Қоғамдық қабылдауға «АМАNАТ» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, мәслихат депутаттары және заңгер мамандар қатысты.
«Құқықтық көмек»: Жамбыл облысының тұрғындары медиаторлардан кеңес алды
1,490
оқылды

Тараз қаласындағы №1 Халыққа қызмет көрсету орталығында «АМАNАТ» партиясының облыстық қоғамдық қабылдауы ұйымдастырылып, тұрғындар «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында тәжірибелі заңгерлер мен білікті мамандардан түрлі мәселеге қатысты сауалдарына жауап алды.

Қоғамдық қабылдауға «АМАNАТ» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, мәслихат депутаттары және заңгер мамандар қатысты.

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі алимент өндіру, тұрғын үй мен жер учаскесін алу, мүгедектік тағайындау, несиені жабу, мүлікті жекешелендіру секілді мәселелерін айтты.

Құқықтық кеңес алуға келген жамбылдық тұрғын Айжан Аманжолова мұрагерлік құжат рәсімдеуде кедергілерге тап болған. Оның тұрып жатқан үйі әлі күнге дейін осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған әкесінің атында екен.

«Осыған дейін мұрагерлік рәсімдеу бойынша бірнеше мекемеге бардым. Бүгін тағы да ХҚКО-ға келіп отырмын. «АМАNАТ» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында заңгерлерден тиісті кеңестер алдым. Жасыратыны жоқ, заңгерлер мұндай кеңеске айтарлықтай қаржы алады. Сондықтан қала тұрғындарына тегін кеңестер ұйымдастырып отырған «АМАNАТ» партиясына алғысым шексіз», – дейді Айжан Аманжолова.

«АМАNАТ» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов келушілерге тегін кеңес беріп, сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар алаяқтарға алданғандарға заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Құқықтық көмек» партиялық жобасының негізгі мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Оның аясында әлеуметтік осал топқа құқықтық көмек беру мақсатында азаматтардың арыз-өтініштері бойынша заңгер, адвокат, медиатор мамандар тегін түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Еліміздің барлық өңірінде апта сайын тұрақты түрде аталған жоба аясында тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес беріледі», - деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Айта кетерлігі, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 сәуірге дейін 555 қабылдау өткізіліп, 2500 адамға кеңес берілді.

«Құқықтық көмек» бойынша қабылдауға жазылу үшін «AMANAT» Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің төменде көрсетілген байланыс телефондарына хабарласуға болады:

1. Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);

2. WhatsАpp: 8 700 800 4441

3. Электронды пошта: komek@amanatpartiasy.kz