Ақыртас қаласына қатысты деректер тек болжам мен жорамалға негізделген. Сондай-ақ аңыздармен астасып жатқан тұстары да көп.
Тараз қаласынан қырық шақырым қашықтықта орын тепкен тарихи қалашық өн бойына тылсым құпияларды бүгіп жатыр. Қырдағы қызыл тастар қайдан және қашан пайда болғанын ешкім дөп басып айта алмауда. Тарихи орынды зерттеген қай ғалым болмасын тек болжамды нұсқасын ұсынуда.
Ақыртас жайлы алғашқы дерек, 1 222 жылы Шыңғыс ханның шақыртуымен жолға шыққан қытай саяхатшысы Чин-Чунеленің күнделігінен кездеседі. Ол қойын дәптеріне: «Жол бойында өң қызыл тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қай қырынан қарасаң да тастан қаланған қаланың салынуы мен есептік дәлдік көрсеткіші таңғалдырады. Ежелгі әскери бекініс болған секілді», – деп жазып қалдырған.
Шөлдің ортасынан пайда болған қалашық тастары пішінімен де таңғалдырады. Тарихи деректерге сүйенсек, VIII-IX ғасырларда пайда болған қаланың тастары он ғасырды артқа тастаса да әлі күнге болмысын бұзбай осы күнге жетіп отыр. Осы ерекшелігінің арқасында Ақыртас қаласы 2014 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізбесіне еніп, ерекше қорғауға алынды. Сондықтан мұндағы қазба жұмыстарының құпия тұстары да бар.
Қаланы ел ішінде «Алыптар тұрғызған сарай» деп те атайды. Оған себеп бастапқыда Ақыртаста қаланған тастардың биіктігі 3-4 метрді құраған. Алайда «Түркістан – Сібір теміржол» құрылысы кезінде адамдар тастарды құрылысқа пайдаланып, тауыса жаздаған. Содан қаланың қазір еңсесі біршама басылып қалған. Десе де тастардың бүгінгі пішінінің өзі таңғаларлықтай. Он ғасыр бұрын қазіргідей құрылыс техникаларының болмағанын, барлық жұмыс тек адам күшімен орындалғанын ескерсек, ауыр тастарды қайшымен қиғандай түзу етіп бөлшектеудің артында қандай құпия жатқанын түсіну қиын. Ғалымдардың өзі Ақыртас қаласын тұрғызуда қандай әдіс-тәсіл қолданылғанын таба алмай, еріксіз бас шайқауда. Тіпті, алып қызыл тастардың қалай жеткізілгені туралы да нақты бір байлам жоқ.
Жалпы, соңғы онжылдықтарда Ақыртас қаласын зерттеген ғалым көп. Солардың бірі П.Лерх «Ақыртас салынып бітпеген будда ғибадатханасы» десе, академик В.Бартольд қалашықты «Несториан ғибадатханасы» деген болжам жасаған. Ал археолог Т.Басеновтың жазбасына сүйенсек, Ақыртас салынып бітпей қалған ірі бек сарайының іргесі көрінеді. Тарихи нысанды 1940 жылдан 30 жыл бойы зерттеген академик Пацевич болса: «Мұндай керемет есептерге сүйеніп жасалған құрылыс және блоктарға пайдаланған материалдар бұдан бұрын болған емес. Бабаларымыздың тарихи мақтанышы әрі ғажап ескерткіші – Ақыртастың әлем ғажаптарының қатарынан болуына құны да, құпиясы да, құдіреті де жетеді», – деген ой айтқан.
Ақиқаты ашылмаған жерде аңыз-әпсаналардың қатар жүретіні белгілі. Сондықтан құпия қалашық жайлы ел аузында жүрген әңгіме көп. Соның бірі мына тұрған тастар осы қалашықтың жергілікті халқы дегенді алға тартады. Ақыртасқа жау төнген сәтте қала жұрты Құдайға жалбарынып: «Бізді жауға құл еткенше, тасқа айналдыр!», – деп жалбарынған көрінеді. Содан ел тілеуі қабыл болып, қала халқы түгелдей тасқа айналып кеткен-мыс.
Одан әріден тамыр тартатын аңызға сүйенсек, Адам атаның қызынан Әжі есімді алып туған деседі. Оның бойының биіктігі соншалық – теңіз суы тізесінен ғана келген екен. Бір күні алып Түймекент ханның айдай сұлу қызы барын естіп, құда түсуге барады. Хан алыпқа құрмет көрсетіп, қызын беретінін, алайда қалыңмал орнына тастан қала салып беруін өтінген. Содан болашақ қайын атасының сөзін жерге қалдыра алмаған Әжі тастан қала сала бастайды. Қызу еңбек кезінде ол хор қызындай сұлу болашақ жарын алыстан көріп, басы айналып, аяқ-қолынан әл кетіп, жұмыс істеуден қалады. Бойжеткеннің бетіне тіке қарай алмаған Әжі бұл қылығына ұялып, құрылысты тастап кетіп қалған деседі. Тас қамал сол бойы аяқсыз қалған дейді ел аузында жүрген аңыз.
Тағы бір дерекке сенсек, Ақыртас қаласының астында Тараз шаһарындағы көне Тектұрмас кешеніне жеткізетін жерасты жолы бар екен. Осы жол арқылы Түркістан өңіріндегі киелі орындарға табан тіреп, тіпті Меккеге де жетуге болатын көрінеді. Алайда сол жолды тауып, құпия құлпын ашпақ болған бірде-бір ғалым қайта кері оралмаған. Бұған қатысты зерттеушілер жерастында газдың мол қоры бар деген болжам жасап, жерасты жолына бастайды деген үңгірді бітеп тастаған. Бұл теория өзінің ғылыми дәлелін таппағандықтан оны ғалымдар тек аңызға балайды.
Ақыртас қалашығында жатқан тастар дертке дауа беріп, сырқаттан сауықтырады деп сенетіндер де көп. Сондықтан Ақыртасқа арнайы ат басын бұрып, қызыл тастың үстіне тізе бүгіп, тіпті құшағына қысып отыратындар да аз емес. Келушілер осылайша тастың бойындағы жылуы ауруымызға шипа болады деп сенеді. Ал тағы бір келушілер жүрек түбіндегі тілегіміз орындалады деген ниетпен қалашық жанында өсіп тұрған жасыл желекке ақ мата байлап жатады.
Археологиялық қазба жұмыстары жүргізілгенге дейін Ақыртастың айналасын қалың шөп басып, қызыл тастары жан-жақта шашылып жатқан еді. Қалашық мемлекет қорғауына алынғаннан кейін оның айналасы қоршалып, жарық пен жол жүргізіліп, ғалымдар қаланың бастапқы бейнесін келтіруге күш салды. Соның арқасында бүгінде қалашыққа келуші туристердің қарасы қалың. Ал Ақыртас қаласының қабырғасына қаланған тастар алдан ала өңделіп, оған қоса су жеткізу жүйесінің математикалық дәлдікпен жүргізілгені әлем зерттеушілерін әлі күнге таңғалдыруда.
Қазір әлем ғалымдары Ақыртас қаласының құрылысы мен жұмбағын Ұлыбританияның Уилтшир графтігіндегі «Стоунхендж» кешеніне ұқсатып жатады. Ағылшындар еліндегі бұл нысан да иен далада алып тастармен қаланған қалашық көрінісін тапқан.
Қаланың «Ақыртас» атануының да өзіндік сыры бар. «Ақыр» сөзі «соңғы» деген ұғым берсе, ғалымдар «Ақыртас» «соңғы тас» ұғымынан шыққан деген болжамдарын айтады.
Қалай дегенде де, «Ақыртас» қалашығы әлі талай құпияны қойнауында бүгіп жатқаны анық. Енді оның жұмбағы қашан ашылып, ақиқаты қай кезде топырақтан аршылып шығатыны бір Аллаға ғана аян. Алайда Жамбыл жерінде осында тылсымға толы тарихи орынның орналасуы Әулиеата өңірінің қасиетін арттыра түсетіні анық. Әрі бұл кейінгі ұрпаққа мұра мен өсиет.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы