2023 жылдың қазан айынан бастап, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Атырау облыстарының барлық жерлерінде балық өнімдерін өңдейтін тоғыз зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған.
Ерлан Сайыров: Қаржы агенттігі балық шаруашылығына шабуыл жасап жатыр
947
оқылды

Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыров Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры және Ауыл шаруашылығы министріне «AMANAT» фракциясы мүшелері атынан депутаттық сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске қарсы «Азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша, қылмыстық іс қозғауға тыйым салынады» деп атап өткен. 

Қазақстан Республикасының Қаржы агенттігі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бола тұра, Қазақстанның балық шаруашылығына шабуыл жасап жатыр.

2023 жылдың қазан айынан бастап, Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Атырау облыстарының барлық жерлерінде балық өнімдерін өңдейтін тоғыз зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған. Зауыттардың барлығы өнімді экспортқа шығарушы болып табылады. Яғни, бухгалтериясы ашық, шыққан өнім кеден арқылы бақыланып отырады.

Отандық балық өнеркәсібі саласы 1300-ге жуық балық шаруашылығының субъектілерінен тұрады, аталған салада және еншілес кәсіпорындарда 500 000-ға жуық адам жұмыс істейді. Балық өнеркәсібі саласы Қазақстанның дайын өнімді экспорттауға бағытталған бірден-бір экономикалық бағыты. Балықшылар өңделген балық өнімдерін ЕО, Қытай, ТМД елдеріне, Таяу Шығыс елдеріне, 36 мемлекетке экспорттап отыр. Өткен жылдары шет елге өңделген шортан, сазан, судак тәрізді балықтары 30 мың тоннаға жуық өнім экспортталған.

Осынау еліміздің ішкі жалпы өнімін экспорттық тауарлармен толтырып отырған экономика саласының кәсіпорындарына Қаржы мониторингі салық төлеуден жалтырды деген екі ұдайы айыппен қылмыстық іс ашып қойған. Мемлекетке салық төлеп, мыңдаған азаматты жұмыспен қамтып отырған тоғыз зауыттың бүкіл бухгалтериясы, іс-жүргізу құжаттары тәркіленген, зауыттар жұмысын тоқтатқан.

Қаржы мониторингі агенттігінің әрекеттері еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып отырған экономика саласының жұмысын толық тоқтатуға алып келуі ықтималы жоғары.

Яғни, мемлекетке төленіп отырған салық тоқтап, балық өнеркәсібі, еншілес кәсіпорындарда істейтін мыңдаған азаматтың жалақысының төленбей, зауыттардың өздеріне шет елден өнімді уақытында жеткізбегені үшін штрафтық санкциялардың келу қаупі төніп тұр.

Балықшыларды қылмыстық қудалау тоқтатылған жоқ, яғни мемлекетке экономикалық зиян күннен-күнге артуда. «Шаш ал десе, бас алатын» тексерушілер мен негізсіз тексерулерден балықшыларды арашалап қалуымыз керек. Балықшыларға шабуыл кейбір экономикалық күштердің рейдерлік әрекеттері де болуы ықтимал.

«AMANAT» фракциясы Қазақстанның экспортын қалыптастыратын экономика саласын тұқыртпай, керісінше дамыту қажет деп есептейді.

Ол үшін:

1.  Бас Прокуратура Қаржы мониторингі агенттігінің балық зауыттарын тексерулерінің заңдылығын анықтауы қажет және қылмыстық істің ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.

2.  Қаржы мониторингі агенттігінің ашқан қылмыстық істеріне тез арада қажетті құқықтық баға беріп, қарастырылып отырған істерді заң аясында әділетті тоқтатуды қажет.

3.  Бас Прокуратура Құқық қорғау органдарының экономика субъектілеріне жөн-жосықсыз шеңгел қолдарын соза беруін тоқтатуы тиіс.

4.  Бас Прокуратура Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарға отандық бизнесті күштеуді тоқтату жөніндегі тапсырмасын толық орындалуын қамтамасыз ету маңызды! – деді депутат.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.