Уақыт өте келе жарты ғасыр бұрын жазылған кітап-естеліктердің құны арта береді. Қайта-қайта парақтап, қызықты жазбаларды оқи бересің. Сондай бір кез кеше болды. Қолымызға Ахмет Жұбановтың “Ән-күй сапары” еңбегін алып, бір тарауын оқуды бастадық. Тарау жаңа домбыраны сынауға арналған екен.
Оқырмандарымыз білер ме екен?! Қазіргі ұстап жүрген домбыралардың жалпы пішіні Ахмет Жұбанов заманында қалыптасқан. Оған дейін домбыраның түрі әртүрлі болып келген. Ол домбыраларды мұражайларда сақталған үлгілерден көруге болады. Ал Ахмет Қуанұлы күйшілік өнерді жаңа деңгейге көтеру мақсатында домбыраның жаңа түрі керек деп білді. Осы мақсатпен аспап жасаушы шеберлерді шақырды. Ішінде Тула қаласынан арнайы алдырған Имануил Романенко есімді шебер бар еді.
1933 жыл. Сол кездегі Алматы музыка техникумының шеберханасында бірнеше адам жиналған. Имануил шебер жаңа домбыраны көрсетіп жатыр. Ағашы пәленбай, түсі мынадай деп. Салмағы тіпті жоқ. Барлығы бас изеп, қарап тұр. Бір кезде техникум директоры Сағыр Камалов: “Маха, мына домбыра тартып көріңізші, дыбысын есітелік, түрінің жақсы екені көрініп тұр ғой!”, – дейді. Маха деп тұрғаны – Махамбет Бөкейханов. Әрі қарай Ахмет Жұбанов әңгімені былай өрбітеді:
«Махаң әрі-бері перне бойлап, мойын қуалап дыбыс тазалықтарын тексерді де, Түркештің “Қарабасын” бастап тартып кетті. Күйшінің ойынына құмар болып тұрғандар, аспап тексеру үшін тоқтайтын уақыт болса да, күйдің аяғына шыққанша үндемей тұрып алды. Махаң әдетте домбыраның бетін төмен қарай қырындата ұстайтын. Сондықтан аспап үнінің бір бөлігі кең ауада еркін керіліп, жүзе алмай қалды-ау деп тұрған кейіпкер де жоқ емес-ті. Әрине, сыртына шығарып, тіс жарып дегендей, ешкім ешнәрсе айтқан жоқ. Домбыра шеберлерінің дәстүрінде ондай әңгімелер болмайтын, не болса да іштерінде сақтайтын».
Махамбет Бөкейханов оң жақта бірінші отыр. Фотоны журналист Ескендір Аманжолов (1955 – 2017) әлеуметтік желіге 2012 жылы жариялаған. Түсіндірмені де сол жазған. Бұл – Махамбет Бөкейхановтың анық түскен жалғыз фотосы.
Махамбет Бөкейхановтың (1890 – 1937) қазақ күйшілік дәстүріне сіңген еңбегі өлшеусіз. Бір өзі отыздан артық күйді жеткізген. Жұбанов пен Затаевичтің бұл күйші жайлы пікірлері өте жақсы. Өкініштісі сол, осы жазып отырған уақыттан тура төрт жылдан кейін, яғни 1937 жылы “төре тұқымы” деп ұсталып, атылып кеткен. Сүйегі Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы бауырластар зиратында жатыр. 1957 жылы ақталады.
Ал енді Ахмет Жұбановты әрі қарай оқиық:
«...Күй біткен кезде әжім түскен жұқа бетті, арық адам домбыраға қолын созды. Бұл атақты әнші Мұхиттың домбырашы немересі Лұқпан еді. Тұрғандар кенет жымия қалды. Өйткені Лұқпан – солақай, қазір ол екі тиектің орнын алмастыра бастайды. Айтқандай, Ұлекең тиектің үстінен екі ішектің орындарын ауыстырды да, домбыраның бұрауын өзгертпей Боғданың “Бозтөбесін” тартып кетті. Мұның қолы да маймаңдап, жорғаның аяқ басысындай “жер дүбірлетпей” кетіп барады. Ұлекеңнің қолы анда-санда қақпаққа тиіп кеткенде домбыраны дауысы тарс етіп, кішкене бөлмені басына көтереді. Мұның күйі де, тартысы да Махаңа ұқсамайды, өзі бір төбе болып тұр. Айналадағылар аспап дауысына риза болды ма, жоқ күйшінің ойынына риза болды ма, бәрі бірден бастарын иісті, үндеспей қалды».
Лұқпан Мұхитов (1894 – 1957) – қазақ күйшілік өнері үшін дара тұлға. Репрессия салқынынан аман қалған аздың бірі. Күйші жеткізген күйлер бүгін көпке танымал. Мысалға, бүгінгі Рысбай Ғабдиевтің тартуымен атақты “Ел айырылған” күйінің түпнұсқасын Лұқпан Мұхитов алып келген.
"Ендігі кезек үшінші домбырашыға келді" деп жалғастырады Ахмет Жұбанов:
«...Ортадан гөрі бойы жоғарырақ, қара мұртты, қара торы, қабағы қарыстай жігіт домбыраны қолына алып, ішектерді бұрынғы қалпына келтіріп, құлақтарын қаттырақ бұрап алды. Үстіңгі ішекті босатыңқырап, халық түсінігіндегі “теріс бұрауға” салды. Кенет ірі, салалы саусақтарымен домбыраны қағып-қағып жібергенде, аспаптың үні аспанға шапшығандай біртүрлі болып кетті. Бір кезде ол баяулата, әндете “Ақсақ құлан” күйін бастап кетті. Енді домбыраның үстіңгі ішегіне “сөз берілгендей” болды. Күйдің тақырыбы сарнап, домбыраның қос ішегінің тар қауызына сыймай тұрмын дегендей үн көрсетті. Сағаға барған жерде күйші қағысын өзгертіп, А. Затаевич айтқандай, домбыраның үстіңгі сағасынан сым аспаптардың дауысын шығарды. Бұл Ақтөбеден келген атақты домбырашы Қамбар Медетов еді. Айнала тұрғандар күй біткеннен кейін күн тәртібіндегі мәселенің аспапты сараптау екенін ұмытып, “Ақсақ құланның” әсерін әңгіме етіп, бірқатар уақыт жіберді».
Ортада тұрған Қамбар Медетов
Қамбар Медетов (1901 – 1938) күйшілік дарыған әулеттен шыққан. Білім қуып, Орынборда заң мамандығында оқиды. Отызыншы жылдары Ахмет Жұбановтың арнайы шақыртуымен Алматыға келіп, оркестр мүшесі ретінде және әкімшілік-ұйымдастырушылық жұмыстарын өз мойынына алады. Мәскеудегі алғашқы декада кезінде “Ақсақ құлан” күйін тартып, Сталиннің өзі түрегеліп қол шапалақтаған екен. Репрессия жылдары Қиыр Шығысқа айдалып кетеді.
Бұл аспап үш домбырашыдан да оң бағасын алған екен. Кейін арнаулы рәсім бойынша хаттама толтырып, домбыра оқу-ағарту жұмыстарына қабылданады. Осы аспап негізінде басқа да домбыралар жасалып, оркестр құрамына таратылған екен.
Рүстем Нүркенов, күй зерттеушісі