Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлді.
Гүлдара Нұрымова: Тоғызқұмалақтың атауын өзгерту қажет
864
оқылды

Мемлекет басшысы биыл елімізде өтетін ауқымды шараның бірі V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын жоғары деңгейде сапалы өткізуді тапсырған болатын. Осыған орай, Көшпенділер ойынын өткізу қарсаңында аса маңызды бір мәселе, оның атауына қатысты мәселенің басын ашуды депутаттар жөн көріп отыр. Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері атынан Гүлдара Нұрымова Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдады.

– Аталмыш ойынды өткізу қарсаңында аса маңызды бір мәселенің басын ашуды жөн санаймыз. Соның бірі – тоғызқұмалақ спортының атауы. Әрине, тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны түркі халықтарының ортақ мұрасы, тарихи құндылығы мен ақыл-ой мәдениетінің көрсеткіші. Бұл ойын соңғы жылдары барынша жоғары деңгейде дамып, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылып, әлемге танымал болды. 2020 жылы Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы тоғызқұмалақты адамзаттың мәдени мұралары тізіміне қосты.

Бүгінде бұл ойынның екі атауы бар. Қазақстан тарапы халықаралық жарыс өткізгенде, бұл спорт «тоғызқұмалақ» аталады. Қырғызстан жағы жарыс ұйымдастырғанда, бұл ойын «тоғызкөргөл» аталады. Осылайша, аталмыш спорт түрі әлемдік аренада екі түрлі атаумен жұртшылықты шатастырады.

Ғалымдар, этнографтар және зерттеушілердің пікірі бойынша, 19 ғасырда бұл ойынның жалпытүркілік атауы Тоғызат деп аталған.  

Тоғызқұмалақтың атауы әуелден «Тоғызат» екенін білдіретін ойын тақтасындағы қазақша, қырғызша, қарақалпақша, ноғайша атауы да көрсетіледі. Бүгінде қазақ, қырғыз халықтары сақтап, дамытып келген көшпенділердің түркілік этно-мәдени ойыны спортқа ғана емес, адамзаттық құндылыққа айналып отыр. Алайда асыл спорттың одан әрі кең таралуына бөгет болып отырған кедергіні ескере отырып, алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен «Тоғызат» атауын қалпына келтіру шараларын қолға алуымыз қажет. Бұл спорттың алға басуына жол ашып, әлемдік назар аудартатын еліміздің лайықты бренді болары күмәнсіз, – деді депутат Г. Нұрымова. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.