Пульт ұстап, ән шырқап танылған Сандуғаш Жұмабек 2017 жылы алаяқтық фактісі бойынша сотталған болатын.
Кезінде арқадан қанжар сұқты: алаяқтық  бойынша түрмеде 5 жыл отырып шыққан Сандуғаш Жұмабек сырын ақтарды
27,892
оқылды

5 жылдан соң бостандыққа шыққан әйел әлеуметтік желіде жазба жариялады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Шырғалаңы көп, шыңырауы терең тағдыр-ай... Пешенеге не жазылғанын білсек күйініп, ызаланып, өштесіп неміз бар еді? Сол жазылғанға көніп жүре берер едік. Өкінішке қарай, ағысқа да, тағдыр жазуына да қарсы жүземіз. Сөйтеміз де кінәліні іздеп, өзімізді ақтап, әуре-сарсаңға түсеміз де жүреміз.

Біреудің жанын ауыртып, жара салғанды жақсы көреміз. Ал өзімізге "тиіп" кетсе "сырт" етіп сынып, "шарт" етіп тұтанып кетеміз. Сонда анау кісінің жаны жоқ та, сенің ғана жаның мен жүрегің бар ма, түсінбедім?...

Кек қайтармасам да, кейде сөз қайтарамын. Кей пенделер асыра сілтеп "менікі ғана дұрыс" деп бетпақтанып кетпесін деп. Шындық қашан да, ащы. Тіке қарап татуға, көбі қорқады. Саған жасалған қиянат, сенің өткен өмірің, жоғалтқан уақытың... Қираған тағдыр, қалған көңіл... Кәдімгі кеудеңде жаның жоқтай сүйретіліп құр сүлдерің жүр. Әйтеуір, тірісің. "Өлі арыстаннан тірі мысық артық" дегендей соған да шүкір деймін. Сонда да тыныштық жоқ. Кезінде арқадан қанжар сұқты. Құздан құлатты. "Мейлі!" дедім. Таласпадым, тартыспадым. Бір жолға жол бердім. Ақылға салдым, кішірейдім, қабырғаммен кеңестім. "Жеңілдім" деп шешім қабылдадым.

Бес жыл түзде болдым. Темір төсек, тастай қабырға. Қатқан қара, іші шикі нан. Сасыған қырыққабат, майы тұрмақ тұзы да жоқ ботқа. Бетінде қоқысы қалқыған қара шай. Арыстандай алас ұрған, тар қапастағы өлсең естен кетпес, азапты күндер. Бес жыл берді. Бес жыл отырдым. Тіпті, сотқа беріп, мерзімінен бұрын шығайын да демедім. Себебі "саситындар" барын білдім. Білдім де "бықсымасын" дедім. Не де болса "лайықты аристантка" болып абыроймен оралайын, ауыздарын жапсын дедім. Сөйтсем, бәрі бекер екен))) Бір былжырап "сасыса" иісі кетпейді ғой, сол секілді әлі "борсып" анда-мында аяқтан шалып, әйтеуір қарманып-ақ жатыр. Мені "кебінге" оралып, "табытпен" келер деп күтсе керек. Ойларынан шықпадым. Үміттерін ақтамадым. Ендеше, сендер де "лайықты дұшпан" боп бықсымай тіке бетке келіңдерші, нүктесін қояйық дей салайын дегенім ғой. Дұшпаның "әлсіз", деңгейі төмен, түсінігі жоқ болса да, қиын екен. Амал бар ма? Кейде тағдырлас, өздерін "керемет" санап қалғандар да аяқтан шалғысы  келеді. Бір кем дүние", - деп жазды ол.