Тәуелсіздік жылдары Қазақстан шетелдік инвестицияларды тар­ту­да елеулі жетістіктерге қол жеткізгені белгілі. Тұтастай ал­ғанда олар ел эко­номикасын, әсіресе өндіруші секторларды қа­лыптастыруда маңы­з­ды рөл атқарды.
Ауқымды реформалар жасайтын кезең
коллаж: Елдар ҚАБА
1,419
оқылды

Бұл мәселе әлі де өзек­тілгін жойған жоқ. Мемлекет басшысы Сингапурға ресми сапары барысында: «Біз ЖІӨ мөл­шерін 2029 жылға қарай екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін жет­кізуге ниеттіміз. Осы асқақ мақсатқа жету үшін біз білім мен инновацияға негіз­делген заманауи эко­но­ми­каның іргесін қалап, жыл сайын 6 пайыз өсімді қамтамасыз ету­ге тиіспіз. Біз Сингапур сияқты бизнес, қаржы, дарын­дылар мен инновация шоғырланатын сенімді орталыққа айналуға ұмты­ла­мыз», – деп мәлімдеген болатын.

Нарықтық экономикада қолайлы инвестициялық климат ұзақ мерзімді инвестицияларды тартуға көмектесіп қана қоймай, экономикалық өсімге дем беретіні белгілі. Fitch Ratings халық­аралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кре­диттік рейтингін «BBB», яғни эконо­микамызға «Тұрақты» деңгей­де деп баға берді. Ал FDI standouts Watchlist жылдық зерттеуінің нәтижелері бо­йынша Қазақ­стан 2023 жылы макро­экономикалық даму мен тікелей шетел­дік инвестиция­ларды тартудың жаһан­дық рейтингінде алтыншы орынды ие­ленді. Елімізде 2021 жылдан 2023 жылға дейін тікелей шетел­дік инвес­тициялар күрделі салымдары – 277 %-ға өсіп,  жо­балар саны – 62,7%-ға артқан. Қазақ­стандағы Инфляция 2024 жылы 9%, ал ЖІӨ өсімі 4,2% құрайды. ТМД-ның 15 елі мен Орталық Азия елдері арасында Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция­ларды (ТШИ) тарту бойын­ша көшбасшы орынды иеленеді. Елі­міздің үлесі 61 па­йыз құрап отыр. 

Сарапшылардың пікірінше, соңғы жиырма жыл ішінде елімізде толыққанды нарықтық экономиканың орнына «мем­лекеттік капитализм» деп аталатын эко­но­микалық жүйе құрылды. Мұнайдан түс­кен пайданы бөлуге негізделген мұн­дай жүйе мемлекеттің экономикадағы рөлін ұлғайтқаны белгілі. Дегенмен Пре­зидент «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қою арқылы көптен бері халықтың көкейінде жүрген сауалға біржолата нүкте қойғандай. Мемлекет басшысы осы ар­қы­лы ел экономикасы нарықтық қатынастар мен  капитализмді негізге ала отырып, дамитынын көрсетті. Са­рап­­шылар алда­ғы уақытта құрылатын Жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис те Бәсекелестікті қорғау агенттігінің қарамағында бола­тын­дықтан, жемісті жұмыс атқарады деп сенім білдіріп отыр. Себебі осыған дейінгі мұндай қадамдар тікелей Үкіметтің жа­уап­кершілігінде болды. Әрі сәтсіз аяқтал­ғанынан да жұрт­шылық хабардар.

Экономист, Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, Мемлекет басшының Син­гапурға сапары біз секілді шикізатқа тәуелді мемлекет үшін үлкен мүмкіндік. 

– Өйткені ол – «Сингапур ғажайыбы» деген атқа, қала-мемлекет деген атаққа ие болған, табиғи қазба байлықтарсыз-ақ өз-өзін қалыптастарған мемлекет. Президенттің сол елде ауқымды бизнес-форум ұйымдастырып, экономикаға қа­­жетті алғышарттарды жасауы бола­шақ­та экономикамызға оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. 2029 жылға дейін 150 млрд АҚШ долларына  жуық шетелдік инвестиция тарту туралы ақпараттың өзі сапардың құндылығын көрсетіп отыр. Мұндай межеге жету үшін біз де сол мемлекет секілді шағын және орта, ірі бизнес су­бъек­тілеріне жасалған қолайлы инвес­тициялық климат қалып­тас­тыруы­­мыз керек. Экономикамызға ал­дыңғы қатар­лы дамыған елдердің эко­номикасына тән – салықтық мөлшер­леменің төмендігі, кәсіпкерлік және инвес­тициялық орта­ның жағымды бо­луы және коррупцияның болмауы секіл­ді үш айқын факторлар қажет. Егер шет­­ел­дік немесе отандық ин­весторларға осы секілді артықшылық­тарды ұсынып, дәл сондай орта қалып­тасырып бере алсақ, онда Президент мә­лім­деген 150 млрд АҚШ долларына тең инвестиция тарту, әрине мүмкін дер едім, – дейді ол. 

Қазақстан қазір Орталық Азия елдері ара­сында инвестициялық тартым­ды­лығы жағынан алғашқы орында. Сарап­шы Азия елдері ішінде Сингапурда көп­теген халықаралық компания қа­лып­тасып үл­гергені еліміз үшін үлкен мүмкіндіктер есігін ашады деген пікірде.

– Ендігі кезекте мұндай алпауыт ком­­паниялар үшін өзінің бизнес мүм­кіндік­терін арттырып, одан әрі дамы­татын мемлекет қажет. Сондай мемлекет ретінде олар біздің елімізге көзі түсіп отыр. Сон­дықтан оларға қажетті инвес­тициялық климатты қалыптастырған абзал. Жем­қорлықтан ада, кәсіпкерлікке тиімді ел ретінде өз нарығымыздан орын беруіміз қажет. Жазғы уақытта Син­гапурдың ірі компаниялары бізге арнайы іссапармен келмек. Сол сәтте қонақжай­лы­­лығы­мызды экономиканың игіліктері үшін пайдаланып, жергілікті атқарушы орган­дар да жоғары деңгейдегі дайын­дықпен инвесторларға барынша жағдай жасау  орынды. Өкілеттілігі жоғары Жоғары инвестициялық кеңестің құры­луының да негізгі мақсаты осы, – дейді сарапшы.

АХҚО мәлімдеуінше, инвесторлар үшін саяси және заңнаманың тұрақ­тылығы, бүкіл ел аумағында мемлекеттік бас­қарудың тиімділігі – ең бастысы фак­тор саналады. Мемлекет басшысы қол қойған «Экономиканы ырықтандыру жө­ніндегі шаралар» туралы Жарлық эко­номиканың әрі қарай тек нағыз на­рық­тық қатынастар негізінде дамиты­нын көрсетті. Сарапшылар бұған ин­вес­ти­ция­лық ахуалды жақсартуға ба­ғыт­тал­ған ауқымды шара деп баға беріп отыр.

– Экономиканы ырықтандыру ту­ралы Жарлықта экономикамызды дамы­татын алғышарт болып табылатын көп­теген жайт қамтылды. Сондай-ақ инвес­торлар үшін – еркін орта, төменгі салық­тар, жекеменшікке қолсұғу­шы­лықтың болмауы, жеке кәсіпкерліктің  ер­кін қыз­мет жасауы, нарықққа қатысу­шы бә­с­ке­лестік ортаның дамуы, әртүрлі әкім­шілік кедергілердің төмен болуы, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынас шығын­дарының болмауы секілді факторлардын маңызы зор. Сондықтан бірінші кезекте либералды сот қалыптастыруы­мыз ке­рек. Мысалы, АҚШ осындай либералды экономиканы қалыптастыра алған мем­лекеттің бірі. Өйткені мұнда капиталдың қозғалысына деген бақылау шектелген, тіпті жоқтың қасы деп айтуға болады. Әкімшілік кедергілер де төмен дәрежеде, валюталық бақылауды да кез­дестірмей­­сіз, – дейді экономист.

Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, міне осы факторлар нарықта бәсекелес­тіктің дамуына жол ашады. Бізде де осы ба­ғытта көптеген жұмыс атқарылуы керек.

– Мемлекеттің экономикадағы үле­сін азайтып, келесі жылдан бастап оның на­рық­тағы үлесін 14-15 пайызға төмен­дететін болсақ та, үлкен нәтиже дер едім. Сол себепті квазимемлекеттік сектор­лардағы нысандардың барлығын жеке­шелендіруіміз қажет. Олар экономикаға пайда әкелетін ортаға ауысса, өз кезе­гінде экономиканы ырықтандыруға жағдай жасайды.  Осылайша, алдағы 5 жылдың қоржынында еліміздің ЖІӨ-ні 450 млрд АҚШ долларына жеткізу қол­жетімді бола түспек. Мысалы, былтыр экономиканың жалпы өсімі 5,1 пайыз болды. Бірақ біз аталған көрсеткішке жету үшін, жыл сайынғы экономикалық өсім 6 пайыздан төмен болмауы қажет. Сондықтан бұл – тәуекелі мол, батыл қадам. Одан қорқудың да қажеті жоқ, себебі қазір ауқымды реформалар жасай­тын кезең. Қазір ЖІӨ көлемі 260 млрд АҚШ долларынан асып отыр. Бұл – Орталық Азия елдерімен салыстырғанда ең жоғары көрсеткіш. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өсім де артып келеді, атап айтқанда былтыр  бұл 13 мың АҚШ долларының деңгейіне жетті. Ал­дағы уақытта 1,6 мың АҚШ дол­ларына өсіп отырса, 3-4 жыл көлемі ішінде 17 мыңға жеткізуге болады. Мұ­ның бар­лығы біріншіден, азаматтардың өмір сүру деңгейін көтермелесе, екін­шіден, ин­вестициялық климаттың жақ­саруына жағдай жасайды, – дейді экономист.

Инвестиция экономикаға жанармай секілді қуат беріп, көптеген жұмыс орын­­дарының қалыптасуына әсер етеді. Әлем картасында еліміз әріптестік ор­нат­қан елдер саны қаншалықты көп бол­са, ішкі нарыққа құйылатын қаржы көлемі мен салық мөлшері де сонша­лықты арта түсетіні анық. Бұл өз кезе­гінде әлеуметтік-экономикалық бағдар­­ламаларымызды жүзеге асыруға көмек­теседі.

Кәмила ЕРКІН