Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Су тасқыны: Келтірілген залалды өтеу процесі қалай жүріп жатыр?
Фото: tengrinews.kz
890
оқылды

Вице-премьер Қанат Бозымбаев ауқымды су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу процесі қалай жүріп жатқанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

28 мамырдағы жағдай бойынша 30 538 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Жұмыс бақылауда, барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.

Су тасқыны салдарынан республика бойынша шамамен 12 155 тұрғын үйге, сондай-ақ 18 321 саяжай құрылысына зақым келді, оның 5 353-і зардап шеккендер үшін жалғыз баспанасы (өтемақыға жатады) болып саналады.  

Бүгінде 15 093 тұрғын үй мен саяжай құрылыстарына сараптама жасалды, ол жалпы санның – 84 %. Қорытындыға сәйкес, 9 мыңнан астам үй қалпына келтіріледі, 4 315 үй   апатты деп танылды.

Өңірлерде 1 847 үй мен пәтердің құрылысы басталды, тағы 3 417-ін қайталама нарықтан сатып алу жоспарланып отыр.

Вице-премьер әкімдіктерге барлық қажетті қорытындыларды барынша қысқа мерзімде ресімдеу және жаңа тұрғын үйді уақытында пайдалануға берілуін қамтамасыз ету тапсырылғанын атап өтті.

«Құрылыс маусымының қысқа мерзімін ескере отырып, жұмысты кешіктірмеуіміз керек. Оқу жылының басында тұрғын үй зардап шеккендерге берілуі қажет. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және ерекше бақылауда», – деді Қанат Бозымбаев.

Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырды.

«Әкімдіктерге Өнеркәсіп министрлігімен бірге тұрғындардың баспаналары мен мүліктеріне келтірілген залалды бағалау жұмыстарын осы аптаның соңына дейін аяқтауды тапсырамын.  

Азаматтарымыздың қиын жағдайына түсіністікпен және жан-жақты мұқият қараңыздар. Жұмыстарды кешіктірмей, барынша тездету керек», – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.