Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиевтің төрағалығымен партия жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру мәселелері қаралды.
Отырысқа «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, бірқатар ведомстволардың вице-министрлері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, республикалық кеңестің мүшелері мен өңірлік кеңестердің төрағалары, партияның өңірлік филиалдарының басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
«Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру міндеті – «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдылықтардың бірі. Кеңес төрағасы Берік Бейсенғалиев жобаның негізгі мақсатын айта келе, бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
«2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «біз «Ауыл – ел бесігі» жобасын әрі қарай жалғастырамыз» деп атап өтті. Сол тапсырмаларды орындау мақсатында соңғы бес жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру аясында тек республикалық бюджеттен 524 млрд теңге бөлініп, 5 400-ден астам жоба жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту», – деді ол.
Жиын басында Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков ауылдардың бүгінгі ахуалы туралы баяндады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, республикада 6 256 ауыл бар. Әдістемеге сәйкес, даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл (1,2 мың тірек ауыл және 2,3 мың спутниктік ауыл) іріктеліп алынды, онда ауыл тұрғындарының 93%-ы тұрады.
«Биыл ауылдардағы әлеуметтік, инженерлік, көліктік инфрақұрылымды дамытуға республикалық бюджеттен 404,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 425 млрд теңге, басқа да көздерден 20 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар бүгінгі күні мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі негізінде ауылдың цифрлық картасын әзірлеу бойынша, оның ішінде өңірлік стандарттар жүйесін және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын интеграциялау жұмыстары жүргізілуде», – деді ол.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Юлия Кучинская жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстардың кейбірін сынға алып, әсіресе жоспарлау мәселесінде дұрыс жүйенің жоқтығын айтты.
«Бұл мәселелер кеңестің алаңында бірнеше рет талқыланды және айтылған ұсыныстарға қарамастан, екі жылдан кейін де жағдай өзгеріссіз қалып отыр. Меніңше, жоспарлау мәселесі осы жобаны жүзеге асырудағы ең өзекті проблемалардың бірі. Жоба, әрине, ауылдық елді мекендер үшін өте маңызды. Өзгерістер бар, бірақ жүйелі өзгерістер жоқ. Адамдарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру саясатында да олқылықтар байқалады. Өмір сүру жағдайы өте қиын: медициналық қызметтер қолжетімді емес, білім сапасы төмен, интернет жоқ, жол жоқ, облыстық ауруханаға жету мүмкін емес. 2019 жылдан бері, яғни осы бағдарламаны жүзеге асырылған кезеңнен бастап, қанша ауыл толығымен жаңартылды және олар барлық стандарттарға сәйкес келе ме? Өкінішке қарай, мен нақты сандарды көрмедім», – деді депутат.
Сондай-ақ отырыс соңында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің қазіргі ахуалы талқыланды. Өкінішке қарай, кейбір елді мекендерде әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Мәселен, Қостанай облысындағы бірнеше ауыл табиғи апат салдарынан әлі күнге дейін жарықсыз отыр. Өз кезегінде облыс әкімдігі алдағы 10 күннің ішінде Жангелді ауданындағы Ақкөл және Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарына электр қуаты берілетінін мәлімдеді.