Бірқатар ауылда инфрақұрылымды жаңғырту жұмысын жүргізу қажет. Осы күні өңірдегі 140-тан астам ауылға сапалы ауызсу жүргізілген жоқ.
«AMANAT» партиясы ауылдық аумақтарды жаңғырту бағдарламасын іске қосады
Фото: agroqogam.kz
835
оқылды

Қостанай облысының әкімдігі мен «AMANAT» партиясының өңірлік филиалы ауылдық елді мекендерді дамытуды, абаттандыруды көздейтін «Жарқын ауыл» жобасы іске қосылған мәлімдейді. Бүгін аталған бағдарлама қанатқақты режимде Қостанай ауданы Айсары ауылында іске қосылды. Бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясында жүзеге асырылып жатыр.

Бүгінде Қостанай облысы тұрғындарының 38%-ы ауылдық жерде тұрып жатыр. Бірқатар ауылда инфрақұрылымды жаңғырту жұмысын жүргізу қажет. Осы күні өңірдегі 140-тан астам ауылға сапалы ауыз су жүргізілген жоқ. Сондай-ақ 150-ге жуық ауыл жылдамдығы жоғары интернетпен жабдықталмай отыр. Жол сапасы, көшелерді жарықтандыру жұмысы, мектептер мен медициналық нысандардың жағдайы көңіл көншітпейді.

«Жарқын ауыл» жобасы ауылдық елді мекендердің әл-ауқатын арттыруға арналған. Демеушілердің қаражаты есебінен тұрғын үйлер салынады, балаларға және спортпен шұғылданатын адамдарға арналған алаңдар ашылады, скверлер мен саябақтар жабдықталады, демалыс үйлері салынады және өзге де жұмыстар жүргізіледі. Жоба аясында 400-ден астам ауыл қамтылады. Өңір кәсіпкерлері бұған 10 млрд теңгеге көлемінде қаржы бөліп, қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді. Қостанай облысының әкімі бізге көп қолдау көрсетті. Бұл – партия мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара тиімді әрекеттің жарқын үлгісі. «Жарқын ауыл» жобасы ел дамуына ерекше серпін береді дегене сенімдеміз», – деді «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов.

Осылайша, партияның аудандық филиалдары әкімдіктермен және кәсіпкерлермен тиісті меморандумдарға қол қояды. Бұл қадам жобаның тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, алдағы үш жылда ауылдар сапалы сумен жабдықталады, сапалы жолдар салынады, жылдамдығы жоғары интернет жүргізіледі және елді мекендердің жалпы эстетикалық келбеті жақсарады.

«Жарқын ауыл» жобасының алғашқы кезеңінде Қостанай ауданы Айсары ауылдық округіндегі 3 көше жөнделеді, жергілікті стадион қайта жаңартылады, «Айсары-Половниковка» су құбыры салынады және фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады. Барлық жұмыс биыл 1 қазанға дейін аяқталады. Тиісті меморандумға: Айсары ауылдық округінің әкімі Бауыржан Нұрғазин, партияның Қостанай аудандық филиалының төрағасы Марина Растегаева және бизнес-қоғамдастық өкілдері: Бисембай Бурашев, Болат Анкауов, Андрей Хорошилов, Олег Двоеглазов, Андрей Эм, Светлана Быстрякова, Талғат Жүргімбаев, Батыржан Мұхамбетжанов, Максим Пономарев және Мұрат Башибаев қол қойды.

«Біз әр тұрғынға заманға сай жағдай жасай отырып, ауылдық жерлерді өмір сүруге барынша тартымды әрі қолайлы етуге тырысамыз. Тұрғындардың көпшілігі, әсіресе жастар қауымы ірі қалаларға көшуге ниетті екені жасырын емес. Осы орайда, «Жарқын ауыл» жобасы – дәл осы ауылдық елді мекендерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасау қадамы», – деді Марина Растегаева.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында биыл Қостанай облысында 5 жаңа мектеп салу, жұмыс істеп тұрған 51 мектепті жөндеу, 19 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт ашу, 19 елді мекенді сумен қамтамасыз ету және тағы басқа жұмыс жоспарланып отыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.