Жалғансай ауылында 08 сағат 00 минуттағы ахуал тұрақты, ауылдық округте қауіптің сейілуіне байланысты Д.Төленов атындағы орта мектебінде орналасқан Жалғансай ауылының 143 тұрғынын өз үйлеріне қайта көшіру жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сондай-ақ туыстарына орналасқан 46 адамға ауылға қауіп жоқ екені хабарланып, үйлеріне қайтару бойынша жұмыстар жүріп жатыр.
Тұрғындарды қайта эвакуациялау жұмыстарына жалпы 2 автобус, 6 Газель автокөлігі жұмылдырылды.
Сумен шайылған бөгет қосымша нығайтылуда. Тұрғын үйлер мен объектілерді су басу болған жоқ. Зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта Махамбет ауданында су деңгейі – 1 020 см.
Еске сала кетелік, 22 мамыр, сағат 23.41-де Жалғансай ауылына кіреберіс тасжолына жақын маңдағы бөгет жарылды. Салдарынан елді мекенге қарай су таралды.
Оқиға орнында жағдайды реттеу бойынша іс-қимылдарды Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев жүргізді.
Елді мекенге тасқын қаупі төнуіне байланысты, Махамбет ауылына Жалғансай ауылынан 154 адам эвакуацияланды.
Д.Төленов атындағы орта мектебіне 143 адам орналастырылды, қалған 46 адам өз қалауымен туыстарының үйіне жеткізілді.
Сумен шайылған бөгетті күштер мен құралдар және ауыл тұрғындары бірігіп, сағат 04 сағат 20 минутта толықтай қалыпқа келтірді.
Тұрғын үйлер мен объектілерді су басу болған жоқ. Зардап шеккендер жоқ. Электр желісі ажыратылған жоқ.
Қазіргі уақытта қалыпқа келтірілген бөгетті қосымша нығайту жұмыстары жүргізілуде.
Оқиға орнында жұмылдырылған күштер мен құралдар саны: 842 қызметкер, 84 техника, 21 қайық.
Баян Жанұзақова, Атырау облысы