ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев республикалық телеарнаға берген сұқбатында орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардағы кадрлық ауыс-түйістерге қатысты сұраққа жауап берді.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметші болу, оның ішінде саяси қызмет атқару – үлкен жауапкершілік әрі зор сенім.
«Сондықтан мемлекеттік деңгейдегі кадрлық өзгерістер бір күнде қабылданатын шешім емес екенін ескеру керек. Әрбір тағайындау кезінде қызметшілердің іскерлік қабілеті, тиісті саладағы білімі мен тәжірибесі ескеріледі. Бұл жерде Президенттің кадрлық таңдауы жеке адамға деген көзқарасына емес, сол лауазымды атқаруға кәсіби біліктілігі, тәжірибесі, білімі жеткілікті ме, елге адал қызмет етуге дайын ба деген мәселелерге байланысты. Байқасаңыз, саяси қызметте белгілі бір кесімді мерзім немесе «кепіл» жоқ, қатаң талап нәтижесінде өз жұмысына адал, білікті кадрлар ғана сұрыпталып шығады», – деді Президент Әкімшілігінің Басшысы.
Мемлекет басшысы өз сөздерінде Қазақстанды озық елге айналдыру жай ұран емес, нақты жоспар екенін атап өткен. Осы орайда, Айбек Дәдебаев Үкіметтің алдында маңызды міндет қойылған айтты. Бұл – 2029 жылға дейін ұлттық экономиканың көлемін екі есе ұлғайту. Яғни, саяси қызметшілер осы сияқты нақты міндеттерді орындау үшін тағайындалады.
«Біріншіден, Президентіміз елімізде болып жатқан барлық мәселе бойынша хабардар. Белгілі бір кадрлық шешім қабылданғанда, әрине, ең алдымен сол саладағы стратегиялық мақсаттардың орындалуы басты назарға алынады. Мемлекеттік қызметшілер дегеніміз жалдамалы менеджерлер ғой. Әр кезең талабына сай қойылған мақсаттар орындалғаннан кейін оның кәсіби біліктілігі басқа салаға бағытталуы мүмкін. Екіншіден, біз даму жылдамдығы аса жоғары, күн сайын қым-қуыт өзгерістер болып жатқан заманда өмір сүріп отырмыз. Бұл мемлекеттік қызметшілерден шұғыл өзгерістерге бейімділікті және жоғары бәсекеге қабілеттілікті талап етеді. Сондықтан белгілі бір саладағы кезекті межеге қол жеткеннен кейін келесі межеге жету үшін басқа деңгейдегі кәсіби біліктілік қажет болуы мүмкін. Ендеше, осыған байланысты тиісті кадрлық шешім қабылдануы заңды», – деп түсіндірді Айбек Дәдебаев.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.