Өңірлерде профилактикалық іс-шаралар жалғасуда және шаруа қожалықтарын аралау практикасы жаңартылды.
Биыл елімізде өрт қаупі жоғары болады – ТЖМ
568
оқылды

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өрт қаупінің алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде баяндады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

«Қазіргі таңда елімізде болып жатқан су тасқыны Төтенше жағдайлар министрлігінің кез келген қауіп-қатерге дайын екенін көрсетіп жатыр. Дәл осы режимде өрт қаупі кезеңінде барлық қажетті іс-шаралар ұйымдастырылады», –  деді министр Үкімет отырысында.

Бүгінде әр өңірде ірі өрттермен күресу үшін күштер мен құралдар – республика бойынша шамамен 50 мың адам және 10 мыңнан астам техника дайындалған.

Қазавиақұтқару авиациясының 19 борты тұрақты дайындық режимінде тұр, оның 9-ы су төгетін құрылғылармен жабдықталған. Аэровизуалды барлау үшін 120 дрон бар. Сондай-ақ жаңадан құрылған республикалық Орман қорын күзету және қорғау қызметімен тығыз байланыс орнатылған. Министрліктің келісімімен әкімдіктер Табиғи өрттерді болдырмау жоспарларын бекітті.

«Өткен жылдың күзінде «Ормандала-2023» оқу-жаттығуы өткізілді. Ертең «Семей орманы» резерватында Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткіземіз. Барлық өңірде орман шаруашылығы мекемелері 53 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізді. Бұдан басқа, министрліктің оқу орталықтарында орман күзетінің 1 300 жұмысшысы оқудан өтті», –  деп түсіндірді министр.

Өңірлерде профилактикалық іс-шаралар жалғасуда және шаруа қожалықтарын аралау практикасы жаңартылды.

«Бүгінде орманды дала алаптары мен демалыс орындарында мобильді топтар өрт қағидаларын бұзғаны үшін 630 адамға айыппұл салды», –  деді спикер.