Айбек Серікұлы, домбырашы: Домбыра дегенде қазақ еске түсуі керек

Алматылық Айбек Серікұлы – шетелдік хит әндердің мақамын домбыра нотасына түсіріп, өзге халықтың таңданысын тудырып жүрген нағыз талант иесі. ТикТок желісінде MUZBANDa никнеймімен ашылған парақшада көбіне Еуропа, ТМД елдеріне тән әндерге түсірілген туторлар жарияланады.

Айбек Серікұлы қазақ балаларынан бөлек, өзге ұлт өкілдеріне де домбырада еркін ойнауды үйретіп, ұлттық аспаптың қолданылу аясын кеңейтуге шама-шарқы келгенше үлес қосып жүр. Бір  қызығы, домбыраның шанағынан күмбірлеген күй ғана емес, жастардың аузынан түспейтін заманауи әндердің ырғағы да төгіледі. Әртүрлі музыкалық шығармалар орындалатын парақшаның MUZBANDa аталуы да сондықтан. Музыка өнері Айбектің бойына атаның қанымен дарыса керек. Айтуынша, бес жасында әкесі ағаштан ойып жасап берген домбыраны қолынан тастамай өскен. Ауылдағы өнер мектебінде шығармашылығын шыңдап, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде музыкалық білімін жетілдіріпті.

«Біз – өнерлі отбасымыз. Марқұм әкем Серік Оралұлы – Мұғалжар ауданында беделді күйші болған кісі. Атам Орал ақын болып, бірнеше рет «халық жауы» атанып, сотталған екен. Ағам Бейбіт Оралұлы – белгілі композитор. Әндерін «Арнау» тобы, Роза Рымбаева, тағы бірқатар әнші сахнада орындап жүр. Ал әпкем – опера әншісі. Күйді шеберлікпен орындауды әкемнен үйрендім. Бірақ маған арнайы уақыт бөліп, қасымда отырып үйретпейтін. Өзі бір-екі рет тартатын да, домбырасын қабырғаға іліп кетіп қалады. Артынша қайталап, талпынып үйреніп алдым», – дейді талантты Айбек. 

Білім ордасында жүріп Бақытжан Бакауиевке, Момын Байғанинге шәкірт болған. Момын Байғанин – атақты Нұрпейіс Байғаниннің кіші ұлы. Өнер әлемінде із қалдырған тұлғалардың тәжірибесін бойына сіңірген Айбек Ораловтың шәкірті Димаш Тоқабай Қазақстанның барлық дерлік өңірінде болып, түрлі өнер байқауларынан Гран-при иеленген. Сонымен қатар Түркия, Грузия және Өзбекстан елдерінде өткен фестивальдерден де жүлделі орынмен оралған. Ерекше дарын иесі осындай шәкіртке ұстаздық еткеніне мақтанатынын айтты. Қазір істеп жүрген игі істерінің арқасында домбыраны әлемге танытуды мақсат еткен Айбек:

«Менің арманым – қазақтың қара домбырасын Еуропа, ТМД елдеріне таныту. ТМД құрамында он шақты мемлекет бар, әр елдің өзіне тән хит әні бар. Соларды орындап шығу – қазіргі бірінші кезекте тұрған жоспарым. Желіге жүктеген видеоларыма жазылған пікірдің көбі шетелдіктер тарапынан келген. Аспаптың атын, оны қалай үйренуге болатынын сұрап жатады. Тіпті, АҚШ-тан домбыраның бағасы мен қалай алуға болатынын сұраған оқырман да болды. Қателеспесем, 2015 жылдары орыс балаларына домбыра үйретіп едім, бірақ олар Ресейге қоныс аударып кетті. Өздерімен бірге қазақтың өнерін де алып кетті. Бұл – қазақ домбырасы тағы бір шекара асты деген сөз. Қазір түрлі концерттерге қатысу үшін Украинадан, Германиядан, Ресейден ұсыныстар көп түсіп жатыр. Соңғы Ресейден келген шақыртуларға белгілі себептермен келіспедім», – деді. 

Ол көбіне шетелдің әнін домбырада орындауының себебі мақсатына жақындауға бір қадам екенін айтады. 

«Егер домбыра арқылы тек күй орындайтын болсам, онда домбыраны әлемге таныту қиынға түсер еді. Өйткені күй қазаққа ғана тән. Ал басқа елдің шығармасын домбыраға түсіру – сол елдің домбыраны қазақтың ұлттық аспабы екеніне көз жеткізуге итермелейді. Болашақта домбыраны қазіргі гитараның деңгейіне шығарғым келеді. Гитараны қазір дүниежүзі біледі, домбыра да солай болса екен деймін. Бүкіл әлем домбыра дегенде Қазақстанды еске түсіргенін қалаймын», – деді домбырашы.

Айбек Серікұлының шығармашылық қоржынында шетелдік хит әндердің нотасынан бөлек, авторлық ән-күйлері, композициялары да бар. Атап айтқанда, «Ағайын», «Бауырым», «Сен», «Ауылым», тағы басқа он шақты әні болса, авторлық күйдің қатарында «Диірмен», «Жабалға», «Ақтабан» сияқты күйлер тұр. Айта кетейік, туындыларының барлығы басынан өткен шынайы оқиғаға негізделген екен.

«Бұрын ауылда нағашы әжем диірмен тартатын еді. Ол кезде үнемі қасында отырып көмектесетінмін. Диірменнің екі ауыр тасы болады емес пе?! Сол тас ақырын айналып, кейін жылдамырақ күйге ауысады ғой, «Диірмен» күйінің де сарыны осындай. Ақырын басталып, кейін жылдам ырғаққа ауысады. Ал «Жабалға» деген күйім ағамның өміріне арналған. Орал атамның інісі Жабал 1939 жылы Кеңес-Фин соғысына кетіп, хабар-ошары үзіліп, із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл күй сол оқиғаны баяндайды», – деп күйлердің шығу тарихын айтып берді. 

Домбырашының соңғы уақытта жарыққа шыққан композициялары Spotify, iTunes, Yandex Music қосымшаларында қолжетімді.

Қазіргі жастардың тыңдайтын әні өзгерек. Олардың талғамындағы заманауи әндерді домбыраға түсіріп айту арқылы жастар арасында домбыраны кеңінен насихаттауға мүмкіндік зор болатынын айтқан Айбек бүгінгі домбырашылардың жіберетін қателіктеріне де тоқталды. 

«Жастар арасында кең танымалдыққа ие әншілер көп. Солардың әндерін домбыраға салып көру керек. Байқайтыным, жастардың назарын домбыраға аударамын деп кей домбырашылар не болса соны орындап кетеді. Болмайтын дүниені, құлақ құрышын қандырмайтын әндерді орындайды. Мұның өзі – үлкен қателік. Біріншіден, әннің әуені мен домбыра үндестігін анықтау керек. Не болса да шеберлікпен орындаған жөн ғой. Қазір Ақтөбе, Алматы қалаларында шәкірттерім бар. Бәрі шетінен тұнып тұрған дарындар. Оған қоса, шетелдік оқырмандарымның арасынан үйренуге ықыласы барлар ниеттерін білдіріп жазады. Оған уақытымыздың сәйкес келмеуінен сабақ бере алмай жатырмын», – дейді ол. 

Домбыраға назары ауған жастарға күйдің де құдіретін еске салып отыру маңызды. Күй – тұнып тұрған философия. Қазақтың күйін тыңдау арқылы кез келген адамның ішкі жан дүниесі рухани байи түседі әрі ұлттық музыкаға деген қызығушылығы арта түсетінін алға тартты домбырашы. Сондай-ақ кез келген ән домбырада орындалғанымен, әуен мен домбыра арасындағы үндестік бірдей бола бермейді екен. 

«Қазір джазды, әр елдің халық әндерін, классиканы және заманауи әндерді де тыңдаймын. Жан-жақты болған дұрыс қой. Өйткені бұл – әр заманның, әр жастың әндерін зерттеуге, домбырамен үндестігін сақтауға зор мүмкіндік. Қазіргі заманауи әндердің мелодикасы аз болғандықтан, домбырада әуені толық ашылмайды. Өз тәжірибемде байқағаным, Кеңестік кезеңдегі әуендердің мелодиясы көп, домбыра нотасына керемет түседі. Шәкірттеріме күрделі әндердің нотасын қағазға түсіріп үйреткенді жөн көремін. Мысалы, Моцарттың, Монтидің шығармаларын нотасына қарап-ақ жеңіл үйренуге болады. Ол үшін үйренушінің икемі, ішкі ұмтылысы мен әнді талдау қабілеті болса жеткілікті. Осы тұста айта кетейін, домбыраны үйренуге ниеттілер үшін музыкалық сауаттылық болуы керек деген қатып қалған ереже жоқ. Жастардың домбыраға деген қызығушылығы әлдеқайда артқан, бірақ сапа жағынан ақсап жүрміз», – деді А.Серікұлы. 

Ұлттық аспаптың насихатын кеңейту үшін әлеуметтік желіні тиімді пайдалану керегін айтқан Айбек Серікұлы қазір украин қызымен бірлесе ортақ әуен шығарып жатыр. Қазақтың домбырасы мен украинның бандура аспабының қосарланған дауысы екі ұлттың ауызбіршілігін білдіріп тұратындай. Осы сияқты Венгрияның, Американың музыкант-гитаристерімен біріккен жобаларға да дайындық басталып кеткен. Гитарист рок ойнайтын болса, арадағы кідірісте домбырамен күй шертіледі. Одан бөлек, биыл Түркияның Измир қаласында «Измир маршы» шығармасының 100 жылдығына дайындық жүріп жатыр. Талантты домбырашы Айбек те осы мерейтойға қатысып, домбыраның мерейін асқақтатпақ. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Айбек Серікұлы домбыраның құлағында ойнайтын шебер күйші ғана емес, шахмат үйірмесі арқылы балалардың ойлау қабілетін шыңдаумен де шұғылданады. 

Талантты домбырашының өмірде де, өнерде де жиған тәжірибесі мол. Ол бүгінгі уақытқа дейін бір сәтке де шығармашылық ізденісін тоқтатқан емес. Қазір батыс әндерінің нотасын қағазға түсіріп жүр. Бұл да жас ұрпақ кәдесіне жарары анық.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ