Қапшағайдың Қонаев атанып, Алматы облысының орталығы мәртебесін иеленгеніне де екі жыл болды.
Жауапсыз мердігердің ісі сотта қаралады
1,392
оқылды

Мемлекет басшысының Жарлығымен жүзеге асқан жаңалықтан бергі кезеңде Қонаев қаласында жаңа құрылыстар салу, инфра­құрылымдарды жаңарту, көшелер мен аулаларды абаттандыру және шаһарды тұрмысқа барынша қолайлы ету бағытында тағы да басқа көптеген жұмыстар атқарылды. Облыс орталығы қанатын кеңге жайып, көріктене түсті. Алайда өздерінің иықтары көтере алмайтын міндеттерді мойындарына алып алған соң оны уақытында жүзеге асыра алмай, «ұзын арқан, кең тұсауға» салатын жауапсыз компаниялар кесірінен «сақалды» құрылыстар қатары да артып отырғанын, жөндеу жұмыстарының жөнсіз созылып кетуі жиілегенін жасырып қалуға болмайды. Соңғы кезде осындай мәселелер көбейіп, тіптен күрделеніп барады.

Осы жағдайға алаңдаушылық білдірген қала әкімі Асхат Бердіханов аппарат жиыны барысында құрылысы тым ұзаққа со­зыл­ған нысандарға қатысты түйткілді жағ­­­­дайларды жайып салып, жауапсыз мер­дігерлерге қоса, осы салаға жауапты тұл­­­­ға­лардың бейқамдығын қатаң сынға алды.

«Бақылау мүлде жоқ. Компаниялар бөлінген ақшаны шоттарына аударып алады да, сөзбұйдаға салып, құрылысты созып жүре береді. Ондайлардың жұмысын бақылап, заңды тұрғыда талап қоюға тиістілер де тым жайбарақат. Соның салдарынан қала тұрғындары тарапынан орынды наразылық туындап, облыс орталығының бүгінгі келбетіне көңілі толмаған жұртшылық реніштерін білдіруде. Сондықтан тез арада нақты шаралар қабылдап, күрделі мәселенің күрмеуін тарқатыңдар», – деді Асхат Бердіханов қарамағындағы құрылыс саласына жетекшілік жасаушыларға қарата.

Әкімнің сынына қалғандардың бірі SHEBERBUILD ЖШС-ның жұмысы ха­л­ық­тың да, атқарушы биліктің де көңілінен шықпай отыр. Аталған компания шаһардағы жылу жүйелерін ауыстыру және Қ. Қай­­сенов атындағы №4 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу, №10 ша­ғын ауданда 3 тұрғын үйді салу бойынша конкурс­ты ұтып алған. Осылардың ішіндегі білім ошағының күрделі жөндеуі 2024 жыл­дың 30 сәуірінде аяқталуы керек бол­ған. Алайда компания сылбырлық танытып, белгіленген мерзімде жөндеуді аяқтай алмады. Жұмыстың тек 75 пайызын ғана орындаған. Осыған байланысты қалалық білім бөлімі компанияның ісін сотқа жіберіпті. 

Аталған серіктестік мектепті күрделі жөндеуден өткізуді белгіленген уақытта аяқтай алмағанымен қоймай, қаладағы №2, 4, 5 шағын аудандардың жылу желі­сін ау­ыстыруды да әбден кешіктірген. Бұл маңызды міндетті осы жылдың қаң­тарын­да межесіне жеткізуі керек еді. Бі­рақ былтырғы қыркүйек айынан бері жос­пардан кейін қала бастаған компания жұмыс­тың орындалу кестесін мүлде сақтамаған. Қалалық ТҮКШ бөлімі туындаған мәселеге байланысты компанияға бірнеше рет хат жібергенімен ешқандай нәтиже шық­папты. Ақыры, іс Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жолданатын болды. ТҮКШ бөлімі қос тараптың келісімшартын бұзу әрі мердігерді жосықсыз деп тану туралы талап қоюды көздеп отырған көрінеді. 

Тағы бір «сақалды» құрылыс №10 ша­ғын аудандағы 180 пәтерлі тұрғын үйлер былтыр желтоқсанда қолданысқа берілуі ке­­­­­рек болған. Желтоқсанды қойып, құ­ры­лысы әлі күнге толық аяқталмапты. Құ­ры­­­лыс бөлімі бірнеше рет хат жолдап, ке­йін сотқа беріп, мерзімді 20 маусымға дейін соз­ды. 

 Болат АБАҒАН,

Алматы облысы