Маргарита Анатольевна үлкен талант иесі болды.
Белгілі театр актрисасы Маргарита Мухаметдиева өмірден өтті
Фото: М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры
1,718
оқылды

Астана қаласындағы М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының актрисасы, ҚР Мәдениет қайраткері, Маргарита Мухаметдиева дүниеден өтті. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды  Aikyn.kz.  

Актриса небәрі 57 жаста еді. Актрисамен қоштасу рәсімі ертең, 3 маусымда сағат 10.00-ден 11.00-ге дейін М.Горький атындағы МАОДТ ғимаратында өтеді, (Желтоқсан көшесі, 13).

Мұхаметдиева Маргарита Анатольевна 1966 жылы 4 шілдеде дүниеге келген. 1988 жылы А.Алябьева  атындағы Тобольск өнер және мәдениет училищесін бітірді (халық театрларының режиссері). 

Талдықорған қаласының драма театрында жұмыс істеді. 1996 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының театр факультетін үздік бітірді.

1998 жылы ол Астана қаласындағы М.Горький Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының труппасына қабылданды.

«М.Мухаметдиева кейіпкерлерінің бейнесін жарқын, эмоционалды етіп көрсетті. Ол кез келген жанрда: комедия, ертегі, гротеск және трагедиядағы рөлдерін ерекше сомдады. Маргарита Анатольевна үлкен талант иесі болды. Ол өзінің нәзік болмысымен, актерлік шеберлігімен, рөлге терең енуімен, театр өнеріне адал қызметімен ерекшеленді. Ұзақ аурудан кейін Маргарита Мухаметдиева дүниеден озды. Біз оны рухы мықты, нәзік, сүйкімді, әдемі актриса ретінде мәңгі есімізде сақтаймыз», - делінген хабарламада.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.