Мұздатылған миды зақымдамай қалпына келтірудің жаңа жолы туралы newatlas.com сайты жазды. Бұндай криоконсервация үшін қандай химиялық қоспа қажеттігін Aikyn.kz америкалық платформаға сілтеме жасап талдайды.
Бұндай химиялық қоспада адам миын ұзақ сақтауға болады. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Depositphotos
Тоңазытқышта мұздату органикалық заттарды бұзылудан, ыдыраудан сақтағанымен оның құрамындағы пайдалы элементтердің жойылуынан сақтай алмайды. Олар бұрынғыдай пайдалы болмайды.
Заттың құрамындағы су мұз болып қатқанда сол кристалдар жасушаларды жарып жібереді. Сондықтан мұздатылған ет немесе жемістер ерігеннен кейін жұмсарып, өзінің бұрынғы балғын күйін жоғалтады.
Бұндай үлкен проблема – трансплантация немесе зерттеу үшін тоңазытқышта сақталған ағза мүшелері мен тіндерге де қатысты. Жаңа зерттеуде Қытайдағы Фудан университетінің ғалымдары әртүрлі химиялық қосылыстарды қолданып, олардың қайсысы мұздату кезінде ми тінін тірі сақтауға көмектесетінін анықтау үшін тәжірибе жасады. Олар ми органоидтарында перспективалы химиялық заттарды сынаудан бастады.
Органоид – әртүрлі типтегі туысты жасушаларға айналатын ми тінінің зертханада өсірілген шағын түйіршіктері.
Ми бөлшектерін химиялық қоспаға батырып, 24 сағат бойы сұйық азотта мұздатады. Фото ferra.ru сайтынан алынды
Органоидтар әртүрлі химиялық қоспаларға батырылып, 24 сағат бойы сұйық азотта мұздатылған. Содан кейін оларды жылы суда жылдам ерітіп, функцияларының сақталуын, өсуі мен жасушаның зақымдану белгілерін тексерген. Мидың шағын түйіршіктерін ең жақсы қорғайтын химиялық қоспалар зерттеудің келесі кезеңіне өткен, ол әртүрлі комбинацияларда мұздату-еріту сынақтарын қамтыған.
Соңында, зерттеушілер төрт негізгі ингредиенттің атымен аталатын MEDY деп аталатын ең перспективалы қоспаны ойлап тапты: метилцеллюлоза, этиленгликоль, DMSO және Y27632. Команда жасы төрт аптадан үш айға дейінгі шағын миларды өсірді, оларды MEDY-де мұздатып, ерітті, содан кейін оларды тағы бірнеше апта бойы бақылаған.
Бір қызығы, MEDY-де мұздатылған ми органоидтары ешқашан қатырылмаған ми бөлшектері сияқты өсу және жұмыс істеу функцияларын көрсеткен. Бір таңғаларлығы, MEDY-де 18 айға дейін мұздатылған ми тіндері ерігеннен кейін де өзінің қорғаныс қабілетін сақтаған.
Фантастикалық фильмдердегі криоконсервация жақын жылдары мүмкін бе? Фото hi-news.ru сайтынан алынды
Команда сонымен қатар эпилепсиямен ауыратын адамнан алынған тірі ми тінінің үлгілерін мұздатып, MEDY оларды зақымданудан қорғайтынын анықтады. Бұл процесс ми жасушаларының құрылымын бұзбаған және эпилепсия патологиясын сақтаған.
Бұл зерттеушілер үшін маңызды, өйткені бұл үлгілерді кейін зерттеу үшін немесе талдау үшін мұздатып ұзақ сақтауға болады. Мұздату процесі оның патологиясын, құрамын еш өзгертпейді.
Жаңа мұздату технологиясының ең жылдам әсері ми органоидтарын және биомедициналық зерттеулерге арналған үлгілерді ұзақ сақтауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл әбден сынақтан өткен соң адамның миын немесе басқа органдарын тұтастай мұздатып ұзақ сақтауға болады. Зерттеу Cell Reports Methods журналында жарияланды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.