Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев еліміздегі «Бөген» су қоймасының бөгеті мен жағалауына қауіп төніп тұрғанын айтты. Осыған байланысты ол Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты өткен шұғыл кеңесте Үкіметке барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдағы уақытта осындай апаттардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау міндетін жүктеген болатын.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», – деп атап өткен еді.
Депутаттың айтуынша, Ордабасы ауданының бір топ бұрынғы су шаруашылығы қызметкерлері елде болған соңғы су тасқынына байланысты «Бөген» су қоймасының бөгеті мен жағалауына қауіп төніп тұрғанын айтып дабыл қағып, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне үндеу жолдаған.
Сондай-ақ, осы жылдың наурыз айында әлеуметтік желіде ауыл шаруашылығының белгілі сарапшысы К. Павлов та «Бөген» су қоймасының бұзылудың аз-ақ алдында тұрғанына алаңдатушылық білдірген.
«Түркістан облысы әкімдігінің қарамағындағы Ордабасы ауданындағы стратегиялық маңызы бар «Бөген» су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген, су бөгетінің ұзындығы – 5,4 шақырым, ал биіктігі – 19,3 метр.
Бұл су қоймасы «Бөген» елді мекенінен 25 метр биіктікте орналасқан, сыйымдылығы 370 млн шаршы метр, облыстың бес ауданына су береді және 120,0 мың гектар жерді ағын сумен қамтамасыз етуде.
Сондай-ақ, 57 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан бұл су қоймасы әлі күнге дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Соның салдарынан оның бөгеті мен жағалауы тозып, бүгінде апаттық күйге жеткен. Су тораптарын басқарып отырған қазіргі басшылары да су мамандары емес екен.
Қазіргі кезеңде «Бөген» су қоймасында 349,1 млн текше метр су жиналған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 млн текше метрге аз (2023 ж. – 363,1 млн текше метр). Көктем кезінде қоймаға су көптеп жиналған жағдайда ескірген бөгет ол мөлшерді ұстап тұруға қауқарсыз. Сол себепті қойманы қиратып алмау үшін су деңгейін төмендетуге мәжбүр. Ал, бұл егін науқаны кезінде ағын судың жетіспеушілігіне әкеп соқтырады. Судың тапшылығына байланысты егін көлемі де айтарлықтай азаяды, ал өнім аз болған жерде жалпы өңірлік өнім көлемі өте төмен болады», – деп нақтылап өтті депутат.
2024-2026 жылдары республика бойынша 20-дан астам су қоймасының құрылысын бастау және 15 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарланған.
«Қазақстан өңірлерінде орын алған алапат су тасқыны мен жоғарыда айтылған маңызды мәселелерді ескеріп, Сізден, құрметті Қанат Алдабергенұлы, төтенше жағдайды болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігіне қауіпті жағдайда тұрған «Бөген» су қоймасының бөгеті мен жағалауына кезектен тыс қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді тапсыруыңызды сұраймын», – деді Мәжіліс депутаты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.