Бұл картаның іске қосылуы – барлық есірткі саудагерлерінің қорқынышы.
Есірткі қылмысының алдын алатын digital-карта іске қосылды
1,078
оқылды

«AMANAT Tech» хакатонының жүлдегерлері ESBOL QORY-мен бірлесіп әзірленген Astana Hub алаңында есірткі қылмысының алғашқы digital-картасын ұсынды. Картаның пилоттық режимі Астана қаласында тестіленеді және оған кез келген белсенді азамат қатыса алады.

Астанада өткен баспасөз конференциясында ESBOL QORY-ның төрағасы Жандос Ақтаев Мемлекет басшысының «Нашақорлық пен есірткі қылмысымен күрес жалпыұлттық сипат алу керек» қағидатына сай жұмыс істейтінін және картаның іске қосылуы есірткі қылмысының азаюына үлес қосады деп атап өтті.

«Бұл картаның іске қосылуы – барлық есірткі саудагерлерінің қорқынышы. Президент бұл дертпен күрес жалпыұлттық екенін босқа айтқан жоқ, әрбіріміз қоғам үшін – белсенді азамат болсақ та, кәсіпкер болсақ та, атсалысу керекпіз. Жобаның авторы Shalqyma тобына осы жобаны әзірлеуге және іске қосуға көмектесу – біздің тараптан жасалған үлесіміздің бірі. Енді әрбір азамат олардың орындарын белгілеп, у сатуға кедергі жасай алады. Сондай-ақ, бұл жаңа үйге көшкісі келетіндер үшін жақсы құрал болады деп ойлаймыз – аймақтағы қылмыстық жағдайды алдын ала біліп, пәтер сатып алу туралы шешім қабылдау оңайға түседі. ESBOL QORY әрқашан жас бастамаларды қолдауға тырысады, әсіресе олардың қоғамға деген пайдасы зор болса», – деді ол.

Өткен жылы «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанаты және Astana Hub «Amanat Tech» хакатонын өткізіп, онда Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларынан тұратын «Shalqyma» командасы нақты уақыттағы есірткі қылмысын бақылау картасын құру идеясымен жүлделі орынға ие болды. Бұл идеяны ESBOL QORY қолдап, есірткі қылмысының сандық картасын әзірлеуге және іске қосуға көмектесті.

Esbol.kz сайтында карта нақты уақыт режимінде жаңартылатын болады. Кез келген белсенді азамат есірткі қылмысының белгілерін жүктей алады. Бұл картаны іске қосу азаматтық белсенділікті арттыруға және есірткі қылмысының таралуына қарсы күреске бағытталған. Пилоттық режимде карта Астана қаласында тестіленетін болады, ал сәтті сынақтан өткеннен кейін оны бүкіл республика деңгейінде қолдану жоспарлануда.

«Картаны жасау идеясы бізде құрдастарымызға көмектесіп, оларды нашақорлықтан қорғауға деген ұмтылыстан туындады, өйткені нашақорлық дерті жыл сайын жасарып келеді. Біздің жастағы замандастарымыз «закладчик» болуда, бұл қайғылы жайт. Біз «Жастар рухы» ұйымдастырған хакатонында дүниеге келген идеяның ESBOL QORY арқасында жалғасын тапқанына қуаныштымыз. «Shalqyma» командасы қолдау мен тәлімгерлік үшін барлығына алғыс білдіреді», – деді Shalqyma командасының капитаны Айтбай Әлихан.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.