Л.Гумилев атындағы ЕҰУ шетелде бесінші Абай орталығын ашты. Енді Татарстан тұрғындары қазақ тілін оқып, ұлы ойшылдың мұрасымен және Қазақстанның бай мәдениетімен таныса алады.
Қазан федералды университетінің базасында Абай атындағы қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ашылды. Оның қызметі қазақ тілін дәріптеуге және Қазақстанның мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған.
«Абай орталығының шетелде ашылуы – еліміз үшін маңызды оқиғалардың бірі. Бұл Абайдың басқа елдердегі көптеген зерттеуі мен танымының бастамасы болады. Мұндай орталықтың ашылуы университеттердің рухани адами құндылықтарды сақтау мен көбейтудегі миссиясын жүзеге асыру, сонымен қатар мәдени байланыстарды нығайтуға қызмет етеді. Қазан қаласында Абай мұрасын насихаттау, бірлескен оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, қазақ тілін оқыту, екі университет арасындағы мәдени байланыс пен ғылым-білім алмасу нығая түседі», – деп атап өтті ЕҰУ Абай академиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір.
Татарстандағы Абай орталығы қазақ мәдениетімен таныстыру мақсатында қазақ тілі курстарын өткізіп, лингвистикалық тақырыптар бойынша жобалар әзірлеуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ бастамасымен ашылған Абай атындағы орталықтар Баку мемлекеттік университетінде, Беларусь ұлттық техникалық университетінде, Иорданияның Петра университетінде және Ереван мемлекеттік университетінде жұмыс істейді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.