Осыдан екі жыл бұрын Жамбыл облысында «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған болатын.
Жамбылда жарқын жоба жалғасын тапты
346
оқылды

Жаңа жоба жастарды баспанамен қамтуға бағытталды. Бастапқыда бағдарламаның болашағына күмәнмен қарағандар көп болса, бүгінде жоба өз өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Алайда биыл бағдарламаға қаржы қаралмайтыны айтылып, жастардың үміті үзілгендей болған. Бірақ күні кеше ақжолтай хабар жетіп, жобаның бойына қайта қан жүгірді. Биыл үміткерлерді қандай өзгерістер мен талаптар күтіп тұр. Зер салып, зерделеп көрсек...

Екі жылға артқа шегініс жасасақ, 2022 жылы бағдарламаға жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, 41 жас баспаналы болған. Оның 22-і денсаулық сақтау сала­сының маманы болса, 12-сі – білім беру, үшеуі – журналистика, екеуі – спорт, тағы екеуі – мәдениет саласының қызметкері. 

Осылайша, пилоттық жобаның шара­патын көрген жастар алғысын қарша жау­дырды. Сондай-ақ бағдарламаға қатысуға өтініш білдірушілердің де саны еселеп арта түсті. Осыны негізге алған облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы қаржы­ландыру көлемін 2 млрд теңгеге арттыруға қол жеткізеді. Оның 1 млрд теңгесі жергілікті бюджет есебінен бөлінсе, 1 млрд теңгені «От­басы банк» АҚ өз тарапынан қарайды. Осы­лай­ша, басқарма мен банк арасындағы мәм­іле негізінде баспана бақытына кенелу мүм­кін­дігіне ие болғандардың  саны еселеп ар­тып, 677 өтінім қабылданады. Өтінімдер облыс әкімдігінің Цифрлық технологиялар басқармасы тарапынан әзірленген e-jambyl.kz платформасы арқылы қабылданып, ко­миссия шешіміне сәйкес 226 қатысушыға «Отбасы Банк» АҚ-на жолдама беріледі. Ал 451 өтінім бағдарлама талаптарына сай кел­меуіне байланысты қанағаттандырылмайды. Жолдама алған  226 өтінім берушінің 82-і банк іріктеуінен өте алмаса, 144 азамат қоныс тойын тойлайды. Оның 132-і Тараз қаласы­нан болса, Байзақ ауданынан – 4, Қордайдан – 3, Т.Рысқұловтан – 2, Жамбыл, Талас, Шу аудандарынан бір-бір үміткер баспаналы болады. Осылайша, облыс орталығынан ғана емес, аудандардан да жастар баспаналарында бақыт шамын жағады.  

Бұл, әрине жастар үшін үлкен қуаныш болғаны анық. Алайда жыл басында «баянды бағдарламаға енді қаржы қаралмайтын болды» деген мәселе айтылып, жастардың ұнжырғасы түсе бастаған. Кейіннен белгілі болғаны «Отбасы банк» өз тарапынан қарайтын қаржыны бөлуден бас тартып, олар үшін бағдарлама шарттары тиімсіз екенін алға тартқан. Алайда бұл мәселемен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тікелей айна­лыса­тынын айтып, жастарды желпінтіп қойған. Міне, осы уәде орындалып, жастар бағдар­ламаға қатысуға қайта мүмкіндік алып отыр. 

– «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдар­ламасы екі жылда 185 жасты баспанамен қамтыды. Ал «Отбасы банк» биыл бағдар­ламаға қаржы қарамайды деген мәселе бол­ғаны рас. Алайда біз келіссөздер жүргізу арқылы банктен 1 млрд теңге бөлгізу туралы мәмілеге қол жеткіздік. Жергілікті бюджет тарапынан да биыл 1 млрд теңге бөлінеді. Осы 2 млрд теңгеге биыл 140-тан астам жасты баспанамен қамту көзделуде. Осылайша, бағдарламаның өміршеңдігін күш салу арқылы ұзартып отырмыз.  

Биыл «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізіледі деп жоспарлануда. Атап айтсақ,  бағдарламаға денсаулық сақтау, білім, журналистика, мәдениет, спорт және дін салалары қызмет­керлерімен қоса, мемлекеттік қызметшілер де қосылуы мүмкін. Сондай-ақ қарыздың ең жоғары сомасы  15 млн теңгеге дейін болады.  Бастапқы жарна  10 пайыз болса, пайыздық мөлшерлеме – 6%.  Несие беру уақыты – 19 жыл. Сатып алатын тұрғын үйге көппәтерлі де, жер үй де қабылданады, – дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар. 

Бағдарлама қатысушысына қойылатын талаптарға келсек, өтінім беруші Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс. Үміткердің жасы 35-тен аспауы қажет болса, бағдарламаға қатысушы соңғы жұмыс орнындағы лауазымында кемі 6 ай қызмет етуі керек. Бұдан бөлек, өтінім берушінің «Отбасы Банкіндегі» жинақ шотында сатып алатын үйінің 10 пайыздық ақшасы болуы міндетті. Сондай-ақ бойдақ болсын, ерлі-зайыпты болсын бастарында соңғы 5 жылда алған баспанасы немесе тұрғын үйге арналған жер учаскесі болмауы шарт.  

Міне, осылайша бағдарламаға жаңа өзге­рістер мен талаптар енгізілуде. Алайда бұл баспана алу жолын қиындатып емес, керісін­ше, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып жатқан қадам. Себебі жоғарыда аталған сала маман­дарына арналған бұған дейін мұндай жеңіл­детілген тұрғын үй бағдарламасы болмаған еді. Сондықтан жастар пилоттық жобаға дән риза. 

– Жасыратыны жоқ, бұған дейін жур­налистер ешқандай санатқа жатпағандықтан, тұрғын үй алуда көп қиналатын. Енді, міне бізге «Әулиеата жастары» жобасы үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Бұл мүм­кіндікті мүлт жібермей, былтыр бір бөлмелі үй алып алдым. Алғашқы жарнасын құюға жақындарым көмектессе, кейіннен құжат­тарын демде жинадым. Еш қиындықсыз банк іріктеуінен өтіп, бір ай ішінде сатып алатын тұрғын үйімді ұсындым. Аллаға шүкір, қазір өз баспанамдамын, – дейді жур­налист Жұматай Көксубай.

Жастар арасында биылғы өзгерістерге қуанып отырғандар да аз емес. 

– «Әулиеата жастары» жобасын естіп, қызығып жүретінмін. Алайда үміткерлер санатына мемлекеттік қызметшілер кір­мей­тіндіктен сырттан ғана сүйсініп қоятынмын. Енді, міне биыл бағдарламаға мемлекеттік қызметшілер де кіргелі жатқанын естіп, қатты қуандым. Бұйыртса, құжаттарымды жинап, биыл өтінім беремін деп тас-түйін дайын отырмын. Осындай бағдарламаға жан бітірген облыс әкіміне, Жастар басқармасына айтар алғысым шексіз, – дейді жас маман Едіге Нұрділдә.

Иә, осылайша бағдарлама біреулердің асыл арманын орындап үлгерсе, енді екіншілерге үміт отын жағуда. Ең бастысы, жастар жоба жалғасын тапқанына дән риза. Осындай жастар игілігі үшін қызмет етіп жат­қан бағдарламаның өміршеңдігі ұзақ бо­лып, алдағы уақытта мемлекеттік бағдарлама дәрежесіне жетеді деп сенеміз. Сол кезде баспана бақытына кенелетіндердің саны тағы арта түсері анық.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы