Еліміздің білім ошақтарында соңғы қоңырау соғылып, оқушылардың мектеппен қоштасатын, түлектердің жаңа өмірге қанат қағып, қадам басатын аяулы шаққа санаулы ғана күндер қалды.
Сыңғырла, сырлы қоңырау
4,327
оқылды

«Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» шәкірт үшін мектеппен қоштасу – қимастық сезімге толы ең бір албырт шақ. Мектеп бітіруші түлектер дәстүрлі соңғы қоңырау соғылғаннан кейін мектеп бітіру кешін асыға күтетіні бар. 

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауын­ша, биылғы оқу жылын 3,8 миллионнан астам оқушы аяқтайды екен. Оның 186 мыңы 11 сынып бітіретін түлектер. Олар мектеп бітіру кешін бұрынғыдай «ас та төк» сән-салтанатпен тойламайды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың ескер­туінше, түлектер соңғы қоңырауды ысырап жасамай, даңғаза қылмай өткізуі керек. Ведомство өкілдері соңғы қоңыраудың бірыңғай сынып сағаты форматына ауыс­тырылу себебін елдегі су тасқыны жағ­дайына байланысты деп түсіндірді. Яғни, бұрынғыдай кортеж, мейрамхана, сәнді көйлек секілді ысырапқа жол берілмеуі тиіс.

– Биылғы жылдың түлектері аталған іс-шараны жоғары мәдени деңгейде, еш ысырапсыз, даңғазаға жол бермей, рухани-адамгершілік деңгейінде өткізетіндіктеріне сенімдімін. Бұл болашақ түлектер үшін өнегелі дәстүрге айналған жаңа форматтағы жоғары мәдениетті алғашқы шара болары сөзсіз. Оқу жылын аяқтауды сапалы ұйым­дастыру және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша өңірлік Білім басқармаларының басшыларына дербес жауапкершілік жүк­теймін, –  деді министр.

Соған сәйкес, түлектер үшін 25 мамырда «Мектебім, саған мың алғыс!» атты іс-шара аясында соңғы қоңырау соғылатын болады. Ал республикамыздың барлық мектебінде 24 мамыр күні «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттары өтеді. 

– Бұл былтырғы жылдың қыркүйек айында енгізілген «Біртұтас тәрбие бағдар­ламасы» шеңберінде қабылданған жоспарға сәйкес ұйымдастырылуы тиіс, – деді ми­нистр Ғани Бейсембаев. 

Ал бірінші вице-министр Наталья Жұ­ма­ділдаеваның айтуынша, «Білімім – Ота­ныма» тақырыбындағы бірыңғай сынып саға­тын өткізу – бұл бүгінгі таңда жоғары бі­лімді ұлтты қалыптастыру үшін, ең ал­ды­мен, бізде білім культі болуы керек еке­нін үндейтін Мемлекет басшысының не­гізгі идеясының жалғасы. 

– 1-сыныптан 10-сыныпқа дейінгі бар­лық білім беру ұйымдары үшін оқу жылы­ның аяқталуы қорытынды есеппен қатар жүруі қисынды. Педагогтермен және ата-аналармен бірлесіп бала, жалпы сынып қан­дай жетістікке жетті, соны қорытын­ды­лау, – деп атап өтті ол.

Дегенмен Наталья Жұмаділдаеваның айтуынша, түлектердің соңғы қоңырау фор­матын таңдау мүмкіндігі бар. Бірақ мек­теп бітіру кештерін міндетті түрде білім мекемесінің қабырғасында немесе аула­сында өткізу, іс-шараға түлектердің мектеп формасымен қатысуын және барынша қара­пайым өткізілуін қатаң бақылау басты назарда болады.

Мектеп бітіру кешінің форматы қандай болу керек?

Министрліктің бұл талабы әдеттегідей әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Жаң­а­­лықты бірі қолдап жатса, енді бірі қар­сылық танытып, жарыса шуласып жа­тыр. Мәселен, қолдаушы тарап, «Уни­вер­ситетке қайта-қайта түсуге, бірнеше диплом алуға болады. Бірақ мектепте бір-ақ рет оқып, бір-ақ рет бітіресің. Аттестат алып жаңа өмірге қанат қағар сәт – әрбір түлек үшін балалық шақпен қоштасу, ең бір қи­мас сәт» десе, қарсы тарап түрлі қауіп­сіздік шарасы мен қаражат мәселесін жа­рыса жазып, кейбірі соңғы қоңырау кеңес­тік кезеңнен қалған дәстүр дейді. Әрине, тү­лек­тер үшін мек­теп бітіру кешінің сән-сал­танатты бол­ғаны қызық.

– Он бір жыл бойы бірге оқыған, бір партада отырған сыныптастарыңмен қош­тасу оңай емес. Әр бала арман қуып әр қа­ла­ға, әр салаға кетеді. Сондықтан түлек­тердің есінде қалатындай мектеп бітіру кеші өткізілгені дұрыс деп ойлаймын. Тек барлығы ата-анамыз бен ұстаздардың ба­қылауында болса... Салтанатты кештің бол­ғаны дұрыс еді, – дейді 11-сынып оқу­шысы Азат Қасымұлы.

Тарих пәні мұғалімі Өмір Шыныбек кеңестік кезеңнен қалғанның бәрін ман­сұқтай беруге болмайтынын айтты.

– Мектеп бітіру, мектеппен қоштасу тү­лектер үшін нағыз албырт шақ. Есею, ғашық болу, қимастық секілді мөп-мөлдір сезімдері алаулайтын алғашқы сәттер. Бұрынғыдай таң шапағын қарсы алу, қосылып ән салу, қол ұс­тасып, шыр көбелек айнала билеу – бәрі-бәрі есте қалар, ұмытылмас естелік сыйлайтын мезеттер. Сондықтан даңғаза-дарақылыққа, бәсе­келестікке жол бермей, дәстүрлі форматта атап өткен жөн. Ал жастар арасында кортеж мініп, жарыса түнгі тыныштықты бұзуға, қымбат көйлек­тер киіп, ата-ананың қал­тасына салмақ салуға келіс­пеймін. Бұл кейін пайда болды, – деді ұстаз.

Ал Астана қаласы Байтұрсынұлы атын­дағы Binom school мектеп-лицейінің дирек­торы Марс Сапарұлының айтуынша, мек­теп бітіру кеші түлектер үшін білім бәсеке­сіне бастар интеллектуалды кеш тұр­ғысын­да ұйымдастырылғаны дұрыс.

– Мектеп бітіру оқушының рефлексия беруімен аяқталуы керек деп ойлаймыз. Ал енді форматы: мұғалім, оқушы және ата-ана арасында «Ашық хат», «Брифинг», «Тренингтер», «Сұхбат», «Подкаст» түрінде өткізуге болады. Бұл рәсімдер әр тұлғаның өзіндік қабілетін ескере отырып, түлектерді жас математиктер, робототехниктер, шы­ғар­машыл оқушылар секілді топтарға бө­ліп, ішкі уәжін қолдайтындай шаралар тү­рінде болуы керек, – деді Марс Аблезов.

Яғни, мектеп бітіру кешін атап өтудің жұп-жұмыр форматын қалыптастыру оқушы үшін де, ата-ана, ұстаз үшін де ке­рек. Өмірдің ең бір алаңсыз, ең бір бақытты сәттерінің куәсі болған алтын ұя – мектеп кім-кімге болса да ыстық. Шетелдерде де мектеп бітіру кешін тойлаудың өзіндік дәстүрі бар. Мәселен, Швецияда оқушылар өз мектебінің алдында шерулетіп, міндетті түрде ән шырқайды. Кейін олардың ата-аналары  әрқайсына «бой жету» аттестаты мен балалық шағындағы суреттерін тарту етеді. Ал Жапонияда оқу жылы наурызда аяқталады. Түлектер ән шырқап, халықтық билер билеп, айрықша хореографиялық шеру өткізеді. Жігіттер іскерлік костюм, ал қыздар кимоно киеді. Израильдік мектеп бітіру салтанаты да ерекше. Көбіне оқушы­лар өздерінің ата-аналарына арнап сах­налық көрініс әзірлейді. Театрлан­дырылған қойылым қойып, концерт, мюзикл және тағы басқа да мерекелік шаралар ұйым­дастырады. Жалпы білім беру саласының мамандары мен педагогтер, ата-ана және оқу­шылар бір-біріне алғыс айтып, қимас­тықпен қоштасатын креативті форматта мектеп бітіру кешінің бағдарламасын жа­сауға болады. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ