Түркі әлемінің құндылықтары мен мәдени байлықтарын жалғастыру симпозиумы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Памуккале университеті және Түркі тарихы мен мәдениеті қорының қолдауымен Түркияның Денизли қаласында қазақтың «Шаңырақтың иесін іздеп жүрмін» мультфильмі түрік тілінде көрерменге жол тартты.
Кеште ортақ тарих пен дәстүрді дәріптеу үшін бірлесіп мультфильм түсіру қажеттігі де айтылыпты. Памуккале университетінің проректоры Дурмуш Акалын: «Бүгінгі жаһандану кезеңінде дәстүріміз бен құндылықтарымызды сақтап, ұлықтау маңызды. Әрбіріміз оны отбасынан, білім беру ордаларынан бастауымыз қажет. Жастарға терең білім беріп, маңыздылығын барынша жан-жақты түсіндіргеніміз жөн», – деп ағынан ақтарыла сөйледі.
Сонымен қатар жуырда қазақ фильмі де түркі көрермендерінің ыстық ықыласына ие болды. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің, Ыстанбұл мен Анталия қалаларындағы бас консулдықтарының ұйымдастыруымен және Qazaqfilm АҚ-ның қолдауымен Түркияда қазақ киносының апталығы өткен еді. Жошы Ұлысының 800 жылдығына және қазақ киносының біртуар азаматы Шәкен Аймановтың 110 жылдығына орайластырылған іс-шарада Түркияның Анталия, Алания, Денизли, Мерсин, Ыстанбұл, Сакария, Измир және Анкара секілді ірі қалаларында қазақ хандығы туралы «Алмас қылыш» тарихи фильмі көрсетілді. Алтын Орда ретінде әлемге әйгілі Жошы Ұлысының геосаяси мұрасы бірқатар еуразиялық мемлекеттің, соның ішінде Қазақ хандығының пайда болуына негіз болғанын көрсететін отандық фильм отандастарымыздың мақтанышы мен түрік көрермендерінің қазақ халқының тарихына деген үлкен қызығушылығын тудырып, қонақтардың оң бағасын алды. Екі бауырлас елдің тарихы мен мәдениетінің ұқсастығын ерекше атап өткен көрермендер мұндай іс-шаралардың маңыздылығына назар аударды.
Өткен айда Анкарада халықаралық Shymkent кинофестивалі өткен болатын. Түркия астанасының бәйтерегі – Атакүледе өткен шараға түбі бір түркі жұртының жас кинематографтары қатысты. Онда Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан елінің туындылары көрсетілді. Халықаралық шарада бірінші орын түркиялық режиссер Сердар Алтунның «Бөбек» фильміне, екінші орын жерлесіміз Мейрамбек Сағыновтың «Айбат» туындысына бұйырды. Үшінші орынды «Ромео» фильмімен қырғызстандық жас режиссер Тыныстан Теміржан иемденді.
Сондай-ақ жақында Измирде өткен «Тұран» халықаралық кинофестивалінде Қазақстан екі бірдей марапатқа ие болды. Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен өткен фестивальға 77 елден 1 055 өтініш келіп түскен екен. Бір ғана Қазақстанның өзінен 21 фильм бірнеше номинация бойынша бақ сынады. Түбі бір түркі жұртының кинематографиясын халықаралық деңгейге шығару арқылы мәдениетін паш етуді мақсат еткен халықаралық жарыста «Кинематографияға қосқан үлесі үшін» сыйлығы «Қазақфильмге» табыс етілсе, Дильшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» туындысы бірінші орынға лайық деп танылды. Бұл да болса қазақ кино өнерінің түркі жұртында аса жоғары деңгейде бағалануы деп түсінеміз.
Иә, қазақ-түрік мәдениетінің байланысы барлық салада көрініс табуда. Бұл үрдіс кино саласында айрықша білініп отыр. Тіпті, екі елдің актерлері бір кинода өнер көрсетіп жатқаны да қуантады. Мәселен, қазақстандық белгілі актер Берік Айтжанов «Османның құрылуы» атты тарихи түрік телесериалында моңғол қолбасшысы Найман рөлінде ойнағанын отандық БАҚ құралдары жарыса жазды. «Османның құрылуы» сериалындағы басты рөлді (Осман бей) түріктің танымал актері Бурак Өзживит сомдаса, телехикаясының 115-бөлімінде оған қалың әскерімен моңғол қолбасшысы Найман келеді. Оның рөлін белгілі қазақ актері Берік Айтжанов сомдайды. Отандасымыздың актерлік рөлін түркі көрермендері де аса жоғары бағалаған. Тіпті, аз күннің ішінде түрік тілін тез меңгеріп, еш қиындықсыз сценарий сөзін сөйлегеніне таңғалысты. Осылайша, түбі түркі халықтарының бірлігі өнерде де, мәдениетте де жарасып келеді.
Анарыс АҚЫЛМАН