Мамыр айының екінші жексенбісінде Қазақстанда Аналар күні аталып өтеді. Биыл ол 12 мамырға келіп тұр. Мереке қарсаңында астаналық Ататүрік саябағында Байқоңыр ауданының бастамасымен "Анаммен табиғат аясында" атты аналарға арналған іс-шара өткізілді, - деп жазды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Ашық аспан астында Ататүрік саябағында сурет салу бойынша шеберлік сабағы, йога сабақтары, Көңілді старт форматындағы спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Іс-шараны Байқоңыр ауданының әкімдігі ұйымдастырды. "Strong mothers NS" қоғамдық қоры қолдау көрсетті. Қор басшысы Райгүл Серікбаеваның айтуынша, іс-шараның мақсаты - аналар мен олардың балаларын ғана емес, бүкіл отбасын біріктіру.
"Осы шуақты күнде біздің ардақты аналарымыз өз уақыттарын балаларға арнайды. Осындай жақсы іс-шараларды өткізу отбасын да, жалпы қоғамды да нығайтады. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың одан әрі ұйымшыл және біртұтас болуына ықпал етеді", - деп атап өтті Райгүл Серікбаева.
Іс-шара саябақтың ашық алаңында басталды, онда аналар мен қыздар кәсіби жаттықтырушының жетекшілігімен йогамен айналысты. Содан кейін ата-аналар балаларымен бірге ағаштардың көлеңкесінде мольбертке сурет салды. Жақын жерде жігерлі балалар үшін көңілді старттар өткізілді.
Қатысушылар арасында 4 орта мектептің мұғалімі, үш баланың анасы Минат Сунхар да болды.
"Мен саябақта өтетін іс-шара туралы айтқан кезде, балалар қатты қуанды және осы күнді асыға күтті. Әртүрлі іс-шаралар қыздарыма да, ұлыма да ұнады. Мереке жақсы өтті деуге болады", - деді ол.
Іс-шара соңында қатысушылар үшін пикник және фотосессия ұйымдастырылды.