Комиссия жұмысы аяқталғанымен, миссия жалғасады

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Қазақ қоғамы үшін қасіретті жылдардың азалы күндерін еске алып, тарихқа тәу етіп, арыстарды ұлықтайтын күн.

Десе де, саяси қуғын-сүргіннің ашылмаған ақтаңдақтары әлі жетерлік. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылдың 24 қарашасында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы құрылып, үш жыл бойы жұмыс істеген еді.

Мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік ке­­зеңдегі саяси қуғын-сүргін құр­бан­дарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті то­лық қалпына келтіру болды. Сол мақ­сатта ең алдымен, зерттеу-із­деу және жинақтау-талдау жұ­мыс­тарына баса мән берілді. Оның қыз­метін үйлестіру үшін Жобалық кеңсе құрылып, құрамына ғалым­дар, зерттеушілер және мемлекет­тік органдардың өкілдері кірді. Түр­лі санаттағы саяси қуғын-сүр­гін құрбандарын қамту үшін нақты та­қырыптар бойынша бөлінген үш ғы­лыми топ жасақталды. Әр өңір­де аймақтық комиссия құрылды. ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарымен айналысқан осы Мемлекеттік комиссия құ­ра­­­мын­да 425 ғалым мен зерттеуші ең­бек етті. Олардың 260-тан аста­мы – аймақтық комиссия маман­да­ры. Қазақстанның түкпір-түк­пі­рін­дегі 60-тан астам мемлекеттік жә­не ведомстволық архивте сақ­талған құжаттарды зерделеген ға­лым­дардың үш жылдық еңбегінің арқасында 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия бе­л­­гісі алынып тасталды. Ме­м­ле­кет­­тік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан ас­там адамды ақтау үшін қол­да­ныстағы заң­нама аясында нақты жұмыс жүр­гізді. Оның қоры­тын­дысын ғы­лыми тұрғыда рәсімдеу үшін жи­налған материалдардың 72 томдық жинағы бір сериямен әзір­ленді.

Бүгінде комиссияның жұ­мы­сын Президент тапсыр­ма­сымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастырып жатыр. Бұл орталыққа арнаулы мем­лекеттік архивтерден реп­рес­сия құрбандарына қатысты 688 мың­нан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы беріл­ген. ХХ ғасырдың 20-50 жылда­рын­­­­дағы саяси қуғын-сүргін ту­ра­лы бұл құжаттар цифрлы форматқа кө­шіріліп, электронды қор қалып­тастырылмақ. Оның бәрі ғалым­дарға, зерттеушілерге және қалың көпшілікке қолжетімді болады. Бы­лайша айтқанда, бұл тек қана бірінші кезең деуге болады. Одан кейінгі кезекте жинақталған ма­териалдар сарапталып, оқулықтар, кинофильмдер түсірілді. «Оян, Қа­зақ!», «Соңғы үкім» сынды көп­те­ген көркем фильм – соның заң­ды нәтижесі. Қазақстан тари­хы­ның көптомдық академиялық жи­нағы әзірленіп жатқаны тағы бар. Бұл жұмыстар өткеннің ақи­қа­тын жақын танып, халқы үшін құр­бан болған арыстарымызды ұлық­тауға және жазықсыз зардап шек­кен азаматтарды ұмытпауға ық­пал етері сөзсіз.

Парламент деңгейінде бекіту қажет

ХХ ғасырдың бірінші жарты­сында халқымыз өз тарихындағы аса ауыр оқиғаларды басынан өт­керді. Миллиондаған адам қуғын-сүр­гін және ашаршылық жылда­ры­ның тауқыметін тартты. Тарихи зұлмат бұрынғы одаққа қараған социалистік елдердің барлығында да болғаны рас. Сол себепті оны зерт­теу әлі де болса жалғаса бер­мек. Десе де, мамандардың пі­кі­рін­ше, нәубетті жылдардың та­ри­хи бағасы өз деңгейінде берілмей келеді.

«Мемлекеттік комиссия бір­ша­ма көп жұмыс істеді. Ендігі ке­­зекте осы жасалған жұмыстар­дың өз қорытындысын дұрыстап шығару керек. «Немен аяқталды?». «Қандай жаңа деректер табылды?». «Қандай тұжырым жасалды?». Со­ны халыққа жария ету керек. Осы уа­қытқа дейін жасалған жұмысты дұрыстап аяқтап, нақты тұ­жыры­мын шығарса, соның өзі жаман бол­мас еді. Осы тұрғыдан алғанда сая­си репрессияға байланысты Со­вет үкіметі мен Коммунистік пар­тияның қызметіне баға беру ке­рек. Оның себептері мен сал­дары ашылып айтылу қажет. Оны мүм­кін болса, Парламентте тал­қы­ға салып, бекіту керек. «Мұндай саясатты жүргізген қандай жүйе?», «Соншалықты залалды саясатты не­ге жүргізген?» деген сұрақтардың нақты жауабы берілуі қажет. Сол халыққа жария етілуге тиіс. Міне, сонда ғана оның тарихи бағасын өз деңгейінде бере аламыз», – дей­ді Мемлекеттік комиссияның мү­ше­сі, тарихшы-профессор Мәмбет Қойгелді.

Оның айтуынша, репрес­сия­ның ашылмай жүрген бір бағыты – ғалымдардың қуда­лануы. Кеңестік билік оларды ға­лым ретінде емес, саяси көзқа­рас­тары үшін қудалады. Осылайша, енді-енді қалыптасып келе жатқан ұлт зиялыларының миссиясы өзгерді. Қазақ қоғамының қандай ба­­ғытта даму керектігін айтып жүр­­ген олар бұл міндеттен біржо­ла­та шеттетілді. Ал шетте­тіл­ме­геніне тек қана орындаушылық мін­дет жүктелді. Осылайша, Қа­зақ елі өз тарихында кеңестік көш­ке ілесіп кете барды. Ұлттық са­бақтастық үзіліп, интерна­цио­нал­ды және таптық идеология алға шық­ты. Ендеше осы тұстағы тари­хи объективтілікті зерделеп, бел­гі­лі бір тұжырымды бағасын беру уа­қыт еншісіндегі мәселе болып қа­лып отыр.

Репрессияның түп-төркіні идеологияда жатыр

31 мамыр – Саяси қуғын-сүр­гін және ашаршылық құр­бан­дарын еске алу күні ретінде 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Өйткені сол жыл – «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жы­лы» болып жарияланған болатын. Со­дан бері мұндағы жұмыстар үз­­­­дік­сіз жалғасып келеді. Осы тұс­та, бұл зұлматқа Кеңес Одағы құ­рамында болған барлық халық пен ұлт­тардың бетке ұстар интел­ли­ген­ция өкілдері ұшырағанын айта кету керек. Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым та­тарлары, Кавказ халықтары жә­не басқа да ұлт өкілдері қоныс ау­дарылып келген. Осы қуғын-сүр­гін жылдарында Кеңес Одағы бойын­ша 953 лагерь болған екен. Қа­зақстанда ГУЛаг-тың 20-дан ас­там лагері орналасқан. Десе де, бұл тек осы уақытқа дейін белгілі бо­лып отырғандары ғана.

«Президенттің Жарлығымен құ­рылған комиссия үш жылда көп жұ­мыс атқарды. Біздің тарихшы ғалымдар суыққа да, ыстыққа да қа­рамай жұмыс істеді. Оның нә­ти­жесін, міне, көріп-біліп отырмыз. Бірақ мұнымен жұмыс тоқтап қал­мауға тиіс. Өйткені 70 жылда Со­вет халқына жасалған репрессия, идеологиялық шектеу, түрмеге қа­мау, ату сынды зұлматтың ауқы­мы тым көлемді. Одан кейін НКВД дегеніміз қылмыскер ме­ке­ме ғой, олар өздері істеген қыл­мыс­тарын көбінесе жасыра білген. Отызыншы жылдары өздерінің қаулыларын өртеп-өшіріп, ізін бір жасырса, 56-шы жылдардағы жы­лымықта тағы да сезіктеніп, көп­теген құжатты жойып отырған. Ал 90-шы жылдары Одақ ыдырағанда та­ғы да соңғы мүмкіндікті пай­да­ланып, маңызды құжаттарды жоқ қылып жіберген. Бірақ қанша жа­сырса да Қазақстанда жоқ құ­жат­тар Мәскеуден, болмаса, басқа да көршілес республикалардан шы­ғып жатыр. Дегенмен оларды табу қиын болып тұр. Сондықтан ол қыл­мыстардың ауқымын ашу үшін әлі де болса көп жұмыс істелуі ке­рек», – дейді Мемлекеттік комис­сия­ның мүшесі, тарих ғылым­да­ры­ның докторы, профессор Бүр­­кітбай Аяған.

Оның айтуынша, Қазақ­стан­да қанша лагерь бол­ға­ны жөнінде де нақты деректер жоқ. Бәрінің ауызында жүрген Кар­лаг пен АЛЖИР болса, онда 26 лагерь болған делінеді. Ал тарих­шы ғалымның өзі тапқан қағаздар бойынша, олардың саны 48-ге жетіп қалуы мүмкін екен. Яки, ке­­­зінде зұлмат жасағандар кез кел­ген ауылдан лагерь аша берген. Әсі­ресе, ұжымдастыру кезінде түр­мелерде орын болмағандықтан, әр ауылдың маңынан жерді қазып, айналасын тікенек сымдармен қор­шап, қарулы күзет қойып, ашық аспан астында түрме жа­са­ған. Немесе мал қамаған қора­лар­ды да осындай мақсатқа пай­да­ланған. Байлардың малын тартып алып, өздерін осындай далалық лагерьлерге тоғытқан. Тұтқын­дар­ды аш ұстап, азаптаған. Мұндай уа­қытша лагерьлер алты ай, бір жыл жұмыс істеген. Мәселен, Зе­рен­­дінің жанында, Ақмоланың маңайында, Шалқар көтерілісі, Ыр­ғыз көтерілісінен кейін Ақтөбе жағында осындай лагерьлер бол­ған. Бұл тақырып бөлек зерттеуді қажет етеді.

«Біз репрессияның шығу се­бебін зерттегенімізде, оның түпкі не­гізі большевиктердің идеоло­гия­сында екенін түсіндік. Олар мар­к­сизм-ленинизм ілімін таң­да­ған. Әсіресе, Маркстің «таптық күрес қоғамды дамытады» деген тұжырымын басшылыққа алды. Со­дан келіп «коммунистік қоғам құ­рамыз» деп қолдарынан кел­мей­тін іске ұмтылды. «Халық жауы» де­ген ұғымды енгізді. Жекемен­шік­ті жойып отырды. Ал шын­ды­ғында, большевиктердің көбі со­нау Лениннен бастап білімсіз бол­ған. Арғы түбі түрмеден шық­қан, өзара «кличкамен» жүрген ра­дикалды топ, сәті туып билікті ба­сып алған. Содан өздерінің ұсы­натын ештеңесі болмағандықтан, Марк­стің еңбектерін іздеген. Сөй­тіп, оның 1848 жылы шыққан «Ком­мунистік партияның мани­фестін» тауып алады. Сол еңбектен «халық жауы», «коммунистік қо­ғам», «пролетариат дикта­турасы» деген «керемет жаңалықтарды» ашты. «Пролетариат диктатурасы» дегеніміз – жұмысшы табының үс­темдігі. Міне олар осылайша тап­тық үстемдікке негізделген идео­логияны жүзеге асыра баста­ды. Ал шындығында, мемлекетте тек қана заң үстемдік ету керек. Өйткені бір тараптың үстемдігі тра­гедияға алып келеді», – дейді Мем­лекет тарихы институтының ди­ректорының орынбасары Бүр­кіт­бай Аяған. 

Осылайша, коммунизм құ­ра­мыз деген ұранмен бүр­кемеленген олар бұратана ха­лық­тың ұлттық кодын жою, зия­­­­­лы­ларын қудалау, таптық алауыз­дық тудыру арқылы жаппай репрессияға жол берген. Оның салдарын біз әлі күн­ге дейін тартып келеміз. Сон­дық­­тан да саяси қуғын-сүргін құр­­бандарын еске алып қана емес, олар­ды ақтау жұмыстары да одан әрі жалғаса беру керек. Мұның бар­лығы түптеп келгенде, хал­қы­мыздың бірлігін бекемдей түсетін, бейбіт күннің қадірін арттырып, өскелең ұрпақтың отаншылдық рухын шыңдайтын қадамдар бол­мақ. Сол себепті бұл күнді дәріптеу, ба­балар рухына тағзым ету, тари­хымызды түгендеу – баршамыздың аманатты парызымыз.

Нұрлан ҚОСАЙ