Экспедиция құрамында әлемнің ең биік шыңына осымен үшінші рет шыққан, аты аңызға айналған альпинист Мақсұт Жұмаев, Анар Бурашева және Альмир Қымбатбайұлы болды. 12 мамырда Непал уақытымен таңғы сағат 07:25-те қазақстандық Kazakh Everest Team экспедициялық командасы Эверестке шықты.
Қолайсыз ауа райының болуына қарамастан, қазақстандықтар ең биік шыңға көтерілген альпинистердің қатарынан табылды. Ал өзге елден келген қатысушылардың арасында биіктікке көтерілу барысында шыңға жетпей, лагерьге (8 000 м) кері қайтқандары да кездескен. Қазақстандық команда «ауа райы терезесін» дұрыс болжай алуының нәтижесінде шыңды сәтті бағындырыпты. «Ауа райы терезесі» – салыстырмалы түрде қолайлы ауа райы орнап, тауға шығуға мүмкін болатын күндер. Мұндай күндер Эверестте жылына екі рет – мамыр айының ортасы мен қарашада болады.
«Айта кету керек, бұл жолы ауа райы қолайсыз болды: экспедиция басталар күннің қарсаңында түнде қар жауып, бағыттың кейбір қауіпті бөліктерін жасырып қалды, бұл альпинистерге қосымша қауіп төндірді. Алысты көру мүмкіндігі шектелді, 8 000 метр биіктен бастап өте қатты сиретілген ауа оттегі маскасын тағуды міндеттеді, өйткені ауада атмосферада болатын және адамның қалыпты өмір сүруі үшін қажет оттегінің үштен бір бөлігі ғана болды. Бұл – альпинистер «өлім аймағы» деп атайтын биіктік екен. Бірақ экспедиция жетекшісі Мақсұт Жұмаевтың зор тәжірибесі, сондай-ақ дұрыс таңдалған құрал-жабдықтары қатысушыларды айтарлықтай қорғады деуге болады», – деді А.Бурашева.
Айта кетейік, экспедицияны Everest Development компаниясы ұйымдастырып, команданың шыңға сапары кезіндегі барлық шығынын өз мойнына алып, Гималайда қатысушыларға жан-жақты қолдау көрсетті. Анар Everest Development компаниясына жұмысқа орналасуға келіп, бос уақытында скайраннингпен айналысатынын айтып, осы сирек кездесетін спорт түрі бойынша жаттықтырушы болатынына компанияның қарсылығы бар-жоғын сұраған. Компания Анардың қызығушылығын қолдап, нәтижесінде Анар Африканың ең биік шыңы Килиманджароны (5895 м) бағындыру бойынша аталған компанияның экспедиция мүшесі атанды.
«Осыдан бұрын Килиманджаро шыңына сәтті шығуымызбен бір-бірімізді құттықтап жатып: «Келесі жолы қайда? Бәлкім, бұдан да биігіне – Эверестке шығып, компанияның атын ұлықтармыз?» деп айтқанымыз есіме түсті. Сол сәтте Мақсұт, Альмир үшеуміз бір-бірімізге қарап, оны да бағындыра алатынымызды және бағындырғымыз келетінін түсіндік. Алматыға оралған соң, кеңседе отырып, компания басшылығымен әңгімелестік. Альмир екеуміз Мақсұт Жұмаевты шақырып алдық. Экспедицияны ұйымдастыру айтарлықтай шығынды талап еткенімен, басшылар идеямызды бірден қолдады. Осыдан кейін дереу дайындықты бастап кеттік. Эверестті екі рет сәтті бағындырып келген тәжірибелі альпинист ретінде Мақсұт Жұмаев бізге жаттығу жоспарын әзірледі, дұрыс тамақтану жоспары бойынша ұсыныстар берді. Ол сондай-ақ команданың барлық киімі мен құрал-жабдығын өзі таңдап берді», – деді альпинист қыз.
Еске салсақ, Алматыда 23 мамыр күні Kazakh Everest Team ұлттық-патриоттық экспедициясы қатысушыларымен баспасөз конференциясы өткен еді. Сол жиында экспедиция басшысы, планетаның 14 сегіз мыңдық шыңына көтерілген альпинист Мақсұт Жұмаев Эверест шыңында Қазақстан жалауы үшінші мәрте желбірегеніне қуанғанын жеткізген.
«Әдетте қайтар маршрутта көптеген жазатайым оқиға болатынын атап өткім келеді. Альпинистер қатты шаршап, тоңып, күш жоғалтып алғанда автоматты түрде қозғала береді, осындай кезде зейінді жоғалтпау, карабинді бекітуді ұмытпау және шерптің нұсқауларын қатаң сақтау маңызды. Шыңда біз екі туды – еліміздің туы және Рахымжан Қошқарбаевтың Жеңіс туын көтердік. Мені алғашқы экспедицияма дайындаған ұстазым әрі тәлімгерім Ерванд Тихонович Ильинскийді әрдайым еске алып жүремін, ол әрдайым шәкірттеріне жанашыр, бірақ талапшыл болатын. Бұл экспедицияда Анар мен Альмирден еш күмәнданбадым, менің мансабымдағы ең биік шыңға үшінші көтерілуімде еліміздің туын олармен бірге желбіреткенімізге қуаныштымын», – деді ол.
Шыңды бағындыру – физикалық және психикалық тұрғыдан қиын шаруа. Биікке көтерілу жинақылық пен батылдықты талап етсе, шыңнан түсу де дәл сондай табандылықты қажет етеді. Команда шыңнан түсу кезінде күш жинап алу үшін лагерьде (8 000 м) бір түн түнепті.
Эвересттің шыңына тұңғыш рет қазақ қызының шығып ту тігуі тарихи оқиға ретінде тіркелді. «Эверестті бағындырған тұңғыш қазақ қызы» атағы бұйырған Анар Бурашева:
«Эверестке бірде-бір рет қазақ қызының бармағанын 2020 жылы білдім. Бұл – альпинизм мектебінде оқып жүрген кезім. Осы уақытта әлемнің ең биік нүктесіне көтерілу арманы пайда болды. Соңғы экспедициямыз 45 күнге жуық уақытқа созылды. 6 сәуірде басталып, 20 мамырда аяқталды. Құрамда Мақсұт Жұмаев – команда жаттықтырушысы, ал Алмир Қымбатбаев команда жетекшісі болды», – деді.
Айта кетейік, үш қазақстандық альпинистен құралған командалық экспедиция Қазақстанның біртуар батырлары – Қазақстан Республикасының бірінші қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев пен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған.
Одан бөлек, Анар Бурашева әлемнің «шатырына» өзімен бірге Сағадат Нұрмағамбетовтің, Рақымжан Қошқарбаевтің кітабы мен өз әкесінің жеке компасын алып шыққан. Эверестті бағындырған қазақ қызы алдағы уақытта жеті континеттің ең биік шыңдарын, соның ішінде Монблан шыңын бағындыру жоспарының алдыңғы қатарында тұрғанын да жасырмады.
«Әрине, бұл жетістікпен тоқтап қалғым келмейді. Елге орала салысымен, басшыларыма: «Жалғастыру керек!» деп айтып, қатты таңғалдырған болармын. «7 шың» бағдарламасына қатысып, барлық құрлықтың ең биік тауларына көтерілгім келеді. Оның үстіне, менің қоржынымда африкалық Килиманджаро және Еуразия мен бүкіл планетаның ең биік шыңы – Эверест бар!» – деп жоспарларын бөлісті Анар Бурашева.
1997 жылы Эверестке жеткен тұңғыш қазақстандық әйел Людмила Савина болса, тұңғыш қазақ қызы – Анар Бурашева. Ол экспедициядан оралғаннан кейін спорт әлемінде жетістікке жеткізетін қадамдарға жоспар құруда екенін айтты.
Kazakh Everest Team экспедициясын қолдау мақсатында қазақстандықтардың Эверестке көтерілуі туралы фильм түсіріліп жатыр. Отандық деректі фильм түсіруші Ғибрат Бақаев режиссерлік еткен фильм биыл күзде көпшілікке таныстырылады. Айта кетейік, түсірілім тобы Непалда қатысушылармен бірге жүріп, олардың көтерілуге дайындығынан құнды кадрлар түсіріп алды.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ