Шымкент қаласындағы «Кең баба» саябағына тиесілі жердің басым бөлігі заңсыз жекеменшікке берілген.
Қалалық саябақ мемлекет меншігіне қайтады
2,955
оқылды

Бұған қоса, аталған қаладағы «Ұлы дала» тұрғын үй кешені Жер кодексінің нормаларын бұза отырып салынуда. Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жерді әділ бөлу мәселесіне ерекше назар аударады. «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде осы міндеттің жүзеге асуына қоғам­дық мони­торингі жүргізіп келеді.

Мәселен, Шымкентте партиялықтар «Кең баба» қалалық саябағында рейд өткізді. Саябақ іргесі сонау 1901 жылы қаланып, оның аумағына бағалы ағаштар, негізінен емен егілді. Бүгінде саябақ аумағы ойын-сауық бизнесі кеңістігіне айналды. Яғни, ондағы 3,5 гектардың 2,6 гектары заң бұза отырып пайда­ланылуда. Сот шешіміне сәйкес, жер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Бақытжан Базарбек алда апелляция кезеңі күтіп тұрғанын айтты. Депутат саябақ аумағында заңсыз салынған мейрамханасы бар қонақүй кешеніне жеке тоқталды.

«2009 жылы Шымкент қаласы әкімдігінің қау­лысымен 0,5664 гектар жер учаскесі уақытша пайда­лануға беріліп, бір жылдан кейін бұл жер жеке меншікке өтіп кетті. Жер кодексіне сәйкес, жалпыға ортақ пайдаланылатын жерді жекеше­лендіруге болмайды. Қазір бұл жерде 5 қабатты мейрамхана бар. Шымкент қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті әкімдіктің қаулысын заңсыз деп тану туралы талап-арыз жолдап, сот алғаш инстанцияда аталған арызды қанағаттандырды», – деді депутат.

Бұдан соң партиялықтар қалалық әкімдіктің жанынан салынып жатқан көппәтерлі «Ұлы дала» тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысты. Аманаттықтардың айтуынша, құрылыс компа­ниясы дәл осы жер учаскесін ешқандай аукционға және конкурсқа қатыспай алыпты.

«Жер аманаты» комиссиясы 2022 жылы қалалық әкімдіктің қаулысымен 2,2 гектар жер учаскесі Shymkent Әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясы» АҚ-ға 5 жылға уақытша жер пайда­лануға берілгенін анықтады. Бұдан соң ӘКК аталған учаскені әкім­діктен сатып алып, кейін жеке құрылыс ком­па­ниясына қайта сатыпты.

«Жергілікті атқарушы органдар жер учас­келерін ӘКК арқылы заңсыз беруде. Оны инвес­тициялық жоба ретінде ресімдейді. Алайда инвес­тициялық жоба ретінде жаңа өндіріс орындары саналады. Яғни, тұрғын үй кешені құрылысы инвестициялық жоба анықтамасына жатпайды. Бұл дегеніңіз – Жер кодексінің 48-бабын бұзу. Құрылысты тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар. Соған қарамастан нысан құры­лысы жалғасып жатыр. Пәтерлер еркін сатылымда. Жергілікті биліктің сот шешімін орындауға күші жетпейтін секілді», – деді Бақытжан Базарбек.

Еске сала кетейік, бұған дейін партиялықтар Дендропарк аумағындағы 0,4 гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтаруға атсалысты. Жалпы, былтыр Шымкенттегі «Жер аманаты» комиссиясы атқарған жұмыстың нәтижесінде Көкбұлақ тұрғын алабында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 603 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар қала шегіндегі жалпы аумағы 1,33 гектарды құрайтын екі жер учаскесі де мем­лекет меншігіне өтті. 

Айта кетейік, өткен екі жылда ел аумағында 10,3 млн гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 3 млн гектарға жуығы халық арасында бөлінді.

Бұған дейін республикалық «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығы мен мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесі көрсетілген jerkarta.gharysh.kz интерактивті картасы әзірленген болатын.

Жер мәселелерін жедел шешу үшін қазақ­стандықтар «AMANAT» партиясының 8 800 080 44 41 «Сенім телефоны» арқылы заңбұзушылықтың барлық фактісі туралы хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмірі бойынша қабылданады.