Шараны «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ және «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ Орталық кеңесі ұйымдастырды. Симпозиумға Қорғаныс министрлігінің, ҚР Президенті архивінің, Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының, Ұлттық қорғаныс университетінің басшылығы, Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері, Астана қаласындағы әскери колледж кадеттері, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысушыларды елімізде Сағадат Нұрмағамбетовтің мерейтойы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы хабардар етті. Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері әскери институтында «Әскери ант» телесериалы түсірілді. 25 мамырда оның құрметіне Ақмола облысының Ақкөл қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы ескерткіш пен сквердің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Биылғы 16-23 маусым аралығында Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығында халық батырының құрметіне «Айбын» X халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов 1-ші Түркістан пулемет әскери училищесінің түлегі Сағадат Нұрмағамбетовтің Ұлы Отан соғысы тарихындағы бірегей орнын атап өтті.
– Әскери қызметке 50 жылдан астам ғұмырын арнаған батыр соғыс жылдарын пулемет взводының командирі ретінде бастап, атқыштар батальонының командирі болып аяқтады. Ұлы Отан соғысында Кубаннан Берлинге дейінгі жолды өтті. Оның үзеңгілес досы, жауынгерлік серігі, офицер, соғысқа қатысушы Леонид Гирш Сағадат Нұрмағамбетовтің бүкіл соғыста майданда, оқ пен оттың арасында өткергенін айтады, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Шара соңы Қарулы Күштердің бірқатар ардагеріне «С.Қ. Нұрмағамбетовке 100 жыл» естелік белгісін табыстаумен және ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының мерекелік концертімен аяқталды.