Бұл іс-шаралар Президент тапсырмасын орындау аясында Үкіметтің қолдауымен ұйымдастырылуда. Жалпы, еліміз бойынша көктемгі егістік және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 300 млрд теңгеге ұлғайтылған.
«Фермерлерді қаржыландырудың жаңа шарттары бұрынғыдан өзгеше, бұл механизм фермерлер үшін бірқатар маңызды мәселені шешеді. Біріншіден, қарыз алушылар жылдық 5% деңгейінде жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесімен қамтамасыз етілді. Мемлекеттік субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді фермер қосымша жұмыстарсыз арзандатылған мөлшерлемені алады.
Екіншіден, кепілмен қамтамасыз ету мәселесін шешу қарастырылған. «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша фермерлердің қарыз сомасының 85 % – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кепілдік береді», – деп хабарлайды Аграрлық несие корпорациясы.
Бұған дейін несиелер қысқамерзімге беріліп, оларды 1 желтоқсанға дейін өтеу қажет болған екен. Ал енді қаржыландыру уақыты орта мерзімді болып саналады. Өтеу мерзімі ұлғайтылған. Мәселен, қазір қарыздардың 50%-ын өтеу 1 желтоқсанға дейін, қалған 50%-ы келесі жылдың 1 наурызына дейін жабылса болады. Бұл фермерлерге егінді неғұрлым тиімді бағамен сатуға мүмкіндік бермек.
Н.ОРАЗҒАЛИ