Отырысқа қатысушылар ТүркПА-ға мүше мемлекеттер арасындағы қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін талқылады.
Сенатор Дархан Қыдырәлі өз сөзінде геосаяси шиеленіс пен қарулы қақтығыстардың, сауда соғыстары мен терроризмнің күшейе түсуімен қатар бүгінгі әлем елеулі проблемаларға тап болып отырғанын атап өтті. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі жаһандық күн тәртібін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Бұл проблема бүкіл әлемге ортақ болғандықтан, қауіп-қатерге қарсы тұруда бірлескен шешім іздестіру қажет.
«Қазақстан түркі әлемінің әр мемлекетімен тығыз қарым-қатынасқа ерекше назар аударып келеді. Бұл Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Парламентші ретінде біз ел ішіндегі реформаларды заңды түрде іске асыруды, сондай-ақ халықаралық бастамаларды ілгерілету мәселелерін қамтамасыз етеміз. ТүркПА – түркі ынтымақтастығында маңызды халықаралық алаң. Бұл түркітілдес елдердің мәдени, экономикалық және гуманитарлық салалардағы байланыстарын саралауға, дамытуға, сондай-ақ түркі мемлекеттерінің ықпалдастығын арттыруға жәрдемдеседі», – деді Дархан Қыдырәлі.
Сенаторлар сонымен қатар Анкара қаласындағы Қорғаныс өнеркәсібі басқармасында да болды.