«AMANAT»-тың Астана қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері осындай қорытындыға келді.
Аманаттықтар Астанадағы Гете, 1 көшесінде орналасқан теміржол вокзалында партиялық бақылау комиссиясының көшпелі отырысын өткізіп, ерекше қажеттілігі бар адамдарға көрсетілетін қызмет сапасымен танысты. Вокзалдағы демалыс бөлмелері мен дәретханалардың тозығы жетіп тұр. Бұған қоса, өткелдер мен арбаға таңылған мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы баспалдақтарда жаңарту жұмысын жүргізу қажет.
«Біздің мақсатымыз – вокзалға келіп, осында атқарылып жатқан жұмысқа сын айту емес, тұрғындар тарапынан көтерген мәселелердің оң шешімін табу. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту үшін үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз», – деді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
Вокзал өкілдері партиялықтардың сынына жауап ретінде ғимарат өткен ғасырда салынғанын атап өтті. Ал күрделі жөндеу жұмысы биыл тамыз айында жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, мүгедектігі бар адамдарға арналған лифтілер, қызметкерлерді шақыру механизмдері, арнайы демалыс бөлмесі мен дәретхана, индукциялық панельдер ескі болса да штаттық режимде жұмыс істеп тұр.