Сал-серілік дәстүрдің соңғы тұяғы Кенен Әзірбаев алтын қорға 130-дан астам ән, 7 күй қалдырған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бас жүлде – 700 мың теңге. Сайысқа 40 қатысушы арасынан 25 үміткер іріктеліп алынды. Бірінші турда жеңімпаз атанғандар келесі турға өтеді.
– Республикамыздағы сал-серілерімізді, оның ішінде Кенен Әзірбаевтың әндерін насихаттауымыз керек. Негізі, халық ақынының кей әндері бұрын айтылмай қалды. Арагідік бір-екі әншілер айтатын. Енді осы әндерді жүйеге кіргізу керек қой, – деді Қазақстанның халық әртісі Қайрат Байбосынов.
– Қазақтың белгілі ақыны, Кенен Әзірбаевтың туғанына биыл 140 жыл толып отыр. Бұл мереке Қазақстанның әр қаласында, облыс орталықтарында, әр жерде іс шаралар өтіп жатыр. Сол іс-шараның біреуі – осы. Астана қаласында тұңғыш рет Кенен Әзірбаев әндерінен конкурс өтіп жатыр. Конкурстың бір ерекшелігі кәсіпқой әншілер қатыса алмайды. Тек әуесқой жас әншілер ғана қатысып, өнер көрсетеді, – деді К.Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Әзірбаев.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ