Германия тарапының бастамасымен өткен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц екіжақты қатынастардың практикалық мәселелерін талқылады, – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысының былтыр қыркүйек айында Берлинге жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға баса мән берілді.
Тараптар сауда-экономикалық ықпалдастық қарқыны жоғары екеніне ерекше назар аударып, іскерлік байланыстарды нығайтуға және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға өзара қызығушылық танытты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Олаф Шольц өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, екі елдің халықаралық аренадағы күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығына назар аударды. Осы орайда тараптар алдағы уақытта Астанада «Орталық Азия – Германия» форматында өтетін жоғары деңгейдегі кездесудің мәні зор екенін атап өтті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.