Бүгін Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутат Данабек Исабеков отандық анимацияны жетілдіру және оның өскелең ұрпақты тәрбиелеуіне әсер ететінін көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауалын жолдады.
Оның айтуынша, жеткіншек ұрпақты ұлтымыздың дәстүрлі құндылықтарына сәйкес тәрбиелеу тетігі – отандық анимацияны дамыту.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық заманда «рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер туралы мәселені қайта күн тәртібіне қою керек» деп атап өтті. Расымен, бүгінде қазақы ауылда туып, танымы қалыптасып келе жатқан жасөспірімдердің тілі орыс немесе ағылшын тілінде шығып жатыр. Бұған әсер ететін фактор көп. Оның ішіндегі ең негізгісі YouTube пен TikTok-тың ықпалы зор, – дейді Данабек Исабеков.
Депутаттың айтуынша, АҚШ, Германия, Франция, Англия, Жапония және Қытай анимация саласына стратегиялық маңыз беріп, миллиондап, тіпті миллиардтап қаржы құяды. Шығыс Азия елдері – Корея, Жапония мен Қытай анимациясы ұлттық сипатта дамыса, Еуропа мен АҚШ-та коммерциялық бағытта бизнестің бір құралына айналған. Көрші Ресей Федерациясы балаларға арналған анимациялы фильмдерді идеология құралы ретінде пайдалануға көшкен.
– Оның айқын мысалы, 2020 жылы Мәскеу билігі мультимедиа саласын субсидиялауға 300 миллион рубль бөліп, анимациясының саны мен сапасын арттыруға мән берді. Соның әсерінен болар Ресей 2010 жылы 25 мың минутқа жететін мультфильм шығарса, 2020 жылы 55 мың минуттан асырды. Ресей жылына 200 сағат анимациялық өнім ұсынса, Қытай 3 мың сағат эфир дайындайды. Ресми Пекин анимация саласына ерекше екпін беріп, өздері өндірген анимациясының уақытын 300 мың минутқа жеткізіп, әлемде бірінші орынға шықты, – деді ол.
Данабек Исабеков қазақ балаларының жат ел идеологиясының құрбанына айналып жатқанын сөз етті.
"Біздің балалар өзінің ұлттық болмысына жат, санасына сай келмейтін өнімдерді тұтынуда. Өйткені біздің ел анимация саласында мақтана алмайды. Қазір жасөспірімдер шетел анимациясын өзінің төл туындысындай тұтынып, қалың қазақ отырған ауылға кеңінен таралмаған. Салдарынан бесік балаларының тілі не орыс, не ағылшын тілінде шығып жатыр. Өйткені отандық анимация да тың ой, жаңашыл жаңалық жеткізуі жағы кемшін. Бұрынғы сүрлеумен жүріп, күрделі, философиялы туындылар ұсынады. Балалар мұндай туындыны қабылдай алмайды әрі қызықпайды", – деген депутат отандық анимация саласына жаңа серпін беру қажеттігін жеткізді.
Депутаттың ойынша, сол үшін Үкімет ұлттық анимация өнімдерін субсидиялау көлемін арттыруы керек деп санайды.
– Елдегі мультипликатор маманын даярлайтын оқу орындары 2D анимациясы бойынша білім берумен шектелмей, 3D форматты игеруге басымдық беруі міндет. Кәсіби сценарист пен талантты суретшілер және IT мамандар бірлесе жұмыс істеп, сапалы анимациялық өнімдер дайындауды жолға қою маңызды. Қазір балалар тез қозғалатын, ары кетсе 10-15 секундқа созылатын, өзінің дүниетанымы мен көзқарасына сай келетін, бояуы қанық дүниелерге қызығады. Ендеше, жасөспірімдердің таным-түсінігіне сай қысқа метражды анимация өнімдерін көбейту маңызды. Анимация саласын заманауи талаптарға сай дамыту үшін IT мамандарды тарта отырып, идеологтар мен психологтар, керек болған жағдайда, педагогтарды тартуды ойластыру өзекті. Онсыз әлем алпауыты Disney сынды сапалы өнімдер түсіру мүмкін емес. Мәдениет және спорт министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі бірігіп, отандық анимацияны дамытуда концепция дайындауы маңызды", – Данабек Исабеков.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.