.

Бірінші ерекшелік. Миллиардер Джефф Безос күнде таңертең оятқыштың көмегінсіз ұйқыдан өзі оянады. Ол жеткілікті демалуға көңіл бөледі, тәулігіне міндетті түрде 8 сағат ұйықтағанды жөн көреді. 2021 жылы CNBC-ге берген сұхбатында аз ұйықтап, өнімдірек болу қиын екенін, мұндай режимде қабылданған шешімдердің сапасы төмен болатынын айтқан.

Миллиардер үшін ұйықтау уақыты 21:30 сағаттан кеш емес. Ұйқысы қанған Безос: «Мен жақсырақ ойлаймын. Менде көбірек энергия бар. Менің көңіл күйім жақсы болады», – дейді.

Екінші ерекшелік. Миллиардер кофені өзі дайындайды. Безос таңертең газет оқығанды ұнатады, кофе ішкенді жақсы көреді. Таңертең телефонды қолына алмайды, оның орнына күнделік жазады. Бұл ережені ол аптаның кемінде үш күнінде сақтайды. Безостың тағы бір таңғы дәстүрі күнделікті кардио жаттығулар мен ауыр атлетикамен айналысу үшін жаттығу залына баруы.

Ол: «жаттығу залына бару мен үшін қиын емес, бірақ кейде өте қиын. Дегенмен мен мұны жалғастырып келемін», – дейді. Безос спортзалда 30 минут кардио және 45 минут күш жаттығуларымен айналысады.

Безос отбасымен бірге таңғы уақытты асықпай өткізгенді ұнатады. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Scott Olson

Үшінші ерекшелік. Безос отбасымен уақытын сапалы өткізу үшін ешқашан таңғы кездесулерді жоспарламайды. Отбасымен бірге таңғы уақытты асықпай өткізгенді ұнатады. Безостың бұрынғы әйелінен төрт баласы бар, үш ұлы және Қытайдан асырап алған қызы Элла. 

Безос қызы Элланы мектепке апарар алдында күнде таңертең айтатын ақылы: «Маған өзім үйрене алатын нәрсені үйретпеңдер». Қызын осылай үлкен өмірге дайындайды.

Төртінші ерекшелік. Джефф Безос түске дейін бизнеске қатысты кездесулер өткізгенді ұнатады: «Мен IQ деңгейі жоғары жиналыстарды түске дейінгі уақытта өткіземін».

Ал әдетте түстен кейінгі уақытта іскерлік кездесулер өткізбейді. Егер жұмыс күнінің соңында IQ деңгейі жоғары кездесулер болса, Джефф Безос оларды кейінге қалдырады.

«Сағат 17:00-де мен бұндай кездесулер туралы ойлана бастаймын. Бүгін бұл мәселе туралы ойлай алмаймын, мұны ертең сағат 10-да қайталап көрейік деймін», – деген еді ол 2018 жылы Вашингтонның экономикалық клубында.

Өміріндегі ең көп жұмыс істеген кезеңі Amazon-ны құрып, оны миллиардтық табысы бар компанияға айналдыру. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Drew Angerer

Бесінші ерекшелік. Безос өзі тамақ жасағанды қалайды. Кубалық атасынан қалған рецепт бойынша қуырғышта (фритюрница) чуррос дайындайды.

Әрбір сенбіде Безос отбасылық кино түндерін дәстүрге айналдырған. Миллиардердің сүйікті фильмі «Оппенгеймер», отбасы мүшелері «Барбиді» ұнатады.

Безостың ғарышқа байланысты хоббиі бар: NASA-ның ескі зымырандарын іздеу үшін сүңгуір қайықта жүзу. Ондай шытырман оқиғалы сапарларға ол балаларын да бірге алады.

Алтыншы ерекшелік. Безос өміріндегі ең көп жұмыс істеген кезеңі Amazon-ды құрып, оны миллиардтық табысы бар компанияға айналдыру болғанын айтады. Қазір ол соншалықты көп жұмыс істемейді.

60-қа толған табысты іскер адам үшін бұл жас еңбегінің жемісін көріп, зейнетін сезінетін уақыт болуы заңдылық.

Жетінші ерекшелік. Бүгінде Джефф Безостың Blue Origin ғарыш компаниясы NASA-мен ғарыш станциясын салу үшін миллиардтаған доллар келісім жасаған. Оның бүгінгі жұмыс күні құжаттарды оқуға және кездесулер өткізумен байланысты. Күн сайын дерлік механизмдер мен қозғалтқыштардың ішіндегі әртүрлі ішкі жүйелерге арналған дизайн және технология бойынша кездесулер өткізеді.

«Менің сүйікті бөлігім – технология», – дейді Безос. Оның айтуынша, оның ең ұнатпайтын қызметі – жаңа компания құру.

Безос: «Менің сүйікті ісім – технология. Ең ұнатпайтыным – жаңа компания құру». Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Win McNamee

Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады?

Батыстық демократияда ел басқаратын саясаткерлер мен ірі бизнес өкілдерінің өмірі адамгершілік пен моральдық жағынан да, адалдық пен шынайылық жағынан да бақылауға алынған. Олардың әрбір қадамы, әрбір сөзі қоғам тарапынан талданады.

Салыстырмалы түрде айтқанда билік өкілдері де, бизнес өкілдері де үлкен аквариумның ішінде өмір сүреді.

Қоғам оларға қарапайым адамдармен салыстырғанда жоғары талаптар қояды. Неге?  Өйткені ондай адамдар қоғамның, адамның өміріне тікелей әсер етеді. Олар қоғамдық пікірге ықпал етеді, экономиканың табысты болуына жауапты. Қоғам тарапынан қойылатын қатал талаптарға миллиардер де, президент пен үкімет басшылары да түсіністікпен қарайды, ештеңені жасырмайды. Коммуникациялық технологиялар дамыған дәуірде қоғамнан құпия сақтайтын мәселе болмайтынын олар жақсы түсінеді.

Өтірік айтып, ол өтірігі ертең ашылып қалса, онда жылдар бойы жинаған абыройын бір күнде жоғалтады, сенімнен айырылады, ертеңгі карьерасы сөнеді немесе қаржылай табысын жоғалтады.

Бір сөзбен айтқанда қоғамды алдау оларға қымбатқа түсетіндіктен ондай ықпалды адамдар әрбір сөзін, әрбір шешімін мұқият қабылдайды, әрбір қадамын ойланып басады. Бұндай түсінік қазақ қоғамында енді ғана қалыптасып келеді. Сондықтан атақты, бай адамдардың өмірін білу, олардан сабақ алу жастардың тәрбиесі үшін өте маңызды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан табасыз.