Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысы барысында депутаттар «Қазақстан Республикасында адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» жаңа Заң аясында вандализм үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша түзетулер пакетін қабылдады. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері әзірледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында заң мен қоғамдық тәртіптің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Президент көшелердегі және табиғаттағы вандализм, кейбір азаматтардың мәдениетсіздігі біздің еліміздің халықаралық аренадағы имиджіне кері әсерін тигізетініне назар аударды.
Мәселені шешу үшін «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері мен жақтастары өткен жылы Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен қорғау бойынша ауқымды республикалық акцияны іске қосты. Ал өткен жылдың қараша айында партия мүшелері Kaz Alpine Сlub-пен бірлесіп вандализмге қарсы нақты ұсыныстар көрсетілген петицияны жариялады (https://alash.online/1659-vandal.HTML). Кейбір бастамалар бүгін қабылданған заң жобасына негіз болды.
«Депутаттар вандализм жасағандар үшін, сондай-ақ ғимараттарды, жалпы пайдалану орындарын қорлауға және бөтеннің мүлкін жоюға қатысты жазаны қатаңдатуға бағытталған түзетулер енгізді. Мысалы, Қылмыстық кодексте вандализмге қатысты 294-бап бойынша жаза өсті. Енді ол 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұлмен не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен не жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартумен не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынумен жазаланады; жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластағаны үшін айыппұл 2 есеге – 10 АЕК-ке, ал қайталанған жағдайда – 20 АЕК-ке ұлғайтылды», – деп атап өтті Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Марат Башимов.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.