Жуырда Бурабайда «IQanat OFF-line» телехикаясы түсіріле бастады.
Қанатын кеңге жайған IQanat жайлы телехикая
2,326
оқылды

Мектеп жасындағы оқушыларға арналған аталған көркем туынды мамандық таңдаудың қиындығы туралы болмақ. Сериал IQanat республикалық олимпиадасында жеңіске жетіп, кейін тағдыры күрт өзгерген оқушы Айбол жайлы. Атауы – «IQanat OFF-Line».

Жобаның режиссері – «Жаңғақ ағашы», «Көзіме қара», «Айман мен Шолпан», «Аңшы бала» туындыларымен, сонымен қатар былтыр ғана үлкен экранға жол тартқан «Қаныш. Қазына» деп аталатын фильммен киносүйер жұртшылыққа етене таныс, Пусан кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған Ерлан Нұрмұхамбетов.

Ал сериалдың бас продюсері – IQanat жобасының қамқоршысы Ернар Құрмашев. Телехикаяның премьерасы отандық телеарналардың бірінде және осы жылдың қыркүйегіне жарық көреді деп жоспарланып отыр.

Түсірілімге жауапты мамандар мұның әрі комедия, әрі танымдық бағыттағы хикая болатынына сендіріп отыр.

«Оқиға былай басталады. Айбол деген жігіт ауылдан келіп, осы IQanat мектебіне түседі де, болашақта таңдайтын мамандығын ойлайды. Әр серияда түрлі мамандық таңдайды. Мобилограф боламын дейді, бизнесмен боламын дейді, психолог боламын дейді. Сөйтіп, өміріне қажет болатын барлық мамандықты көреді. Ең соңында қандай мамандық таңдайтыны – әрине, құпия. Келешекте телеарнадан көресіздер», –дейді атқарушы продюсер Аруана Серікбаева.

Сериалдың бас продюсері, IQanat жобасының қамқоршысы Ернар Құрмашев:

«Бастысы сериал арқылы қалың көрермен ауыл оқушыларының тағдырын өзгерте алатын IQanat бірегей жобасымен жақсырақ танысқанын қалаймын. Ауыл оқушылары мен қала оқушылары арасындағы бастапқыда берілетін мүмкіндіктер тең емес екені – баршамыз белгілі нәрсе. Бізге ауыл оқушыларын сәл демеп жіберіп, олардың бойына сенім ұялату керек. IQanat – қазақстандық кәсіпкерлердің жобасы. Бұл еліміздің ауыл оқушыларына қолдау көрсету, оларға білім беруде жаңа мүмкіндіктерге жол ашу сияқты ортақ бір мұратқа жиналған ниеттестердің үлкен әрі берік елдік күші. Мен де солардың қатарына қосылып, сериал идеясын ұсындым. Себебі барынша ауыл балалары, олардың отбасылары осындай маңызды жоба туралы көбірек білуге тиіс», – деді.

Сериалдағы басты кейіпкер Айболдың рөлін Саят Атабаев ойнайды. Бұған дейін мұндай ауқымды жобада жұмыс істеп көрмеген жас әртіс өз рөліне дән риза. Кастинг арқылы іріктеуден өтіп, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған ол рөлі өзіне лайықтап қойғандай сай екенін де жасырмады.

«Түсірілімнің басталғанына бір айдай уақыт болды. Түсірілім қызық өтіп жатыр. Рөлім – осы мектепке түскен Айбол деген бала. 15-16 жастағы 10-сыныптың оқушысы. Өз рөлім маған ұнайды. Себебі мен де осындай жағдайда тап болып, өзімді көп салада сынап көргім келеді», – дейді С. Атабаев.

Телехикаяның премьерасы отандық телеарналардың бірінде көрсетіліп, осы жылдың қыркүйегінде қалың жұртшылыққа жол тартпақ.

Айта кеткеніміз жөн, IQanat – идеясы білім берудегі теңсіздікпен күресуге бағытталған, 150-ден астам қазақстандық кәсіпкер әлеуметтік қолдау көрсететін білім беру жобасы. Аталамыш жоба бұған дейін 55 мыңнан астам ауыл баласына жәрдемдесіп, келешегін жарқын қылған. Оған қоса мектептегі оқушылардың 70-80%-ы көпбалалы және толық емес отбасыдан шыққан. Сөйтіп, IQanat-тың арқасында балалардың 90%-ға жуығы Қазақстан мен шетелдің үздік университеттеріне грантқа түсті. Қазіргі уақытта жобаның түлектері әлемнің 15 елінде таным көкжиегін кеңейтіп, білім нәрімен сусындап жатыр.

Астана – Щучинск – Астана

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.