М.Шолоховтың «Тынық Донын» бірнеше рет қайталап оқыған шығармын. Маған сол бір заманның ауыр көрінісін көз алдыңа әкелетін, бір ұлтты, бір елді қолдан бөліп, бір-біріне оқ атқызған зұлмат заманның бейнесін көрсететін шығарма болғандықтан да ұнайтын еді.
Ақ Жайықтай арынды тұлға
1,942
оқылды

Шолоховтың бұл туындысы 1965 жылы 130 миллион тиражға жеткен екен. Тіпті, әлем жұртшылығы бұған пара-пар шығарма жоқ деген-ді. Одан артық әдебиет туындысын жасай алған жоқ деген де пікірлер айтылды. Бізге де солай көрінген. 

Әйтсе де, қазақ әдебиетінде «Тынық Донға» жететін шы­ғарма жоқ емес, бар. Оның бірі – «Қан мен тер». Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің «Қан мен терін» жа­зар­да Шолоховтың «Тынық Доны­ның» желісімен жүріп, соның ық­па­лына түскен дейтіндер де бар. Мүм­кін, өйткені екі кейіпкерді: Ме­лехов пен Еламанды табысты­ра­тын дүние – тағдыр. Бірақ екеуі бірін-бірі қайталаған жоқ. «Тынық Дон» сияқты тағы бір мықты три­ло­гия – «Ақ Жайық» романы. Бұл ро­манды жазған жазушы Хамза Есен­жановтың да тағдыры оңай бол­ған жоқ. 

Біз бүгін Есенжанов туралы тол­ғамақпыз. Зұлмат жылдардың тек­піні Хамзаны да айналып өт­педі. Ол «халық жауы» ретінде 25 жыл­ға сотталып, азап пен тозақты кө­ріп қайтты. Хамза Есенжанов ең­бектерін насихаттауда көп еңбек сіңірген жанның бірі – тарихшы-өлкетанушы Сайлау Сүлейменов. Ол кісі жазушының өмірі мен шы­ғармашылығына арнап, бірнеше кітап шығарды. Архивтерде отыр­ды, деректер жинады. Сайлау аға­мен редакцияда тілдестік. Ол Хам­за Есенжанов туралы біраз құн­ды мәліметтер айтты.

Хамза неге сотталды?

– Хамза ағамен кездейсоқ та­ны­с­тым, – деп бастады Сайлау аға әң­гі­месін. – Қасымда «Ақ Жайық» три­­логиясының басты кейіп­кер­ле­рінің бірі Орынбек қажының не­мере­сі бар еді. Екеуміз де балықшы бо­ламыз деп, институтқа оқуға түс­кенбіз. Күннің жексенбі екенін де есімізден шығып кеткен. Қо­лы­мыз­да ауылдан келген аз-маз дәм­і­міз бар. Жазушылар одағына Хам-за ағаны іздеп бар­дық. Сондағы бір әйел «ондай бел­­­гілі адамдардың телефон-адре­сін кез келген адамға беруге бол­май­ды» деді. Салымыз суға кетіп тұр­сақ, ересектеу келген қазақ аза­маты жолықты. «Қал­таларыңда тиын­дарың болса, соны телефон-ав­томатқа салып, анық­тама бө­лі­мі­нен сұраңдар, сондағы қыз­дар із­деген адамның телефо­нын бі­ле­ді», – деді. Дереу телефон- автомат із­деп, сонда бардық. Бір кезде «әлееу» деген дауыс естілді. Әйел­дің үні. 

Досым бірден жайын айтып, Орын­бектің немересі екенін жет­кіз­ді. Әйелдің дауысы бірден өзге­ріп сала берді. 

– Қайынағаның атын бірден айт­пайсың ба? – деді.

Айтқан мекенжайға бардық. Жұм­сақ, жылы халат киген ағай ал­дымыздан шығып қарсы алды. Аман­дасып, қолымыздағы дәм са­лынған сөмкені ұстаттық. Ағамыз ел­ден келген балықты иіскеп, тебі­рен­гендей болып, омырауына бас­ты. Жеңгеміз бізді төрге алып шы­ғып, дастарқанға отырғызды. «Ай­­­­­­налайындар, мен қазір жазу жа­зып жатыр едім, сендерді жең­ге­­леріңнің қолына тапсырдым», – деді. Ағамен таныстық осылай басталды. 

Хамза Есенжанов 1920-1927 жылдары Жымпитыдағы же­ті жылдық мектепте оқыған. Мек­­тепте оқу қазақ және орыс тіл­­дерінде жүргізілген. Сол мек­теп­ті бітіргеннен кейін 1927 жылы әкесінің інілері Ғалымжан және Қайыржанның ақылымен болашақ жазушы Алматыға бет түзейді. Әуелі Алматы Зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумына оқуға түсіп, 1929 жылға дейін оқиды. 1929 жылғы 1 қыркүйектен – 1930 жыл­дың 1 қыркүйегіне дейін жо­ғары оқу орнына түсу әзірлік кур­сы­ның тыңдаушысы болды да, кіш­кентай кезінен-ақ әдебиет пен өнер­ге өзін бейімдеген Хамза 1930 жы­лы Қазақстанда алғаш ашылған жоғары оқу орындарының бірі Қа­зақ педагогикалық институтына оқуға түседі. 

Кейін бір топ талантты жа­с­тар­мен бірге Ленинградқа аспиран­тура­ға оқуға кетеді. Жазушының дүр­белең жылдары сол кездері бас­талады.

«Әкесі мен шешесінен 9 жа­сын­да тұл жетім қалған баланы әкесінің інісі Қайыржан бауырына ба­сады. Жетімді жетелеп жүріп өсіріп, Шалқар көлінің жағасын­да­ғы кішкентай ауылдан Жымпиты уезіне әкеліп, бірінші кластан жетінші класқа дейін сонда оқыды. Кейін Алматыға кетті. «Хамза неге «ха­лық жауы» атанды?» деген сауал­ға мен де көп ойландым. Оның жары София Жақияқызы­ның анасы Ғалия мен Мағжан Жұ­ма­баевтың әкесі Бекен – туған аға­лы-қарындасты жандар. Хамза жақ­сы шығарма жазғандықтан Мағ­жан оны құрмет тұтқан. Бейім­бет­тен бата алған. Ілиястың ілти­патында болды. 

Біріншіден, Хамзаның туған жері – Ақжайық өңірі, Сы­рым Датұлы туған өлке. Жымпиты – Батыс Алашорданың отаны, ұясы. Сол жерде туып-өскен, білім ал­ған Хамза Батыс Алашорданың мү­шелері «халық жауы» болып, ұс­та­лып жатқанда қалай аман қал­сын дерсің.

Институтта оқып жүрген ке­зін­де Мағжан оның әңгімелерін оқып, оң бағасын беріпті. Ол кезде екеуі­нің туысқандық байланысы жоқ. Өзі Алашорданың отанынан шық­ты, екі бірдей бажасы «халық жауы» ретінде сотталып кетті. Қайын атасы Жақияның әкесі қа­жы болған, осының бәрін жинап кел­генде, жазушының жаладан құ­­тыл­масы анық еді», – дейді та­рих­шы. 

1937 жылдың 15 қыркүйек – 1 жел­тоқсан аралығында Алматыда жас жазушылар мен халық ақын­дарының екі айлық курсы болып өтті. Бұл курста жас әдебиетші ға­­­лымдар Қажым Жұмалиев, Мұ­ха­меджан Қаратаев, Өтебай Тұр­ман­жанов, Хамза Есенжанов та дә­ріс оқыды. Сондай-ақ халық ақы­ны Кенен Әзірбаев өз шығар­ма­шылық іс-тәжірибесімен жас әріп­тестерімен бөлісті. Есен­жа­нов­тың ғылым мен әдебиеттегі ал­ғаш­қы сәтті басталған қадамы көп ұзамай кесіліп қалды. Ол 1937-38 жылдардағы сталиндік-голоще­киндік зобалаңға ұшырап, үлкен террордың құрбаны болып, «халық жауы» атанып, партия қатарынан шы­ғарылып, репрессияға ұшы­ра­ды.

Қайыңның қабығына жазылған роман

Институтты жақсы бітірген жас жігіттер: Тайыр Жаро­ков, Хамза Есенжанов, Мәулен Балақаев, Мұхамеджан Қаратаевты Ле­нинградқа оқуға жібереді. Жа­зу­шы сонда оқып жүріп, өзінің кан­ди­даттық диссертациясын жа­зады. 

«Бір жексенбіде Нева өзеніне шо­мылып, жағасында күнге қыз­ды­рынып жатып, «шіркін, қазақ­тың даласына не жетсін? Ақшаң­қан киіз үйді жайлауға тігіп тастап, бие байлап, қымыз ішсе, ат баптап, бәй­геге қосса» деген арманын қа­тар­ластарына айтады. Кәрі Нева­ның құлағы жоқ. Желіп жүрген жел­дің тілі жоқ. Бірақ та өзімен бір­ге болған әріптестерінің бірі жет­кізген болуы керек. Яғни, Ле­нинг­радта жүріп, қайдағы фео­дализмді аңсау – ұлтшылдық емес пе? Осындай желбуаз сөз «жоға­ры­ға» жетті. Осының бәрі оның ар­тын қаз­ба­лап, ақырында жала­мен сот­талуы­на себеп болды. 

Хамза Есенжановты көрсет­кен­дер 1960 жылы анық­тал­ған. «Данадан даңғойлар ғана мін табады. Өйткені даңғойлар мен мақтаншақтар қызғаныш құ­ша­ғында өмір сүреді. Қызғаншақ­тық – жан мастығы. Қызғаншақтар мәңгі-бақи мас болып өтеді. Жақ­сыны жамандаумен өмір кешеді. Олар – рухани әлсіз жандар. Күш­тінің қадірін күшті біледі. Күштіні ба­ғалау үшін де күш керек» дейді дана халқым. 1938 жылы 19 нау­рызда Хамза ҚазПИ-де дәріс оқып тұрған жерінде тұтқындалды. Оған қылмыстық заңның №58-бабы бойынша «халық жауы» деген айып тағылды. Тап сол күні Сағыр Камлов, Хамза және басқалары Ал­маты қаласының Дзержинский көшесінің бойындағы түрмеге жа­был­ды. Хамза тұтқындалған ал­ғаш­қы күндері өзге де саяси тұт­қын­дардың отбасылары сияқты Со­фия апай мен Эмильге де оңай болған жоқ. Бір кезде қуаныш пен қиындықты бірдей бөліскен достар мен таныстар, қызметтестер қаты­гез билік жүйесінен сескенді ме, теріс айналды, тіпті тіке келіп қал­ған­ның өзінде танымайтын сыңай бай­қатты. 1939 жылы София Жа­қия­қызы Медициналық инсти­тут­тың «емдеу ісі» мамандығы бойын­ша өте жақсы деген дипломмен бі­тірді. Олар 1931 жылы ашылған Ме­дициналық институттың екінші түлектері болатын. Хамзаның елі мен халқының алдында Денсаулық сақ­тау комиссариатының Терапия бөлімшесін басқара жүріп, ғы­лы­ми-зерттеу жұмыстарын тоқтатқан жоқ. 1940 жылы «халық жауының» от­басы ретінде олар Алматыдан алас­татылып, Қызылжарға қоныс ау­дарды. Қызылжарға келгеннен кейін София Жақияқызын Октя­брь ауданына дәрігер етіп жіберді», – дейді Сайлау аға. 

Дәрігерлік қызмет атқара жү­ріп, ол күйеуін ақтау үшін күресті. Бір қиындықтың үстіне та­ғы бір қиын­дық жамалып, алты жа­сында бел­гісіз аурудан ұлы Эми­ль көз жұма­ды. Ұлының қазасын естіруге еш­кім бата алмайды. Жаман хабар­дан бейхабар жазушы әр хатында: «Эмикті бетінен папасы үшін бір сүй» деп жазады екен. Елден жа­зыл­ған хаттардың соңына көрші баланың қолы сызылып салынып, сәлем жолданатын. 

Сайлау аға Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» трилогиясын лагерьде жүріп жазғанын айтады. «Ол туралы София апайдың естелігінде:

«Үйге келдік. Келісімен Хамза түн ортасында мені тұрғызды. Үйде апам бар болатын. Өзімен бірге ала келген көпшігін қолына ұстап алыпты. 

– София, лагерьде, түрмеде отыр­ғанда, жұмыс істеп жүргенде, қалт етіп қол босағанын пайдала­нып, «Көп жылдар өткен соң...» де­ген роман жазғанмын. Бақылау­шы­дан қорқып, жазғандарымды ба­сымдағы көпшіктің ішіне тыға бер­дім. Үшеуміз көпшікті сөгіп, қол­жазбаларды алайық, – дегені.

Қорқып қалған басым үрейім ұшып кетті. Сонда да көңіліне ке­лер деп ештеңе сездірмей, есікті мұ­­­­­қияттап кілттедім. Терезенің жа­­бынын Хамза өзі жақсылап жап­­ты. Көпшігінің ішінен жа­пырақ-жапырақ көп қағаз ақ­тарылып түсті. Қо­бы­рап кірленге то­лып кетті. Әлгіден қа­ғаздың неше түрін көруге бола­тын еді. Те­мекенің сыртқы қорабы, кі­таптың беттері, қол сүртілген май­лы қағаз, несін айтасың, әй­теуір қарын­даштың бояуы түсе­тін­нің бәріне жаза беріпті, жаза беріп­ті...» деп жазады. 

Жараны салатын да, жазатын да уақыт қой. Басы шырғалаңға түс­­кен 1938 жыл мен 1955-тің ара­сы – 17 жыл. 17 жыл ғұмыр аз емес. Жа­лындаған жас шағын түрмеге берді», – дейді.

Қиын-қыстау жылдарда жазу­шы өзінің шығармашылық құш­тар­лығын жоғалтпаған. Сүйген жа­ры София барлық қиындықты бір­ге бөлісе білді. 1951 жылы көп­тен күткен перзентіне әлі ақталма­ған Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның есімін берді. Бұл да Есенжановтардың бір ерлігі болар.

Жазушының сүйген жары Со­фия апайға жазған хатының бі­рін­де: 

«...Тағдырың бізді аямауға бет ал­ған екен. Біздің жастығымыз бен жа­лынымызды сөндірмекші. Тек бе­кем бол!.. Қазір жағдайым 1938 жыл­ғыдан да қиындап кетті. Жазу, оқу былай тұрсын, жұмыс істеуге де жібермей қойды. Біздің басы­мыз­ға түскенді болашақта ешкім­нің басына бермей-ақ қойсын! Мұ­ны менің осалдығыма балама. Ме­ні және мен секілді айып­тал­ған­дарды Орталық айрықша бақы­лау­ға алған көрінеді. Бір айдан соң деймін-ау, күні ертең бізді не күтіп тұрғанын кім білсін?! Не істейін, өмір солай бұйырса. Тек шыдаммен күту қалды бәрін. Саған да өте ауыр екенін білемін. Біле тұра, жа­зып отырмын. Қазір мезгіл қыс. Ең болмаса, жарық жазға жетсем...» деп жазады. 

25 жылға сотталып, 17 жыл ғұ­м­ы­рын түрмеде өткізген, жастық жа­лынын лагерьге берген жан мұ­қалмай, қайырылмай, елге кел­ген­нен кейін де өмірін шығармашы­лық­қа арнады. «Ақ Жайық» три­­­­логиясына Мемлекеттік сый­лық берілді. 

Тарихшы Сайлау Сүлейменов Со­фия Тастемірқызын қазақтың тұң­ғыш дәрігер қыздарының бірі еке­нін айтады. «Гүлсім Асфен­дия­рова, Аққағаз Досжанова, Райхан Сат­паева секілді болар ма еді, кім білсін? Апай өз таңдауын жасады. «Ол: «Тағдырды екі қинау жарамай­ды» деп жатады ғой. Егер Хамзе­кем­­нің босқа кеткен он жеті жы­лын қайтарып беретін болса, мен тағдырымды екі қинауға бармын» деп жазды», – дейді. 

Хамза Есенжанов туралы бір ма­қаламен айтып тауыса алмаспыз. Қайсар қазақтың шығармалары­ның өзі бірнеше мақалаға жүк бо­лары сөзсіз. Биыл София апайдың туғанына да 100 жыл толыпты. Ол кі­сінің өмірі де бір роман жазуға тұрар­лық дүние. «Тек назардан тыс қал­маса екен», – деп уайымдайды та­рих­шы. Ал «Ақ Жайық» пен «Ағайын­ды Жүнісовтер» секілді көр­кем дүние тудырған қалам­гер­дің әдебиеттегі ғұмыры мәңгілік.

Гүлзина БЕКТАС