Депутаттар бірінші оқылымда экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасын қарайды. Заң жобаларын Парламент депутаттары Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауын орындау үшін әзірледі. Онда экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі декриминализациялау және кәсіпкерлерді салық қылмыстары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту нормаларының шегін айқындаудың әділ тетігін енгізу тапсырылды.
Екінші оқылымда депутаттар өздері бастамашы болған электромобильдер инфрақұрылымын дамыту мақсатымен әзірлеген экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасын қарайды.
Сондай-ақ жалпы отырыстың күн тәртібі жобасына спорттық бағыттағы жылқылардың қазақ тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері жөніндегі депутаттар әзірлеген заң жоба енгізілді. Бұл құжат асылтұқымды жылқылардың сапасын жақсарту және қостанайлық жылқы тұқымының басын ұлғайту үшін селекциялық және асыл тұқымдандыру жұмыстарын жүргізуге бағытталған.
Депутаттар алдағы отырыста Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы оңайлатылған кеден дәлізін құру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын талқылайды. Келісім аясында ақпарат алмасу тараптардың сауда операторларымен оңайлатылған кедендік дәлізді пайдалана отырып және ерікті негізде тасымалданатын жүктер бойынша жүзеге асырылады.