Астанада қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Бас хатшысы Қайрат Сарыбаймен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық форумның көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға, өңірдегі өзара іс-қимыл негізінде тең, бөлінбейтін қауіпсіздік пен жалпы даму идеяларын ілгерілетуге қосқан үлесін атап өткен Қазақстан Қорғаныс министрі қорғаныс ведомствосының АӨСШК-нің әскери-саяси өлшеміндегі сенім шараларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар каталогы мен іс-қимыл жоспарын орындауы туралы хабардар етті.
– Қазақстан Қорғаныс министрлігі жыл сайын өзінің басшылық құрамы мен қару-жарақты бақылау жөніндегі халықаралық шарттарға қатысуы туралы ақпарат жіберіп, өзара сапарлар ұйымдастырып отырады. АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің әскери-дипломатиялық корпусы үшін семинарлар мен дәрістер өткізіп тұрады, – деді генерал-полковник Р. Жақсылықов.
Мәселен, 2022-2024 жылдары Қазақстанның АӨСШК-ге төрағалық ету тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 2022 жылы Бітімгерлік операциялар орталығында әскери-саяси өлшемді дамыту бойынша семинар өткізілді.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов әлемдегі геосаяси оқиғалар мен әскери қақтығыстардың әскери-саяси өлшемнің сенім шараларын іске асыруға теріс әсерін атап өтті.
Сонымен қатар, ол ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери-саяси өлшемнің сенім шараларын одан әрі жүзеге асыру тұжырымдамасының жобасына бастамашы болғанын, оның жұмысы мен талқылауы ҚР Сыртқы істер министрлігімен және АӨСШК Хатшылығымен бірлесіп жұмыс тәртібімен жалғастыруды ұсынғанын айтты.
Талқылау қорытындысы бойынша тараптар Азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты іске асыруға өзара мүдделі екенін білдірді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.