Бүгін Нидерланд Премьер-министрі Марк Рютте Қазақстанға сапары аясында Maqsut Narikbayev University (MNU) студенттерімен кездесті. Аталған іс-шара Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Рютте мырза кездесу барысында Нидерландтың Еуропадағы рөлі, Қазақстанмен екі жақты ынтымақтастығы, өзінің саяси тәжірибесі, инновация, мәдени алмасу және экономикалық мүмкіндіктері сияқты түрлі салаларға қосқан үлесі туралы айтып берді.
MNU басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев университетке келген қадірлі қонаққа алғыс білдіріп, екі жақты қарым-қатынастың дамуына тигізген әсері үшін ризашылығын білдірді.
«Сіздің Maqsut Narikbayev University-ге сапарыңыз біздің бүкіл студенттер мен оқытушылар қауымы үшін нағыз мәртебе және зор құрмет. Осылайша, сіздің университет қабырғасына келуіңіз – Қазақстан мен Нидерландтың жоғары білім беру саласындағы тығыз байланыстарының бірден-бір көрінісі деп есептеймін. Сондықтан MNU гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдардың жетекші университеті ретінде біздің екі ел арасындағы байланысты нығайтуда шешуші рөл атқаратынын мақтан тұтады», - деді ол Нидерланд Үкіметінің басшысына.
Премьер-министр кездесу барысында Қазақстанға сапарының мақсатын түсіндіруден бастап, бұл оның біздің елге алғашқы сапары емес екенін атап өтті.
«Біз экономикалық қатынастар контекстіндегі потенциалды ынтымақтастық тақырыбын көтеріп, соның ішінде дәстүрлі энергия көздерінен дәстүрлі емес көздеріне көшу арқылы экономикамызды әртараптандыру туралы айтып отырмыз. Бұл Қазақстанда өкілдігі бар компаниялармен талқыланып келеді. Оған қоса, қорлар мен ресурстарды басқару Қазақстанмен құрған серіктестігіміздің маңызды аспектісі болып саналады. Әрине, қазіргі уақытта көмірсутектер мен жасыл технологиялар шешуші рөл атқарады, себебі қазір таңда энергия өте маңызды. Осы тұрғыда біз Марокко, Оман және басқа да елдермен жұмыс істейміз, соның ішінде Қазақстан да осы тізімнің бір бөлігі саналады. Біз экономиканың осындай моделіне көшуіміз керек және осы мәселелерді бірлесіп шешуге тырысамыз. Бүгінгі осы кездесу мен үшін үлкен мәртебе», - деді ол.
Бұл кездесудің негізгі мақсаты – Нидерланд Корольдігімен ынтымақтастықты дамыту және студенттерге Нидерланд Премьер-министріне өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік беру.
Студенттер, оқытушылар және университет қонақтары аталған іс-шараға аса қызығушылық танытып, біздің заманымыздың ең тәжірибелі саясаткерлерінің бірімен кездесуге және екіжақты қарым-қатынасты дамытудың маңызды халықаралық мәселелері мен перспективалары туралы тікелей білудің бірегей мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар кездесу барысында Нидерланд пен Қазақстан арасындағы саяси қатынастардан бастап, мәдени аспектілерге дейінгі тақырыптар кең ауқымда талқыланды.
Сондай-ақ бұл кездесу университеттің академиялық өміріне елеулі үлес қосты, халықаралық байланыстарды нығайтуға ықпал етті және Қазақстан мен Нидерланд арасындағы одан әрі ынтымақтастық үшін жаңа белестерді ашты.
Айта кету керек, өткен жылы Maqsut Narikbayev University Франция президенті Эммануэль Макронды қабылдаған. Мұндай кездесулер студенттерге әлемдік көшбасшылармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беріп, олардың көзқарасы мен тәжірибесі туралы білуге жол ашады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.