Он облысқа топан су жайылды. Елімізде су тасқыны қаупі әлі де сақталып отыр. Тасқыннан бүлінген үйлердің шығыны келесі аптада белгілі болмақ. Қазіргі ақпаратқа сәйкес, елімізде 13 мыңға жуық үйді су басқан. Ал Ақтөбе облысында 2 елді мекен әлі көлік қатынасынсыз отыр. Үш өңірде індеттен қырылған мал көмілген 10 жерді су басқан болатын. Қазір тиісті қызметтер жергілікті жерлерде жедел дезинфекциялық іс-шараларды жүргізіп жатыр. Президент су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Үндеуінде: «Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайды қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет», – деді. Мемлекет басшысы атап өткен су шаруашылығы мамандарының тапшылығы бүгінде өзектілігін көрсетті.
Былтырғы қыркүйекте ғана құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігіне үлкен жүк артылып отыр. Министрлік жасақтала салысымен Қазақстанда 2023–2029 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын әзірлеуге кірісіп кетті. Ол жерде де білікті мамандардың тапшы екені айтылған. Құжатта су шаруашылығы бойынша жылына бар болғаны 200 маман жоғары оқу орнын бітіретіні, 100 түлек орта техникалық білім алып шығатыны, сонда түлектердің 22 пайызы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасатыны көрсетілген. Бұған да сарапшылар көптеген жоғары оқу орнында оқыту тек «су ресурстары және суды пайдалану» бойынша жүргізілетінін, бірақ мұндай маңызды салаға «гидромелиорация», «өзен құрылыстары мен су электр стансаларының гидротехникалық құрылысы», «суару жұмыстарын механикаландыру», «су шаруашылығындағы экономика», «гидрогеология және инженерлік геология», «сумен жабдықтау және су бұру» және «жердегі гидрология» сияқты мамандар қажеттігі көтерілген екен.
Кеңес заманынан да кері кеттік пе?
Тұжырымдамада су шаруашылығы саласын бітірген инженерлердің дайындығы 1990 жылдардағы мамандарға қарағанда әлсіз екені айтылған. Көптеген жоғары оқу орнында оқыту тек «су ресурстары және суды пайдалану» бойынша жүргізіледі. Кеңес дәуірінде гидрология мамандығына небәрі 25 адам қабылданса, арасынан 12-15 адам бітіріп шыққанын, бұл ел игілігіне жеткілікті болғанын және барлық түлек жұмысқа орналасқанын айтады. Олар көбіне «Қазгидромет» гидрометеорологиялық қызметінде немесе «Қазгипроводхоз» ғылыми институтында жұмыс істеген.
Бүгінде бұл екі мекеменің штаты бірнеше есе қысқартылғанын айта кеткен жөн. Кеңес заманында Қазақстанда су саласының мамандары көбіне Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын (ЖГМҚИ) және оның Қызылордадағы филиалын оқып, тәмамдаған. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша, институт инженер мамандарды дайындаған, оқу орнындағы оқытушылар құрамында жоғары білікті мамандар болған. Сонымен қатар бұл институттың қуатты зертханалық базасы және ғылыми инфрақұрылымы болған. Бүгінде сарапшылар кеңестік жүйеде оқыған мұғалімдердің зейнеткерлікке шыққанын, ал жаңадан келген мұғалімнің көп жағдайда практикалық тәжірибесі жоқ екенін және жергілікті жерде жұмыс бола бермейтінін айтады.
Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасында мемлекет су шаруашылығын «кадрлармен қамтамасыз ету» бойынша бірнеше қадамды атап көрсетеді. «Су шаруашылығының имиджін жақсартуды» жоспарлап, жалақыны көтеру шараларын қолға алуды жоспарлап отырғаны да көрсетілген. Кадр даярлайтын базалық оқу орны ретінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті (ТарӨУ) таңдалды. Иә, су мамандары дегенде есімізге Кеңес Одағы кезіндегі Тараз қаласындағы Гидромеларативтік–құрылыс институтының даңқы түседі. Еліміздегі ең алғаш су шаруашылығы мамандарын даярлап, кадрмен қамтамасыз еткен осы білім ордасы болатын. Жуырда Президент Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім шығарды. Сондай-ақ су саласындағы мамандарды даярлау бойынша базалық ЖОО-ны анықтауды тапсырды. Біз осы ретте, кезіндегі Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының түлегі, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры, Тараз қалалық маслихатының депутаты Кенжеғали Шилібектен аталған мәселедегі ойын білуге тырыстық. Оның айтуынша, Президенттің Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөніндегі шешімі – дұрыс шешім әрі батыл қадам.
«Суды тиімді пайдалану және басқару, реттеу стратегиялық маңызды. Бұл еліміздің экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Су саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған мамандарды қалыптастыру үшін базалық жоғары оқу орны болып табылатын Дулати университетінен бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік–құрылыс институтын бөліп, қалпына келтіру ұтымды шешім. Институттың оқу ғимараттары, жатақханалары, су саласына бейімделген зертханалары, спорт кешендері қаржы көздерін үнемдеуге мүмкіндік береді. Тараз қаласында орналасқан Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен арадағы ынтымақтастық оң әсерін тигізеді. Шыны керек, бұрынғы одаққа танымал болған Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіруде Үкіметтің қолдауы керек. Білікті мамандардың жасы ұлғайған, білікті су мамандары жан-жақта шашырап жүр. Су мамандары қазір 10 жоғары оқу орындарында даярланады, сондағы ғалымдарды жаңа оқу орнына шоғырландырып, студенттерді тек базалық оқу орнында бір жерден оқытуды жүзеге асыруды қолға алу керек. Саладағы ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жасап, жоғары жалақы тағайындау қажет. Барлық жоғары оқу орнында су саласында студенттер контингенті аз екені мәлім. Су бағытындағы білім беру бағдарламаларын кез келген жоғары оқу орындарында аша беруді тоқтату керек. Керісінше, республикадағы су бағытындағы білім беру бағдарламаларын тек бір жерде, яғни жаңадан құрылатын оқу орнында жүзеге асыру тиімді болмақ. Мемлекет тарапына білім гранттарын көптеп бөлу мәселені толық шешпейді. Су тасқыны мамандардың жетіспейтіндігін көрсетті. Сондықтан 17 аймақ басшылары, жылына мақсатты гранттармен 10 талапкерді жіберу керек, оларға қосымша шәкіртақы тағайындау қажет. Бұл даярланатын кадрлардың сапасына, профессор-оқытушылар құрамының әлеуетін арттыруға оң өзгерістер әкеледі. Су бағытында оқитын студенттерге ерекше статус беріп, олардың шәкіртақысын көтеру және жалақысы жоғары жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Сонда ғана мемлекет тарапынан беріліп отырған білім гранттарын толық игеруге мүмкіндік болады. Сонда ғана біз бұрынғы гидро институттың беделін қайта әкеле аламыз», – дейді ол.
Кенжеғали Шилібек сонымен қатар су саласына мамандар дайындаудағы кейбір мәселелерге тоқталды.
«Су саласына мамандар дайындаудағы жоғары оқу орынның өкілі ретінде кадр тапшылығына келер болсам, біріншіден, су шаруашылығындағы білім беру бағдарламаларына сұраныс аз. Мемлекеттік тапсырыс, облыс әкімі бөлген білім беру гранттары жыл сайын игерілмеуде. Мысалға, 2022–2023 оқу жылында 6В086 «Су ресурстары және суды пайдалану» білім беру тобына жалпы 328 орын бөлінді, оның 90-ы қысқартылған білім беру бойынша, яғни колледж бітірушілеріне, «Серпін» бағдарламасы бойынша 10, магистратураға 70, «Гидротехникалық құрылыс және су ресуртсарын басқару» білім беру бағдарламасына 20 орын берілді. Өкінішке қарай, республика бойынша бұл орындардың 30 пайызы ғана игерілді. Бүгінде Дулати университетінде су ресурстары бағытында 107 студент білім алуда. Өткен оқу жылында екі сала бойынша 43 бітіруші диплом алып шықты. Оқуды аяқтаған соң, түлектердің 80% өз мамандығы бойынша «Қазсушар» филиалдарына, бассейндік инспекцияларға жұмысқа орналасады, алайда ондағы айлық жалақыға ұзақ уақыт тұрақтамай басқа салаға ауысуда. Себебі еңбекақысы өте төмен, мысалға жаңадан жұмысқа кірген жоғары білімді су саласы маманының айлығы – 95-120 мың теңге аралығында ауытқиды. Бұл еліміз бойынша орташа еңбекақы – 350 мың теңгемен салыстырғанда, 3-3,5 есе төмен. Тағы бір жағы мамандық мәртебесінің төмендігі.
Шыны керек, мемлекет өзіне қажетті мамандықтарға оқу грантын көп бөледі. Алайда ол мамандардың оқу бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуды міндеттеуге назар аударулары әлі де болса жеткіліксіз. Осы жағын қолға алу қажет», – дейді профессор.
«Техникалық мамандарды дайындауда біраз құндылықты жоғалттық»
Жуырда өткен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек су саласының мамандықтары мәселелері бойынша бірлескен кеңесінде жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысып, су мамандарын даярлау тақырыбы қозғалған еді. Онда «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, оған «Гидрогеология», «Су ресурстары және су қауіпсіздігі» секілді су саласының мамандықтары қосылғаны айтылып, биылдан бастап қазақстандық студенттер аталған мамандықтар бойынша шетелде білім ала алатыны жария болған еді. «Біз үшін су саласы мамандығын тартымды ету маңызды. 2024 жылдың басынан бері су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 22 пайызға өсті. Бұған Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген іс-шаралардың арқасында қол жетті. Сонымен қатар отандық су саласының кадрлық әлеуетін арттыру үшін министрлік су шаруашылығы мамандарын қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр», – деген еді сонда Нұржан Нұржігітов.
Бүгінде елімізде 10 оқу орны су саласының мамандарын даярлайды. Ал қазір су мамандықтары бойынша 2 500-ге жуық студент оқиды. Дегенмен студенттерге нағыз маман иесі болуы үшін де көптеген жұмыс кезегін күтіп тұрған секілді. Бұл ойды Кенжеғали Шилібек те қостайды.
«Тәуелсіздік алғанға дейін бізде ұлттық білім, ұлттық тәрбие беру жүйесі кеңестік сипатта қалыптасты деуге болады. Менің ойымша, мұның басты себебі батыстық білім беру жүйесі – «Болон» үдерісін қолданысқа енгізгеніміз болды. Еуропа елдерінің ортақ білім беру жүйесіне ену мақсатында Орталық Азия елдерінен бірінші болып, Қазақстан «Болон» үдерісіне 2010 жылы енді. «Болон» үдерісіне ене отырып, отандық білімнің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру, үш сатылы жоғары білімді енгізу, академиялық кредиттер жүйесін қабылдау, білім сапасын бақылау, студенттер мен оқытушылардың мобильділігін кеңейту көзделді. Бұл жүйе отандық білім жүйесін еуропалық озық тәжірибелер мен ғылыми жаңалықтарды батыл енгізу арқылы халықаралық үлгіде дамытуға мүмкіндік берді. Таяқтың екі ұшы бар дегендей біз, техникалық мамандарды дайындауда біраз құндылықты жоғалттық. Болашақ инженерлер білуге тиіс қажетті инженерлік-техникалық пәндер оқу үдерісінен алынып тасталды, не болмаса мазмұны өзгеріп, сағаттары қысқартылды. Білімді бағалау жүйесі өзгертілді. Нәтижесінде, көпшілік студент үшін оқу орындарындағы негізгі мәселе сапалы білім алу емес, жоғары балл жинау, мамандық игеру емес, диплом алу болып кеткені жасырын емес. Оның үстіне бұл мамандықтарға Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең төменгі шекті балл алғандардың мемлекеттік грантқа түсуінің әсері де жоқ емес. Сонымен қатар жастар су саласына қызықпайды. Өйткені бұл саладағы мамандардың қоғамдағы мәртебесі төмен. Айлық жалақысы аз. Жоғарыда айтқандай, су бағытында оқитын студенттерге ерекше статус беріп, олардың шәкіртақысын екі-үш есеге дейін көтеру және соңғы курсты дуалды оқытуға көшіріп, мекемеде айлық жалақымен жұмыс істеуге мүмкіндік беру қажет. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламаласына су саласының түлектерін тартуымыз керек. Мамандардың әлеуметтік қамтамасыз етуді кепілдендіру, біліктіліктерін жүйелі арттыру, жалақыны көтеру, сала еңбеккерлерін насихаттау арқылы ғана су мамандарының мәртебесін жақсарта аламыз», – дейді ол.
Кадрға қажеттілік 800 адамға дейін артады
Сарапшылар гидромелерация мамандығын «ең қажетсіз мамандық» деп атап көрсеткен екен. Мұның бір себебі бұл мамандыққа сұраныстың азаюы, оқыту кезінде практикалық тәжірибенің жоқтығы мен жергілікті жерде жұмыс бола бермейтіні. Мамандар инженер-мелиоратор топырақтың құнарын жақсартуға және шаруашылықты ұйымдастыруға жауапты жан екенін айтады. Оның жұмыс ауқымы кең, жауапкершілігі де орасан. Ол жер суландыру техникаларын, топырақтың қоректену режімін дұрыс пайдалануды, ауылшаруашылық дақылдарынан тұрақты және мол өнім алудың тиімді жолдарын ұсына алатын, канал, тоған, су қоймалары мен бөгендердің техникалық қауіпсіздігін болжай білетін, гидрологиялық қолайсыз жағдайларын жақсарта отырып, жер қорын өте тиімді түрде пайдалану әдістерін меңгерген маман. Алайда біздің шаруа қожалықтары мұндай маман иесін қажет етпейді. Осыдан келіп әркім өз әрекетімен жерді пайдалануда. Нәтижесінде, жер сортаңданып, тұзданып, тозып, экологиялық мәселелер туындап жатыр.
Иә, бізге саладағы проблемалардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта, «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар», «Су ресурстарын басқару», «Гидромелиорация», «Елді мекендерді сумен қамтамасыз ету және суды бұру», «Гидрогеология және инженерлік геология», «Су шаруашылығының экономикасы», «Су дипломатиясы», «Мелиоративтік жұмыстарды механикаландыру», «Гидроэнергетика» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлау аясын кеңейтуіміз керек. Себебі болжам бойынша, 2029 жылға қарай кадрға қажеттілік 800 адамға дейін артады, ал оларды даярлау үшін 350-ге жуық педагогика маманы қажет болады екен. Оның ішінде 170 маманның ғылыми дәрежесі болуы керек. Мұнша мандарды аз уақыттың ішінде даярлай алу да оңайға соқпасы анық. Дегенмен Үкімет қолынан келгенін жасап бағуда. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша, су шаруашылығы саласына кадр даярлауға жыл сайын 400-ден астам орын бөлінеді, ал жаңа тұжырымдамада грант санын арттыру қарастырылған. Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі бүгінеде су мамандарын даярлауда еліміздің төрт макроөңірі таңдалғанын, онда экономика салалары бойынша, оның ішінде су саласының болашақ мамандарын даярлайтын тірек колледждер құрылатынын айтады. Айта кетейік, бүгінде еліміздің бес колледжі су саласының мамандарын даярлайды. И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі, Мақтаарал аграрлық колледжі, Түлкібас агробизнес және туризм колледжі, Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі және Манап Өтебаев атындағы жаңа технологиялар жоғары колледжінде гидрогеология саласының 300-ге жуық болашақ мамандары оқиды және олардың 90%-ы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алады.
Сонымен қатар 2024-2025 жылдары «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану», «Гидротехникалық мелиорация» және «Гидротехникалық құрылыс» және тағы басқа мамандық бойынша техникалық және кәсіптік білім беруде мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту жоспарлануда. Сондай-ақ жуырда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Француз даму агенттігінің (AFD) өкілдерімен кездесіп, су саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылаған еді. Агенттік өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Франция президенті Эммануэль Макронмен жақында өткен кездесуінен кейін қос тарап су секторын қоса алғанда, түрлі бағыттағы ынтымақтастықты белсенді түрде нығайтуға ниетті екенін атап өтті. Қонақтар 100-ге жуық елде жұмыс істейтін AFD бірлескен жобалар бойынша техникалық сараптама, несие түрінде ұзақ мерзімді қаржыландыру және техникалық-экономикалық негіздеме дайындауға гранттар беруге дайын екенін хабарлады. Сондай-ақ Француз даму агенттігінің өкілдері Астана қаласында қазақстандық филиал ашуға ниет білдіріп отырған көрінеді. Сол жиында Нұржан Нұржігітов Су ресурстары және ирригация министрлігі отандық су саласының мамандарын оқыту және біліктілігін арттыру үшін француз мамандарын тартуға қызығушылық танытып отырғанын, сондай-ақ франциялық сарапшыларды елдің су шаруашылығы объектілерінің ағымдағы жай-күйі туралы дерек жинайтын ахуалдық ақпараттық орталықтың жұмысына тарту мәселесін де қарауды ұсынды.
ТҮЙІН:
2023 жылы аграрлық және су салалары бойынша мемлекеттік білім беру гранттарын игеру көлемі небәрі 59%-ды құраған. Мәселен, былтыр «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығына бүкіл ел бойынша 101 адам ғана келіп түсіп, мемлекеттік гранттардың 70%-ы игерілмей қалыпты. Ғылым және жоғары білім министрлігі қазір 10 ЖОО су ресурстары саласында кадр дайындап жатқанын айтады. Көпшілігі «Су шаруашылығы» және «Су ресурстары» мамандығы бойынша оқиды, ал инженер мамандар тек М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде оқытылады. Жалпы, елімізде су мамандарын негізінен Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Қазақ-Неміс университеті даярлайды. Соңғы кездері басқа да жоғары оқу орындарында су бағытында білім беру бағдарламаларын ашып, болашақ су мамандарын даярлауда. Енді осы бағытта жұмыстар өз нәтижесін береді деп сенеміз. Алаңсыз жүргенде саламыз мамансыз қалмасын.
Наурызбек САРША